Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

6

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті қауым!

Жаңа ғана сөз сөйлеген Құрыл­тай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты. Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасулар болды. Барлығы еліміздің дамуына қажетті боларына сенемін.

Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл форумның алғашқы оты­рысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұр­тының қара шаңы­рағы – Түркіс­танда болды. Үшінші отырыс біре­гей Атырау аймағында ұйым­­дас­ты­рыл­ды. Ал былтыр та­ри­­хы бай Көк­шетау төрінде жинал­дық.

Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Бар­шынкент қала­ла­рының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өр­кениеті болғанын аңғартады. Қызыл­орданы сол әйгілі қала­лар­дың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды.

Жалпы «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата  заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күй­шілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нар­тай сынды саңлақтар негізін қа­лаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі.

Сыр бойы – нағыз еңбек адам­дары­ның мекені. Кеңес заманында осы ай­мақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен ең­бектің символына балайды. Аға буын­ның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жал­ғастырып келеді.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өр­кендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асы­рылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерек­ше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен ин­вестордың қар­­жысына салынды. Жылу орта­лығы аймақтың энергети­ка­лық қауіп­сіздігін нығайта түседі. Облыс тұрғындары сапалы ауызсумен қам­тамасыз етілді. Халықтың 80 па­йы­зы «көгілдір отынды» пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұ­мысы алдағы уақытта жалғаса береді.

Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және теміржол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа тер­ми­налы ашылды. Қызыл­орда қала­сын­дағы тарихи ғи­мараттың бірі – теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір­жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұ­ның бәрі облыстың логис­тикалық әлеуетін арттыра түседі.

Қазір Қызылорда облысында, әсіре­се, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тап­сырмаммен Қызылордада 300 орын­ға арналған көпбейінді ауруха­наның құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.

Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды да­муда. Облыстың жағдайы жалпы жақ­сы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың бел­­сен­ді, табанды жұмысының нәтижесі.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Өткен ғасырдың ортасында адам­зат баласы алғаш рет «Бай­қоңыр­дан» ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда.

Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы ха­лыққа Жолдауымда айттым. Жыл­дар бойы жүргізілген жұмыстың ар­қасында Солтүстік Аралды құт­қарып қалдық. Қашқан теңіз қай­тып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір «Көкарал бөгетін» биіктету ша­ра­лары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында бас­талады. Кіші Арал­дың суының көлемін айтарлық­тай көбейтуге мүмкіндік болады.

Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзен­дердің көбі бастауын көрші мем­лекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су сала­сындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жа­салды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түр­де айналысуымыз керек. Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жыл­жытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықара­лық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қал­пына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз. 

Бүгінгі басқосуға Сыр елінің азаматтары қатысып отыр. Олар­дың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкіл­дері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және жастар бар. Осы орайда, жер­гілікті халықтың еңбек­қорлығы мен ұйым­шылдығын атап өткім келеді. Мен Сыр елі жұрт­шылығының бо­йынан туған жерге деген сүйіс­пен­шілікті, қамқорлық пен жанашыр­лықты, нағыз отан­шылдықты көремін. Облыс орта­лығымен қатар, әр ауыл­дың таза­лығы көз тартады. Мысалы, Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүремін. Сіздер осы аймақпен қатар, күллі еліміздің дамуына үлес қосып келесіздер.

Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр эко­номи­камыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша ре­кордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард дол­ларға ұлғайды. Алтын-валюта қоры­мыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің эко­но­микадағы үлесі 40 пайызға жа­қындады. Халық саны 20,5 мил­лионға жуықтады. Азамат­тар­дың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті.

Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды. Осы ретте, Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғаны сөзсіз. Төрт жылда Құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген ма­ңызды бастама көтерді. Ұлттық құ­рылтайда айтылған ұсыныстардың не­гізінде 26 заң қабылданды. Осы­ның өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Әйелдердің құқығы мен балалар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудо­ма­нияға, яғни ойынқұмарлыққа және наша­қорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика сала­сындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәр­тебесі арта түсті. Бұдан бөлек, біз ұлт­тың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тос­қауыл қоятын болдық.

Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыздар. Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек.

Қадірлі қауым!

Мемлекеттік саясаттың страте­гия­лық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаң­ғырмаса, реформалар ойдағыдай нәти­же бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік акаде­миялық балалар мен жас­өс­пірім­дер театры да жаңғыртылады. Бұдан бө­лек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді.

Музей ісін дамыту – маңызды мін­деттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану му­зейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен кел­генде мұражайды аралап көрдім. За­ман талабына сай салынған орта­лық­­та музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжіри­бені басқа облыстарға үлгі етуге болады.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құры­лыс­ты бастауымыз керек. Өткен сапа­рымда мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүр­гізіледі.

Қазіргі таңда жастар арасында Қазақстан өрлеу кезеңіне қадам басты деген пікір бар. Жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті ин­дустрияны дамытуға зор үлес қосуда. Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайтын болды. Кино саласы да дамып жатыр.

Жас ұрпақтың ұлттық бірегей­лігімізді өнерімен айшықтап, ұлты­мызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жа­сам­паздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құнды­лықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлем­ге таныту туралы бастамалар кө­терілді. Соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар ше­жіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Рес­публикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәді­герлер аз емес. Мысалы, таза ағаш­тан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шебер­лерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы «Вознесенск кафедралды шіркеуі» де айрықша тари­хи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағи­да­ты­ның іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқы­мыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облы­сындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құн­ды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүр­леріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Сондай-ақ Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмы­сы­мыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшыл­дың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне ен­гізуіміз керек.

Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен, өзіміз үшін керек. Олардың мұралары – біздің рухани-фило­софия­лық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн.

Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау. Осы ретте, кейбір Құрылтай мүшелерінің фило­софия, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту және қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптом­дығын әзір­леу туралы ұсынысын атап өтуге болады. Сондай-ақ олар ғылыми меке­мелердің зерттеулері онлайн плат­форма арқылы бәріне бірдей қол­жетімді болуы керек екенін айтты.

Жуырда Астана мен Алматыда Президенттік кітапханалардың құры­лысы басталады. Меніңше, бұл ны­сандар тек кітаптар жиналған жер емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идео­логиялық дербестігіне және бола­шағына тікелей қатысты мәселе.

Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифр­лық мұра» қорын құру идеясын қол­даймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материал­дарын, мұражай қорларын және өнер туын­дыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді тү­сіру жұмыстары аяқталады. Мен осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен Құрылтай отырысын­да айттым. Көп сериялы фильмнің тұ­сау­­кесері беделді халықаралық плат­­­формаларда өтеді. Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ осындай тарихи та­қырыпқа келгенде тартымды, көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-ма­ғынасы терең болуын ойлас­тыру қа­жет. Сондықтан менің тапсыр­мам­мен мамыр айында Алтын Орда тари­хына арналған халықаралық сим­по­зиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлем­нің беделді ғалымдары шақы­рылады.

Біз тұтас түркі өркениетін зерде­леуге де баса мән береміз. Қыркүйекте ресейлік әріптестерімізбен және басқа да елдердің өкілдерімен бірге «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» деген халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бес жыл бұрын менің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалам жарық көрді. Онда қазіргі заманғы ғылыми тәсілдер негізінде төл тарихымызға арналған жаңа академиялық еңбек жазу туралы тапсырма бердім. Осы ауқымды әрі іргелі зерттеу жұмысы жыл соңына қарай аяқталады. Қазақ­станның академиялық тарихының кө­лемді жеті томдығы жарыққа шығады. Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығайтуға және ұлтымыздың біртұтас тарихи сана-сезімін қалыптастыруға қосқан қомақты үлесіміз болмақ. Осы маңыз­ды ғылыми жинақ Тәуелсіз­дігіміздің 35 жылдығына орай шыққалы отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз бұл тарихи белесті дәл осындай нақты істермен атап өтуіміз керек. Өткенді ұмытпай, болашаққа сеніммен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Сондай-ақ ұрпақтың отан­шылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұштасады.

Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауап­кер­шілігіңді сезініп, перзенттік пары­зыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншыл­мын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ.

Қазір қоғамда «Қазақстанның мем­лекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мә­селе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ере­желермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайда­ла­натын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіре­се, шетелдегі спорттық және іс-шара­ларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.

Қазақстанның аспанмен астасқан көк туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спортшылары жарқын жеңісімен, ға­лымдары іргелі еңбегімен, өнер­паз­дары тамаша дарынымен Отаны­мызды жер жүзіне танытып жүр. Әр аза­матымыздың жетістігі – Қазақ­станның жетістігі, әр өреніміздің абыройы – барша қазақтың беделі. Біз туған жерге жанашырлығын, туған елге адалдығын нақты іспен көрсететін нағыз патриот азаматтарды қол­дауымыз қажет.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Жасампаз отаншылдықтың негізгі қағидаттары өмірдің өзінен алынған деуге болады. Мысалы, «Таза Қазақ­стан» жалпыұлттық акциясына, волон­терлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға белсене қатысу – жауап­кершілікке негізделген жасампаз отан­шылдық көрінісі. Бұл жайында бүгін депутат Сабильянов өте жақсы айтты.

«Таза Қазақстан» – ұлттық идео­ло­гиямыздың ажырамас бөлігіне айнал­ды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтиже­сі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың сана­сына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.

Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішінде зауыттарда, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау ұйымдарында, мек­тептерде, университеттер мен ғылыми зертханаларда, мемлекеттік мекеме­лерде, жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген адамдардың білікті әрі табанды еңбегін, әскери борышын өтеп жүрген және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін азаматтарымыздың Отанға адалдығын жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық деуге болады.

Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәр­тіптің мекені, еңбекқор адамдардың елі болуға тиіс. Заң үстемдігі мен жасампаз еңбек жоғары тұрмыстық мәдениет идеологиясымен астасып жатуы керек. Осы қағидаттар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналады. Осындай басты құндылықтар мен өмірлік ұстанымдар әр адамның бойына отбасынан, мектеп қабырғасынан дариды. Сондықтан біз іргелі институттарды күшейтуге баса назар аударуымыз керек.

Түрлі саяси авантюристердің ұлттық құндылықтарымыздың өзегіне балта шабуына, жастарды «жаңалық» болып көрінетін жат құндылықтарға еліктіріп, адастыруына жол бермеуге тиіспіз. Менің нені меңзеп тұрғанымды бәріңіз түсінген шығарсыздар деп сенемін. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарын қорғауға, елді іштен ірітетін зиянды нәрселерді, турасын айтсақ, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қоюға міндетті.

Қоғамымызда ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, некесін мемлекеттік мекемеде ресми түрде тіркейтін дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыдан нығайта түскен жөн. Бірақ мемлекеттің моральға қатысты ресми ұстанымына сай келмейтін көзқарасы үшін біреуді қылмыстық қудалауға, моральдық жағынан кемсітуге еш жол беруге болмайды. Ал мемлекеттің ұстанымын «Әр азаматтың таңдау құқығы бар. Алайда ешкім өз таңдауын біреуге күштеп таңа алмайды» деген форму­ламен түйіндеуге болады. Біздің мем­ле­кетіміз барлық азаматтың құқығы мен бостандығын, ар-намысын табан­дылықпен қорғай береді.

Шымкентте Нұрай есімді бой­жеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрыл­тайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды.

Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс.

Құрметті Ұлттық құрылтай мүшелері!

Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасам­паздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін. Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стра­тегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санаймын. Біз өте қауырт дәуірге қадам бастық. Бұл адамдардың үйрен­шікті өмір салтын бұзады, сана-сезімін өзгертеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект түбегейлі жаңа орта қалыптастырады. Онда әбден орнығып қалғандай көрінетін ұғымдар мен тәжірибелерге мүлдем орын жоқ. Жаһандық цифрлық экономика дә­уірінде мемлекеттердегі халық саны бұрынғыдай аса маңызды болмай қалатын сияқты. Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті, жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады.

Біз білім, ғылым және жоғары тех­нология саласына қомақты инвес­тиция салатын болдық. Себебі адам капи­талының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел да­муы­ның қазіргідей тарихи, бет­бұрыс­ты кезеңінде халқымыздың бола­шағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бас­тысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәде­мен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлең­кесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жал­ған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.

Цифрландыру және жасанды интел­лект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орын­дауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұ­мыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арт­тыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек.

Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр

Дегенмен, басқару ісінде белең ал­ған берекесіздікті озық техно­логиялар өз бетімен жойып жібере алмайды. Мұны жете түсінген абзал. Жұмыс әуел бастан дұрыс жолға қойылмаса, бірін-бірі қайталайтын міндеттер көбейіп, қағазбастылық шаруаға ке­дергі келтіре берсе, жасанды интел­лектіні енгізу арқылы бәрін әп-сәтте жөнге келтіремін деу – бос әурешілік. Сондықтан цифрлық өзгерістер стра­тегиясын жүзеге асыру үшін алдымен басқару жүйесін реттеп алу қажет. Осыған орай, шұғыл міндет туындап отыр: мемлекеттік сектордағы жұ­мысты ұйымдастыру мәдениетін жақ­сартып, оған басқару саласындағы озық тәжірибелер мен құзыреттерді енгізу керек. Цифрлық шешімдердің және жасанды интеллект техно­логия­сының көмегімен барлық саладағы мемлекеттік басқару ісінің сапасын арттыруға мол мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдаланған жөн.

Жоғары технологияға негізделген, энергияны көп қажет етпейтін жаңа экономика құру үшін, ең алдымен, мықты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Логистика саласында алдымен көрінген жерге қойма салынып, содан кейін ғана оған аса маңызды инже­нерлік жүйелер тартылып жатады. Осындай қателіктерге жол бермеу керек. Оның үстіне, мұндай нысандар бәріне бірыңғай талаптарға сай келе бермейді. Соның салдарынан шығын көбейіп, ауқымды жұмыстың мән-маңызы жоғалады. Бұл – басқару ісіндегі сауатсыздықтың көрінісі. Сондықтан мұқият ойластырылған әрі ортақ ұстаным болуы қажет. Барлық ІТ инфрақұрылымның сенімді, үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қуат­ты дата орталықтар салуға ар­налған арнайы аймақтарды алдын-ала анық­тап алу керек. Деректерді талдау орта­лықтарын дәл сондай жерлерге салу қажет. Мұндай орталықтарда қуат көздері, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және салқындату жүйесі болуға тиіс.

Үкімет Павлодар облысының әкім­дігімен бірге Екібастұз бассейнінің энер­гетикалық қуатын пайдалана оты­рып, «Деректерді өңдеу орталығы алқа­бын» жасауды жоспарлап отыр. Бас­тама жаман емес, оның қаншалықты табысты жүзеге асырылатынын көре жатармыз. 

Біз атом стансаларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосуды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ дата-орталықтар метал­лургия комбинаттары сияқты көп мөлшерде энергия тұтынатынын қаперде ұстаған жөн. Сол себепті, қуат көздерінің жеткілікті болуын қамта­масыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс. Қазақстанда 123,1 миллиард киловатт-сағат көлемінде электр қуаты өндіріледі. Барлық жоспарымызды табысты орындауға бұл жеткіліксіз. Мен мұны Қауіпсіздік Кеңесінің жа­қында өткен отырысында нақты атап өттім. Басқаша айтсақ, біз еліміздің әлемдік бәсекедегі артықшылықтарын тиімді пайдалана алмай отырмыз.

Қазақстанның 33 миллиард тоннаға жуықтайтын орасан зор көмір қоры бар. Қазіргідей қарқынмен өндіре берсек те, көмірдің қоры 300 жылға жетеді. Елімізде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өн­діріледі. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемле­кеттердің қатарына кіреміз. Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Президент Трамп «Маған жел емес, көмір ұнайды» деп дұрыс айтады. Мұнда ақиқат бар. Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын.

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орта­лық­тарының құрылысын тездету қажет. Оның қай-қайсысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе шешімін таппай, тым созбалаңға түсіп кеткенін мойындау керек. Ал жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмы­сына сын-ескертпе айтамын.

Курчатовтағы электр станциясы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС-тің қо­сымша энергоблоктарын уақтылы іске қосу, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастау қажет. Энергетика жүйесінің орнықты болуын қамтамасыз ету үшін теңгерімді қуат көздерін тезірек іске қосу қажет. Бұл – ең алдымен газдан қуат өндіруге қатысты мәселе. Жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ өндіру ісінің әлеуетін арттыру керек. Өкінішке қарай, көгілдір отын өндірісі экономикамыздың күн өткен сайын өсіп бара жатқан сұранысын өтей алмай келеді. Былтырдың өзінде тауарлы газ импорты 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард текшеметрге жетті. Соған қарамастан, жаңа газ кеніштерін ашу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Бұл – тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары. Қазіргі ерекше жағдайда бұған мүлдем жол беруге болмайды. Мен QazaqGaz басшылығына жеке қаражат есебінен және инвесторларды тарту арқылы болашағы зор учаске­лерді игеруге кірісуді тапсырдым.

Үкімет «Самұрық-Қазына» қоры­мен бірге геологиялық барлау жұ­мыс­тарын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерінің игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Газ өңдеуге қатысты ірі жобалардың дер кезінде іске қосылуын қатаң бақылауға алған жөн. Бізге құр ниетті ғана танытатын құжаттар емес, нақты нәтижелер керек.

