Тамыздың 2-жексенбісі – Құрылысшылар күні. Зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер, сәулет өнерінің теңдессіз туындылары, ауруханалар, мектептер, балабақшалар мен мыңдаған шақырым жолдарда құрылысшылардың еңбек іздері жатыр. Қазір құрылыс саласы жылдан-жылға дамып, сәулетші, жобалаушы, инженер, тас қалаушы, сылақшы, тағы басқа да өз жұмысының майталмандары экономикамыздың өркендеп, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына оң ықпалын тигізуде.
Әуелден адамзат баласымен бірге келе жатқан жасампаз кәсіп – құрылыс. Бүгінде аймақтағы құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. Сонау Қамысқаладан бүгінгідей әсем де көрікті, түрлі әлеуметтік нысандары бой түзеген заманауи облыс орталығы болуы – құрылысшылар легінің мезгілдің ыстық-суығын елемей, күн-түн демей атқарған игі ісінің нәтижесі.
Әлеуметтік нысандар көбейеді
Құрылыс – бұл жай ғана мамандық емес, бұл жасампаздыққа құштарлық. Аймақтың құрылыс саласындағы ауқымды жұмыстарды алға жылжытып, сапасының артуына құрылыс саласы ардагерлерінің өмірлік тәжірибелері де зор үлес қосуда. Олардың бірқатары әлі де құрылыс саласында еңбек етіп, «Ата өнері – балаға мұра» деп жастарға ақылшы болып, ұлағат көрсетуде.
Иә, биыл Сыр өңірінде мемлекеттік бағдарламалар және өзге де санаттағы көптеген әлеуметтік нысан салынбақ.
– «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсек-орынды көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге, – деген болатын аймақ басшысы.
Мұнан бөлек, облыс орталығында 200 төсек-орынды перинаталдық орталық салынады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында да алдағы 3 жылда облыста 15100 орынға арналған, құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп бой көтермек. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.
Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде аймақтың өзекті мәселелері көтерілген еді. Сол жолы Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын болып шешім тапты, бүгінде құрылыс басталды. Жобаның жалпы құны – 7,9 млрд теңге.
Үкімет басшысының алдында көтерілген тағы бір мәселе – сол жағалаудағы көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттама әзірленген. Жоба құны – 6,9 млрд теңге.
Аталған тізімге облыс бойынша 1775 орынға арналған 4 мектептің қосымша құрылысы енгізілген. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады.
Айта кетейік, өңірде өзге де әлеуметтік нысандар салынуда. Атап айтқанда, құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайы» жақында пайдалануға берілмек. Жалпы құны 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығы» желтоқсан айында, ал сол жағалаудағы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығы» 2024 жылы іске қосылады.
Тұрғын үй – халық игілігі
Тұрғын үй саласы да тұрақты дамуда. Биыл Сыр өңірінде 130 мың шаршы метр болатын 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үй құрылысы салынуда.
– Халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы орта құру мәселесі басты назарда. Өңірімізде биыл 1430 пәтерлік 30 тұрғын үй халық игілігіне беріледі, – деді облыс әкімі.
Тұрғын үй салудан бөлек, өңірде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым жүйелерін дамыту жобалары да қарқынды жүзеге асуда. Облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге жұмыстар жасалуда.
2023-2026 жылдар аралығында «Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау» жобасына 12 млрд теңге қарастырылуда.
Өткен жылы 6 ауыл «көгілдір отынға» қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жеткен. Биыл 12 елді мекенді газдандырған соң бұл көрсеткішті 75 пайызға жеткізу жоспарланған.
Терминалдағы еңбек тәртібі
Қаладағы ең танымал құрылыстың бірі – әуежай. Иә әуе қатынасы – облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін негізгі саланың бірі. Осыған орай, «Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен Сыр өңірінде Қорқыт ата әуежайының жаңа терминал құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын бұған дейін де талай жазған болатынбыз. Құны 33 млн АҚШ долларын құрайтын заманауи үлгідегі жаңа нысанның жалпы аумағы 3,9 гектарды құрайды. Жаңа терминалда жолаушыларға халықаралық стандарт талаптарына сай барлық жағдай қарастырылған. Жоба бойынша аталған нысан 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне беріледі. Осында қызмет жасап жүрген құрылысшылардың қатарында өңір азаматтары да баршылық. Жобаның бас мердігері «Elite Insaat» мекемесінің бас администраторы, құрылысшы Рүстем Мелибаев:
– Мен 1991 жылы дүниеге келгенмін. «Сырдария» университетінің түлегімін. Түркістан, Астана, Алматы, Екібастұз, Қызылорда және Ресей қалаларында ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргіздік.
Қазіргі таңда, жаңа терминалдың құрылыс жұмыстарына 300-ге жуық адам тартылды. Оның 35 пайызы қызылордалық. Ал жоба толығымен аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа ғимарат пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіштері бірнеше есеге артпақ. Қазір барлық құрылысшыларға жетекшілік жасап жүрмін, – дейді.
Жаңа әуежай терминалының құрылысы биыл ақпан айында басталған болатын. Нысанның құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес орындалуда. Ауқымды жобаға тапсырыс беруші – «Болат Өтемұратов қоры» жеке қорының қаржыландыру есебінен «Accent Development Solutions» ЖШС. Ал жобаның бас мердігері – «Elite Insaat» және «Ava Construction» ЖШС.
– Бұл әуежай терминалы Қызылорда облысының экономикалық және инвестициялық жағдайын көтеруге оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Жаңа терминалдың құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін әкімшілік балансына толықтай берілетін болады. Әуежай көлемі 7,5 мың шаршы метр болса, терминалдың өзі 2 қабатты болып құрылады. Сондай-ақ, бұл нысанда жолаушыларға жоғары сапалы қызмет көрсету үшін соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылады. Сонымен қатар мұнда халықаралық және жергілікті рейс қатынайды. Мекеме мен құрылысшылар атына кір келмес үшін өте ұқыптылық пен мұқият қадағалаумен жұмыс жүріп жатыр. Себебі біз салып жатқан әуежай болашақ Сыр елінің бренді болады деп ойлаймыз, – дейді Р.Мелибаев.
Әуежайға арнайы барып, құрылыс алаңын аралағанда қызу еңбекті көрдік. Жаңа жолаушылар терминалының ғимараты Қызылорда қаласындағы қолданыста тұрған әуежайдың аумағына жақын орналасқан екен. Бірнеше тілді білетін Рүстемнің түрік, өзбек, орыс тілдерінде сөйлеп, барлық құрылысшының тілін тауып жүргенін байқадық. Қазақшасы да мірдің оғындай.
– Аталған ғимарат ерекше көрікті архитектуралық стильде жасақталды. Сонымен қатар әуежайдағы бірінші қабаттың биіктігі шамамен 8.0 метрді, ал екінші қабаты 6 метрді құрайды. Ғимарат қаңқасы металл құрылымдарымен жабдықталған. Бұдан бөлек, жаңа әуежай терминалында тіркеу орнының аймақтары, жалпы күту залы, билет кассаларының дүңгіршектері, қоғамдық тамақтану орындары, дербес тіркеу тіректері, намазхана, ана мен бала бөлмесі, трансферлік жолаушыларға арналған зал болады, – деді бас администратор.
Айдар САЙЛАУОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<