Жылдан күтер жаңалық қандай?

667

0

Қытай елінің күнтізбесі бойынша Айдаһар (бізде Ұлу) жылы 2024 жылдың 10 ақпанынан басталып, келесі – 2025 жылдың 28 қаңтарында аяқталады. Сол елдің мәдениетінде бұл мифтік жануар бейбітшіліктің, молшылықтың, шынайылық пен табыстың сипаты. Сондай-ақ, бұл жыл  жауын-шашынымен, желімен ауа-райына қолайлы, егіннің өнімділігіне оң әсер етеді. Тіпті бұл жануардың жалпы әлемді жаңғыртуға, дамытуға да ықпалы бар деседі. Қытай халқының ұғымында мәңгіліктің тұмары саналады.

Шығыс жұлдызнамасында бұл атаулы жыл алтын, су, ағаш, от және жер секілді бес элементпен тығыз байланысты. Ал 2024 жыл – ағаш айдаһар (ұлу) кейпінде, яғни, өсу, даму, табысқа жету деген сенім бар. Ағаш жасыл түс болғандықтан бұл – тыныштық, жайлы өмірдің белгісі.

Ұлу жылы кімнің жолы болмақ?

Жылдың ережесі бойынша ең бастысы, әрбір адам өзіне сенімді болуы керек. Өз мақсатын айқын белгілеп, соған сеніммен қадам басуы қажет. Әрине, бұл жерде өлермендік (наглость) пен сенімділіктің үлкен айырмашылығы бар. Осыны есте сақтау керек. Неге десеңіз, айдаһардың ашуына тиіп кетпегеніңіз жөн. Сонымен қатар, бұл жылда ғаламат оқиғалар болуы ғажап емес. Ол үшін көптен күткен арманыңызға жетуге күресе біліңіз. Қытай жұлдызнамасына қарасақ, әсіресе, Тышқан, Мешін, Тауық жылы туғандар үшін табысты жыл болмақ. Ал Торпақ, Жылан, Ит жылы туғандар жеке өмірінде немесе жұмыс барысында кедергілерге жолығып қалудан абай болғаны жөн. Сондай-ақ, Айдаһар (Ұлу) жылы дүниеге келгендер ерекше ыждаһатты болғаны дұрыс. Өйткені олар үшін сәттілік пен сәтсіздік қатар алмасып келеді.

Бұл жылы қандай танымал тұлғалар дүниеге келген?

Деректерге зер салсақ, бұл жылы жаны жайсаң, ақылды да зерек адамдар дүниеге келеді екен. Осындай дара болмысымен ел жадында қалған тұлғалар өте көп.  

Ұлу жылы туған ұлы тұлғалардың қатарында әйгілі философ, математик Омар Хайям, атақты жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы Эдгар По, әйгілі қаламгерлер Льюис Кэрролл, Дж.Р.Толкиен, Иосиф Бродский, Максим Горький бар екен. Сондай-ақ Фридрих Ницше, Фридрих Энгельс, Освальд Шпенглер, Жан-Жак Руссо, Иммануил Кант сынды әйгілі философтар – осы жылдың тумасы.

Қазақта да талай жақсы-жайсаң ұлу жылы дүниеге келіп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлесін қосқан. Айталық, энциклопедист-ғалым Жүсіп Баласағұн, ғұлама Әнет баба, Қарасай батыр, Шал ақын, күйші Дәулеткерей Шығайұлы, күйші Абыл, қазақтың алғашқы режиссері Жұмат Шанин, археолог-ғалым Әлкей Марғұлан, белгілі композитор Ескендір Хасанғалиев осы жылы дүние есігін ашқан деседі.

Дайындаған Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<