Энергетика жүйесінің тұрақты­лығын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды резерв – еліміздің су ре­сурстары. Оның әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр. Ашығын айтсақ, осы аса маңызды бағыттағы жұмыстар бей-берекет жүргізіліп жатыр. Елі­міздің қолда бар су қорына шұғыл түрде нақты бағалау жасаған жөн. Өйт­кені кеңес заманынан қалған мәлі­меттер әлдеқашан ескірді. Ғылым акаде­миясындағы ғалымдарымыз қай­да? Олар неліктен осы уақытқа дейін еліміздің су қорына қатысты баға бермеген? Қазақстанның су-энер­ге­тика ресурстарын шынайы көрсететін карта әзірлеу қажет.

Уақыт күтіп тұрмайды. Бұл құжат­тарды әзірлеу жұмыстары гидро­энергетиканы жедел дамытуға кедергі болмауға тиіс. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры кейбір гидротехникалық нысандардың тиімділігін арттыру үшін оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешуі қажет.

Көлік-логистика кешеніне де баса назар аудару керек. Оны дұрыс дамытпасақ, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін емес. Қазақстанның орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Алайда, осы әлеуетті толық пайдалану үшін қыруар шаруа атқару керек.

Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мыңдаған шақырымдық автокөлік жолдары мен темір жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Басты бағыттардың талапқа сай емес тұстары ретке келтірілуде. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құрғақ порттар жаңғыртылып, кей жерде жаңадан салынып жатыр. Мультимодальды тасымал түрі де дамып келеді.

Автокөлік тасымалы саласы да аса маңызды. Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екін­шіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады.

Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым.

Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұ­рылымдық жобалар басталады. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады.

Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құры­лысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құры­лысы қолға алынады. Барлық жұмыс­тың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орта­лығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі.

Автокөлік жолдарымен қатар темір жол инфрақұрылымын да кеңейтіп, жақсарту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл – тасымал жолдарының өзара байланысы тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші же­лісі іске қосылды. Алматыны айна­лып өтетін темір жол құрылысы аяқталды. Мұның бәрі еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай көтерді. Биыл «Қызылжар-Мойынты» және «Дар­база-Мақтаарал» теміржол желі­лері салынады. Сондай-ақ «Алтынкөл-Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» бағыттары бойынша темір­жол учас­келері жаңғыртылады.

Әуе жолдарын дамыту ісі Қазақстан үшін өте маңызды. Жаңа халықаралық рейстерді іске қосу қажет. Бұл – эко­номикалық мәселе ғана емес, азамат­тары әлемді емін-еркін аралайтын ашық қоғамы бар мемлекет екенімізді білдіретін қадам.

Еліміздің аумағында оннан астам халықаралық көлік дәлізі бар. Бұл – оң үрдіс, оны барынша дамыту керек. Дәл осы кезде Қазақстан өзін халықаралық көлік-транзит дәлізі ретінде танытуға тиіс. Жаһандық логистика картасынан лайықты орнымызды иелену үшін жүйелі жұмыс және айқын іс-қимыл стратегиясы керек.

Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасымалдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еуразияның әуемен жүк тасы­малдайтын орталығы бола алмай отыр­ғаны – кешірілмейтін қателік, қа­ра­­пайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мем­­ле­кеттік әуе компаниясын құру бары­­сында қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қа­зақ­­­стан темір жолы» компаниясына жүк­теді. Егер Үкімет тапсырманы орын­­­дауға қауқарсыз болса, бұл жұ­мыс­ты жеке құрылымдарға өткізіп беріңіздер.

Таяуда өткен кеңейтілген кеңесте авиаотынның қымбаттығы осы сала­ның дамуына кедергі болып отырғаны айтылды. Оның бағасы тым қымбат, көрші елдердің әуежайларындағы бағамен бәсекелесе алмайды. Өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, «қара алтыны» жоқ мемлекеттермен авиа­керосин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз. Бұл ақылға сыймайды ғой?! Осы ретте, еліміздегі танымал экономистерге де, энергетиктерге де айтар қатаң сын-ескертпем бар. Кадр­лық шешім қабылдау қажет болуы да мүмкін.

Біздің басты стратегиялық мақ­сатымыз – экономиканың сапалы өсу қарқынын бәсеңдетпеу. Сол үшін инфля­цияны төмендетуге қатысты жұ­мыстар қолға алынды, жаңа инвес­тициялық кезең басталғаны жария­ланды. Басқа да шешімдер қабылданды. Экономика және бизнес саласы жаңа салық режиміне көшіп жатыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзге­рістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың ойға қо­нымды, сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Салық кодексі қасиетті кітап емес.

Қоғамда өзгерістер жасаған кезде халықпен тиімді байланыс орнату аса маңызды. Азаматтардың өтініштеріне қатысты жүйелі жұмыс жүргізу халықтың тыныс-тіршілігінен хабар­дар болып, олардың талап-тілегіне уақытылы жауап беруге жол ашады.

Соңғы кезде маған жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетін болды. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда мен бұған қатысты өз ұстанымымды айттым. Білім сала­сын мемлекет тарапынан қаржы­лан­дырудың қазіргі тәртібі бұрмаланған. Бұл олқылықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты құқықбұзушылықтар анықталды. Бұл түйткіл жан басына сәйкес қаржы­ландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр.

Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржыландырудың нақты кри­терий­лерін әзірлеу керек. Осы орайда орта білім беру жүйесін дамыту ісінде бизнес саласы маңызды рөл атқа­ратынын ескерген жөн.

Мұндай, тіпті бұдан да зор мәселелер денсаулық сақтау саласында да туындап отыр. Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көп­теген заң бұзушылықтар мен қызмет бабын асыра пайдалану жайттары анықталды. Мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылған, өтірік мәліметтер енгізілген.

