Заңдылықты қамтамасыз ету – басты міндет

202

0

Конституция күні – еліміздегі ең басты мерейлі мерекенің бірі. Біздің Ата заңымыз – еліміздің егемендігі мен демократиясын нығайтып қана қоймай,  экономикалық дамуын, халықтың әл-ауқатының жақсаруын, ынтымақ қағидаттарының одан әрі орныға түсуін айқындап беріп отыратын ең басты құжат. Сондай-ақ бұл – терең тарихы бар қазақ халқының қоғамда тәртіп орнату барысында даналықпен ойлап тапқан, заманға сай өзгеріп толыққан, бұлжытпай орындалуға негізделген ережелер жинағы.

Осы ретте Конституцияда көрсетілген барлық міндет-талаптардың орындалуына прокуратура органдары да тікелей жауапты. Өйткені, адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету – прокуратура қызметіне жүктелген басты міндет.

Өркениет жолын таңдаған еліміз үшін, қоғам мен халықтың талабына сай және болашақ ұрпақтың мәнді өмірі үшін өткен жылы референдум арқылы Ата заң баптарының үштен бірі өзгеріп, басты құжатымыз мүлде жаңа сипатқа ие болды. Мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асты.

Бұл игілікті істің барлығы жүйелі, жедел және сапалы жұмыс істеуге жол ашары сөзсіз.

Облыстық прокуратура ықпалымен биылғы жартыжылдықта 7 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды.

Бюджетке 600 млн теңгеден астам қаражат түсірілді. Облыс прокуратурасының үйлестіруімен 4 кәсіпорынның 3 мың қызметкерінің жалақысы көтерілді. Жыл басынан бері 83 мың гектар болатын 120-ға жуық игерілмеген жайылымдық жер учаскесі анықталды. Қабылданған шаралар арқылы 19 мың гектардан асатын 50 учаске мемлекетке қайтарылды.

Кәсіпкерлікті қорғау саласында «Атамекен» және бизнес қауымдастықпен арада диалог орнап, есепті кезеңде 603 кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 33 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Қадағалау актісімен құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша 5,5 млрд теңгенің 22 мемлекеттік сатып алу конкурстық құжаттарынан заңсыз талаптар алынып тасталды. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім берушілерге тең құқықтар берілді.

Конституциямыздың ең бірінші бабында көрсетілген еліміздің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын сақтау – барлығымызға жүктелген ортақ міндет.

Осы мақсатта барлық отандасымыз аянбай қызмет етеді, деген сенімдемін.

Нұрлан Бижанов,

 облыс прокуроры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<