Ұлы даладағы игі дәстүр

497

0

сурет ашық дереккөзден

Кейінгі онжылдықта Алғыс айту күні еліміздегі атаулы күндердің қатарынан өз орнын алды. Бұл мереке бұрыннан тойланып жүрген сияқты болып, өмірімізге тез сіңіп кетті. Мұның түп негізінде Ұлы даладағы игі дәстүрлер – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бауырмалдық, сыйластық жатқандықтан шығар, бәлкім. Оған қоса көктемнің алғашқы күні атап өтілетіндіктен де, адамдардың көңіл пернесін дөп басқан болуы керек. 

Алғыс айту күні әлемнің кейбір елдерінде Ризашылық күні деп те айтылады. Көбінің тарихы тым тереңде, әр мезгілде, әрқалай атап өтіледі. Бірақ барлығын біріктіретін бір жүлге бар, ол – адамдардың бір-біріне деген құрметі, сыйластығы, түсіністігі.

Жалпы ризашылық білдіру, алғыс айту ізгі ниетті танудан басталады. Кең-байтақ қазақ даласы қуғын-сүргін, соғыс жылдары жан-жақтан жер аударылған сан ұлтқа сая болды.  Сталиндік режим 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасыларын қазақ даласына еріксіз көшірді. Туған жерінен жырақтаған жандар қазақ отбасыларынан пана тапты. Жергілікті халық қоржын тамының бір бөлмесін, ас-ауқатының жартысын бөлісті.

Қазақтың ізгі ниетін таныған, дастарқанынан ас ішкен, қамқорлығын көрген ұлттар біздің ата-әжелеріміздің кең пейіліне ризашылығын айтудан жалыққан емес. Әлеуметтік желілерде алғыс білдірген жандардың жүздеген мысалын көруге болады. Бүгінде жер ауып келген, сол кезді көзімен көргендерден ешкім қалған жоқ. Бірақ олар қазақтан көрген жақсылығы жайында ұрпағына айтып кеткен.  

Сондықтан 1 наурыз – Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күнімен орайластырылып, осы мереке бекітілді. Жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және оларға мейірбандық танытқан қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өту ұсынылды.

Қазір байқасақ, Алғыс айту күнінің әу бастағы бағдары өзгеріске ұшырап бара жатқандай. Жұртшылықты жақындастыра түскендіктен шығар, осы күні бір-бірімізге, ата-анамызға, жақындарымызға, достарымызға алғыс айтуға асығатын болдық. Әлем халықтарының Алғыс айту немесе Ризашылық күнін атап өту тарихына зер салғанда, бұл мерекенің діни негізі жоғалып, біртіндеп жалпыхалықтық сипат алғанын байқаймыз.

Дөңгеленген дүниенің әр қиырындағы елдердің салт-дәстүрімен түрленген мереке тағылымға бай. Әсілі «еңбекке, туған жерге, адамдардың бір-біріне ризашылығы ризықты арттырады» деген сенімнің астарында шындық бар. Америкалық фильмдерде жиі көрініс беретін бұл мерекенің тарихына, онда атқарылатын әдет-ғұрыптарға тоқталып өтейік. Алғыс айту күні АҚШ-та  қарашаның төртінші бейсенбісінде басталып, әрі қарай Рождествоға дайындыққа ұласады. Ертесіне бәріміз «Қара жұма» деп жүрген жаппай сатылым науқанына  кезек келеді. Осы тұстағы бір ұқсастық, біздің Алғыс айту күні де алдымен аналар мерекесіне, одан Амал мерекесіне, әрі қарай Ұлыстың ұлы күні – Наурызға жалғасып кетеді. Сөйтіп басы мейраммен басталған наурыз айының соңына дейін той болады.   

Тарихтан аз-кем келтірсек, Американың Массачусетс штатына 1620 жылы келген иммигранттар жаңа жердегі климатқа үйрене алмай, жартысынан көбі суық пен аштықтан қырылып қалған. Сол сәтте жергілікті үндістер көмекке келіп, оларға бұршақ, жүгері, асқабақ және басқа да дақылдарды өсіруді үйретеді. Келесі жылы мол өнім жинаған соң, Жаратқанға алғыс айтуды ұйғарады. Сол күні өздеріне көмектескен тайпа көсемі мен үндістерді сыйлы қонақ етеді де,  осыдан бастап Алғыс айту күні пайда болады.

Қазір бұл – отбасы түгел бас қосатын, көптен көріспегендер дастарқан басында жиналатын күн. Дастарқан мәзірінде міндетті түрде күркетауық еті болады.

Канададағы Ризашылық күні ХІХ ғасырда ұлттық мереке болып жарияланған. Елдің парламенті 1957 жылы қазанның екінші дүйсенбісіне ауыстырды. Мұнда да отбасы түгел дастарқан басына жиналып, халық шерулетіп, жаппай қыдырады. 

Немістер бұл мерекеде мол өнім мен несібе бергені үшін туған жердің жомарттығына алғыс білдіреді. Шіркеулер мен қалалар, әсіресе ауылдар қолдарына жеміс-жидек, дәнді дақылдар, гүлдер ұстап шыққан халыққа толады.

Жапонияда бұл – Еңбекке ризашылық күні. О баста жұмысшылардың құқын қорғау үшін атап өтілген болса, қазір саяси сипаттан ада, ұлттық мерекеге айналды. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, қалжыраған жапон билігі бүкіл бақ та, жақсылық пен дәулет те, тек еңбек арқылы келетінін халыққа осылай ұғындырған. Қытайлықтар Ризашылық күні жиын-терім маусымының аяқталғанына қуанып,  астықты жинап алғаны үшін Айдаһарға алғыс айтады. Ризашылық күні Кариб аралдарына қарасты Гренадада демократиялық билікті қалпына келтіруге көмектескен американдық солдаттарға құрмет ретінде, Батыс Африкадағы Либерияда молшылық сұрау үшін, Голландиядағы Лейден қаласы тұрғындары АҚШ-қа алғаш барған ата-бабаларын ұлықтау үшін тойланады.

Жалпы алғыс айту, алғыс алу, ризашылық туралы бабалардан жеткен тағылымды әңгіме көп. Олардың барлығына ортақ бір түйін бар, ол – алғыс, бата алған адам мұратына жетеді. 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<