Бүкіл ел экономикамызды өркен­детіп, инфрақұрылым жобаларын жү­зеге асыру үшін бар күш-жігерін жұ­мыл­дырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсуде. Меди­цина саласын дамытуға мемлекет 2024-2025 жылдардың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді емес пе?! Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 миллиард доллар деген сөз.

Мемлекеттің білім беру және ден­саулық сақтау саласына жұмсап жат­қан қаржысы, ең алдымен, азамат­тары­мыздың тұрмыс сапасын арт­­­­­тыруға арналатынын және Әділетті Қа­­зақ­­станды құру стратегиясымен ұш­та­­сып жатқанын түсінген абзал.

Құқық қорғау органдарына сыбай­лас жемқорлықтың қитұрқы амал-айласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтау тапсырылды. Мен Үкіметтің Әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру қорын Қаржы ми­нистр­лігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшы­ларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан Қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патриотизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мем­лекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді.

Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төн­діруге айналды. Медициналық сақтан­дыру қорында қомақты қаржы қолды болса, сол уақытта «Жедел жәрдем» қызметкерлері мен фельдшерлер алаяқ­­­тардың арбауымен наразылық ак­ция­­­сына шығады, әлеуметтік талап­тар қояды.

Біздің азаматтарымыз алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Көптеген адам адал еңбекпен тапқан табысынан айырылуда. Алдауға сеніп, қылмыстық қаржы операцияларының қақпанына түсіп жатыр. Әлемде иммиграциялық алаяқтық та қатты ушығып тұр. Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын баршаңыз көріп-біліп отырсыздар. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Себебі уақыт өткен сайын Қазақстан шетелдіктердің жұмыс істеуіне және тұрақтап қалуына қолайлы елге айналып келеді. Құқық қорғау орган­дары Қазақстан аумағында шетел­діктердің тұрақты тұруын заңдастыру үшін заңсыз құжат әперумен айна­лысқан алаяқтардың қылмысын әшкереледі.

Экономикалық немесе әлеуметтік саладағы алаяқтық қылмыстарға қарсы күресті күшейту қажет. Сондай-ақ ұсақ бұзақылардан, вандалдар мен ұры­лардан бастап, ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ мүшелеріне және қоғам­ның тыныштығын бұзғысы келетін арандатушыларға дейін, қысқасы, заң мен тәртіпті бұзғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қажет. Бұл – өте өзекті әрі ең басты міндеттің бірі.

Цифрландыру үдерісі барлық жерде жаппай жүргізіледі. Сондықтан дербес деректерді заңнамалық тұрғы­дан қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек.

Тағы бір өзекті мәселе – халық­ара­лық ахуал шиеленісіп тұрған заманда стратегиялық экономикалық серіктес­терімізбен тиімді байланыс орнату. Біздің ұстанымымыз айқын: Қазақстан экономикалық интеграцияны қол­дайды, осы үдеріске белсене атсалы­сады. Бірақ бұл ықпалдастық біздің мүддеміз тұрғысынан қарағанда әділ болуы керек. Биыл Қазақстан Еуразия экономикалық одағына төрағалық етеді. Біз еуразиялық ықпалдастықтың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне басым­дық береміз. Саудадағы кедергілерді жою, негізсіз протекционизмге қарсы күресу жұмыстары жалғаса береді. Мә­селен, еліміздің ауыл шаруашылы­ғы өнімдерін өңдеу саласы орынсыз қысымға ұшырап отырғанын қалыпты жағдай деуге болмайды. Еуразия эконо­микалық одағының құрамындағы мемлекеттердің субсидия берілетін өнімдері көбейіп кеткендіктен, отан­дық тағам өнеркәсібінің өкілдері өнім өндіруді азайтуға мәжбүр. Ал бұл – біз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мә­селесі. Сондықтан интеграцияның әділ жүргізілуі қажет екенін айтып отырмын.

Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін барынша белсенді жұмыс істеуге тиіс. Тараптардың мүддесі әділ ескерілетін орта тұсты тауып, Қазақстанның ұста­нымын дәйекті, кәсіби түрде қорғау қажет. Сонда ғана экономикамызды халықаралық нарықтағы бәсекеге барынша қабілетті ете аламыз.

Қымбатты жиынға қатысу­шылар!

Біз мүлде жаңа құбылыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура келеді. Басқаша айтсақ, бұрын мүмкін еместей немесе адам сенгісіз көрінетін нәрселер қазір қалыпты жағдайға айналуда. Халық­аралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айрылып жатыр. Дүние жүзінде сенім дағдарысы күшейе түсті. Әлемде әскери шығындар рекордтық деңгейге, яғни үш триллион долларға жетті. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы еселеп өсуі мүмкін.

Күн өткен сайын өрши түскен милитаризация халықаралық қоғам­ның әлемде әділ тәртіп құруға ба­ғытталған күш-жігерін жоққа шығарып жатыр. Осындай күрделі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта түседі. Ол барынша теңгерімді болып, мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы керек.

Жалпы, дипломатияда бұрыс ше­шімнің салдары өте ауыр болады. Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын толмас нұқсан келуі ықтимал. Бізге бұл жағдай жақсы таныс. Экономика саласында бір жос­парды немесе тұжырымдаманы басқа бір бағдарламалық құжатпен алмас­тыруға болады. Ал халықаралық шарт­тарға қол қойған соң одан бас тарта алмайсыз. Айтылған сөз – атылған оқ!

Біз дипломатияны халықаралық қақтығыс пен дау-дамайға апаратын жол емес, мәмілеге, келісімге келудің еш баламасы жоқ, ең маңызды құралы деп білеміз. Кәсіби ұстаным мен шынайы ниет болса, кез келген қақты­ғыстың түйінін тарқатуға болады.

Мен Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдадым. Мұндай келісімдерді Президент Трамппен тарихтың астарын және қазіргі саяси ахуалды терең түсінуден туындаған дипломатиялық инновация деуге болады. Таяу Шығыста бейбітшілікті мықтап орнатуға арналған Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімінің дұрыс екеніне сенімді және оны жүзеге асыруға бар күшін салады. Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі.

Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз. Сол себепті, осы келісімге қосылға­нымыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді.

Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қа­зіргі дүрбелеңге толы заманда ұлт­тық стратегиямыздың негізгі қағи­дасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алды­мен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абы­рой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауы­мыз қажет. Осы мақсатқа стра­тегиялық тұрғыдан қарап, пара­сатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек.

Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жа­зылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз.

Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек.

Әлем барлық салада бірдей үлкен өзгеріске ұшырайды. Саясат пен эконо­микадан бастап, климат пен тех­нологияға дейін, бәрі өзгереді. Мұндай жағдайда біз де батыл әрі тосын инновациялық шешім қабылдай білуі­міз, еш нәрседен қорықпауымыз керек. Мен Үкімет мүшелеріне «Егер әлде­кімнен немесе әлденеден қорық­саңыз­дар, маған қызметтік хат жа­зыңыздар. Егер сіздер қабылдаған ше­шімнің, иә болмаса ұсыныстың пайдасы болатынын байқасам, оң резо­люция қоямын. Бүкіл жауап­кершілікті өзіме аламын» деп ескерт­тім. Осы үндеуді, ең алдымен, мем­лекеттік қызмет­шілерге, кәсіпкерлер мен ғалымдарға қарата айтып отыр­мын. Үлкен әрі түбегейлі өзгерістер уа­қыты келе жатыр, тіпті басталып кет­ті деуге болады. Еліміз жаңа тарихи әлем­нен лайықты орнын иеленуі қажет.

Қымбатты достар!

Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болады. Мен мұны жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда атап өттім. Еліміз ауқымды саяси жаңғыру­дың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.

Жолдауымда бір палаталы Парла­мент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен был­тыр 8 қазанда Парламенттік рефор­ма жөніндегі жұмыс тобын құру ту­ралы өкімге қол қойдым. Оның құра­мына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым­дардың өкілдері кірді. Елдік іске бей-жай қарамайтын басқа да азамат­тарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Аза­маттарымыз осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсы­ныстарын жолдады. Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік рефор­маны барлық жағынан қарас­тырды, өте маңызды жұмыс атқарды. Бұл ба­ғыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым. Былтыр қазан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Жел­тоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қосты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті.

Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жар­ты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр. Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады. Депутаттар мен партия фракцияларының жетек­шілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтуда. Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ.

Жалпы бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар. Жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді. Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті шешуші мәселе болды дер едім.

Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаң­ғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.

Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай про­порционалды уәкілдік идеясын ұсын­ды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан, мәселе – санда емес, сапада! Ең бас­тысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!

Жұмыс тобы азаматтардың ұсы­ныс­­тарын мұқият зерделеп, қызу тал­қылады. Ақыр соңында Парла­менттің ман­дат саны 145 болуы керек деген бай­ламға келді. Жаңа Парла­ментте Төр­ағаның үш орынбасары болуы мүм­­кін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек.

Ұсыныстардың екінші бөлігі Парламенттің негізгі мемлекеттік орган­дардың құрамын жасақтау ісін­дегі құзыреті туралы болды. Қазіргі Конституцияға сәйкес Консти­туция­лық соттың, Жоғары аудиторлық пала­таның және Орталық сайлау ко­миссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Прези­дент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құры­лым­дардың барлық мүшесі Парламенттің келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды. Бұған қоса, Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. Бұл – билік тармақтары арасындағы теже­мелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамы­ту жолындағы маңызды қадам.

Ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болды. Депутаттар енді пропор­цио­налды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропор­ционалды жүйемен жасақтауды ұсын­ғанын білемін. Бірақ аймақтарда ма­жоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.

Талқылау кезінде маған Пар­ламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутат­тардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын.

Бұған қоса, партиялардың Пар­ламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды. Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақ­сартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын.

Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұл­дайды. Одан кейін өзгерістерді мақұл­дайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси рефор­маларды одан әрі жалғастырамыз. Мем­лекеттің институционалдық тұ­ғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы. Билік инсти­тут­тарының жаңа құрылымы баршаға бір­дей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.

Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін.

Мен реформалар қоғамның қа­жеттілігі мен мемлекеттің даму жос­парына сәйкес үздіксіз жалғаса беретін үдеріс екенін бұған дейін бірнеше рет айттым. Өзгеріс жасау мәселесі әбден пісіп-жетілгенін Жұмыс тобы аясында өткен талқылаулардың қорытын­ды­сынан анық байқауға болады. Біз заңгерлер мен сарапшылардан, қоғам белсенділерінен парламенттік рефор­маға қатысты бес жүзден астам ұсыныс алдық. Еліміздің жалпы консти­ту­циялық құрылымына қатысты ұсы­ныстар саны бұдан үш еседей көп болды. Оның ішінде Жұмыс тобының құзыретіне кірмесе де, нақты негіз­демесі бар, мұқият қарастыруды қажет ететін мәселелер де болды. Мысалы, қоғамды өңірлер мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің мемлекеттік билік жүйесінде болуына қатысты жайттар алаңдатады. Бұл жайында депутат бүгін Пономарев баяндады. Мұның елеусіз қалдыруға болмайтын, маңызды мәселе екені сөзсіз. Сон­дықтан оған мемлекет мүддесін ескере отырып, зор жауапкершілікпен қарау қажет. Жоспарланған өзгерістің бәрі үйлесімді болып, бірін-бірі толық­тырып отыруы керек, ешқашан өзара қайшылыққа әкеп соқтырмауға тиіс.

Қазақстандағы бірлік пен келі­сімнің бірегей үлгісі конституциялық қағидаттарға негізделген. Елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұстанымым – осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет.

Реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет. Халқы­мыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемле­кеттілігін және Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бір­ге, Халық Кеңесі басқа елдердегі кон­сультативті құрылымдардың оң тәжіри­белерін ескере отырып құры­латын жаңа мемлекеттік орган бол­мақ. Оның құрамына барлық этнос­тың, түрлі санаттағы азамат­тардың және аймақтардың өкілдері кіреді.

Қазақстанның Халық Кеңесі мем­лекетіміздің жоғары консуль­тативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәс­лихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төр­ағасын оның мүшелері сай­лайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайын­далатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.

Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиіс. Бұл қадам оның мәртебесін айтар­лықтай арттыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады. Қазақстан халқы Ассам­блеясының этно­сара­лық және конфес­сияаралық келісім мәсе­ле­леріне қа­тысты негізгі қыз­меті Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзір­леу жаңа органның негізгі мін­детінің бірі болмақ. Бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конс­ти­туцияның және елі­міздегі өзге де аса маңызды құжат­тардың ереже­лерін түсіндіріп, наси­хаттау жұ­мысымен айналысады. Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­ларының съезін, мемле­кеттік маңы­зы бар басқа да гуманитарлық форум­дарды өткізу де Кеңестің құзы­­ретіне кіреді. Халық Кеңесінің мәр­­тебесі мен оны құру тәртібі Конс­­ти­туцияның арнайы бөлі­мімен және конституциялық заңмен реттеледі.

Кәсіби заңгерлер Ата заңның мәтініне қатысты пікірлерін біл­дірді. Олар Конституциямыздың кейбір тұстарын нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, Мем­лекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс бар. Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туын­даса, оның өкілеттігі қалған мер­зімге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мем­лекетті бас­қаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мем­лекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты бел­гіленуі қажет. Бұл қадам халық­аралық озық тәжірибеге сай келеді.

Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс! Сонымен қатар Консти­ту­циямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде термино­логия­лық, стильдік кемші­ліктерге жол берілген. Консти­туциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек. Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақы­рылады. Тағы бір маңызды мәселе. Біз Ата заңның Преамбуласын ұлттық құн­дылық­та­рымызды айшықтап, қан­ша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өрке­ниет пен мемле­кеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.

Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек. Негізгі заңға, соның ішінде, Преамбуланың жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құ­руға, сондай-ақ табиғатты ая­лауға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты қағидат­тарды енгізу керек деп санаймын. Мемлекет құрылы­сына қатысты осы қағидаттың бәрі – ешқашан ескір­мейтін, әрдайым өзекті болып қала беретін және қайта қарауға жатпайтын мызғымас қағи­даттар. Біз Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін әйгілейтін норма­ларды сақтап, кү­шейте түсуіміз қажет. Консти­туция­мыз заман талабына сай болуы керек.

ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды сипатқа ие болды. Жоғары технология адам­ның күн­делікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізе бастады. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық. Сондықтан еліміздегі цифр­ландыру үдерісінің инсти­туцио­нал­дық-құқық­тық негізі Ата заңда міндетті түрде аталып өтуі қажет. Конституцияда азаматтардың дер­бес цифрлық дерек­тері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын.

Мен әзірге келіп түскен ұсыныс­тардың негізгі тұстарына тоқталып өттім. Осылайша, конституциялық реформаның жалпы сұлбасы шы­ғып келеді. Жарты жыл бойы өткі­зілген пікірталастар мен талқы­лаулар кезінде алдағы реформаға қатысты басты ұстанымдар айқын­далды. Бұл ұстанымдар бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Тиісті байланыс арналары арқылы халық­тан келіп түскен идеялар мұқият сараланды. Ойға қонымды баста­малар барынша ескерілді. Халық­тың қолдауына ие болса, Қазақ­станның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады.

Құрметті Құрылтай мүшелері!

Сіздердің әрқайсыңыз ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып жүрсіздер. Ел­дегі өзге­рістердің логикасын жақсы түсі­не­­сіздер. Саяси жаңғырудың басты мақ­саты – Қазақстанның әлеуетін арттыру және мемлекет­тілігіміздің қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайын­дығын күшейту. Үстірт өзге­рістер жасау маңызды емес. Мем­лекеттік инсти­туттардың түпкі мәнін өзгерту және олардың өзара байла­нысын жақсарту маңызды.

2022 жылғы конституциялық рефор­малардың нәтижесінде біз саяси жүйені теңгерімді етуге және мемле­кеттік басқарудың тиімділігін арт­тыруға арналған шаралар қабыл­дадық. Заң үстемдігін нығайтып, құқықтық мәдениетті орнықтыру үшін Консти­туциялық сот құрылды. Жаңа Әкім­шілік рәсімдік-процестік кодекс қабыл­данған соң сот үкім­дері аза­маттар мен кәсіп­керлердің пайда­сына көбірек шешіле бастады. Олар­дың өз заңды мүдделерін табысты қорғауына жол ашылды. Кассациялық соттардың құрылуы және Адам құ­қығы жөніндегі уәкілдің конс­титу­циялық мәртебеге ие болуы азамат­тардың құқықтарын қорғау жүйесін ны­ғайту жолындағы маңызды қадам болды.

Біз сайлау жүйесін және өкілді орган­­дарды жасақтау тәртібін жетіл­­дірдік, олардың саяси ықпалы мен құзыреттері едәуір күшейтілді. Жаңа сайлау моделі Парламентке және мәслихаттарға түрлі идеоло­гиялық көзқарастағы адамдарға және саяси партиялар өкілдеріне жол ашып берді. Ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгеннен кейін атқарушы билік тармағы жаппай жаңарды. Мемлекет басшысының туыс­тарына басқару жүйесіндегі жоғары әрі негізгі лауа­зымдарды ие­ленуге тыйым салынуы аса маңызды конституциялық жаңалық болды. Осылайша жан-жақты өзге­ріс­тер сот, заң шығару, атқару сияқты билік тармақтарының бәрін қамтыды. Бұл өзгерістер орталық дең­гейде де, өңірлік деңгейде де болды. Бұдан бөлек, жоғарғы билік деңгейінде, яғни Президенттік инс­титутта да елеулі өзгерістер жасалды.

Жүзеге асырылған және жос­парланып отырған өзгерістер асы­ғыс қабылданған немесе белгілі бір жағ­дайға байланысты туындаған шешім­дер емес. Мен бұл рефор­маның бәрін мемлекет мүддесінің сөзсіз басым­дық­тары мен халықтың игілігі тұрғысынан мұқият ойлас­тырдым. Сондықтан бастамалардың бәрі елді жан-жақты жаңғыртудың ұзақ мерзімге арналған біртұтас стратегия­сына тоғысып отыр. Оң әрі тұрақты нәтижеге жету үшін эволюциялық жолмен жүру, кезең-кезеңімен әрекет жасау, сондай-ақ қоғамды жаңа саяси және эконо­ми­калық ахуалға бейімдеу қажет екеніне сенімдімін. «Әр нәрсенің өз уақыты бар» деп халқымыз бекер айтпаған.

Ұлттық құрылтайдың бүгінгі қорытынды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол се­бепті жаңадан маңызды ұсы­ныс айт­қым келеді. Мен ұсынатын жаңа­шыл­дықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйле­сімді түйіні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Респуб­ликасының Вице-президенті инсти­тутын құру, тиі­сінше оны Консти­туцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-прези­дентті Мемлекет бас­шысы Парла­мент депутаттарының көпші­лігінің келісімін ала отырып тағайын­дайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшысы өзі белгілейді.

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегация­ларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының аты­нан өкілдік етеді;

– Парламентте Президенттің аты­нан өкілдік етеді;

– Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйым­дары­мен қарым-қатынас орнатады;

– Президенттің басқа да тапсыр­маларын орындайды.

Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәті­нінде көрсеткен жөн болар еді.

Қазіргі Парламенттің қызметін қам­тамасыз етіп отырған аппарат­тық құрылымның бір бөлігі және Мем­лекеттік кеңесші лауазымы қысқар­тылады. Президент Әкім­шілігінің міндеттері мен құрылымы іс жүзіндегі қажеттілікке сәйкес реформаланады. Сіздер Вице-президент лауазымы бірқатар мем­лекетте бар екенін білетін шығар­сыздар. Біздің жағдайы­мызда бұл лауа­зымды енгізу мем­лекетті бас­қару процесін тұрақ­тандырады. Сон­дай-ақ билік иерар­хиясын бір­жола айқындап береді. Осы консти­туциялық жаңа­шыл­дық Прези­дент билігі инсти­тутының өзі әлсірейді дегенді біл­дірмейтінін атап өткім келеді. Кері­сінше, Пре­зидент лауа­зымы мемле­кеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді. Қазақ­станның Прези­денттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиім­ділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Ха­лық­аралық тәжірибе дәл осы таңдау­дың дұрыс екенін айқын көр­сетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік рефор­малары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-пре­зидент лауазымын енгізу еліміз­дің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін.

2022 жылғы жүйелі өзгеріс­тер­мен қатар алып қарағанда, алды­мызда тұрған реформаларды жүзеге асыру – 1995 жылы осыдан отыз жыл­дан астам уақыт бұрын бекі­тілген үлгіден мүлде жаңа консти­туциялық үлгіге көшу деген сөз. Осы бастамалар жалпы­халықтық референдумда азамат­тары­мыз тара­пынан қолдау тапқан жағ­дайда Қазақ­станның мемле­кет­тілігі, елі­міз­дің саяси жүйесі түбегейлі жаң­ғырып, еліміз жаңа тұрақтылық дең­гейіне көтерілмек. Осылайша, біз бір ел, бір халық болып, қазіргі ал­ма­ғайып заманның сын-қатер­леріне төтеп береміз, оларды ең­сереміз.

Жалпы, бастапқыда Парла­мент­тік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспар­ланған еді. Алайда жұмыс бары­сында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33-бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз.

Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын. Комиссия құра­мына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мү­шелері, белгілі заңгерлер, ақ­парат құралдары бас­шылары, аймақтық мәслихат төраға­лары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сарап­тап, қорытып, нақ­ты өзгерістердің жобасын әзір­лейді. Содан соң жалпы­халықтық рефе­рен­дум өтетін уақытты белгілейміз.

Әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұрғанына қарамастан, біз елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырдық. 2022 жылғы кон­сти­­туциялық реформаға, одан кейін Атом электр станциясын салуға қатысты референдум кезінде халқы­мыздың басым көпшілігі мені қолдады. Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұрғы­сынан мұқият сара­лай отырып қабыл­даймын. Азамат­тардың әл-ауқатын жақсартуға бағыт­талған нақты жұмыспен айна­лысу мен үшін бәрінен маңызды. Халықтың қамы, ұлттың, мемле­кеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық. Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуел­сіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып еңбек ете беремін. Осы орайда, стратегиялық бағ­дарымды үнемі қолдап келе жатқан барша халыққа және осы залда отырған еліміздің лайықты азамат­тарына шын жүректен ризашы­лығымды білдіремін және зор алғысымды айтамын.

Құрметті қауым!

Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ау­қымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қа­зақ­стан­ның іргесін бірге қаладық. Сіз­дер еліміздің саяси-эконо­ми­калық, әлеу­меттік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіз­дер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін. Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр.

Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды. Сондықтан қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бір­лігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін.

Бүгін мен Ұлттық құрылтайдың қызметіне белсене атсалысып, реформалардың табысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік награ­дамен марапаттау туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойдым.