Залалсыздандыру ауру зардабын тартқызбайды

2416

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақтық аса қауіпті ауру. Осы кеселді жұқтыру көктем, жаз және күзде тіркеледі.

Бұл ауру адамдарға денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда, науқас адамдармен қарым-қатынаста жұғады. Уақытылы дәрігерге көрінбесе, мүгедектікке, өлім жағдайына әкеледі. Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене ыстығы көтеріледі және бүкіл денесі сырқырап, басқа да әртүрлі симптомдармен қатты ауырады. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес КҚГҚ ауруынан облыстағы 115 елді мекен қолайсыз болып танылды.

Осыған байланысты, залалсыздандыру (дезинсекция) жұмыстары басталмай тұрып, аса қауіпті аурудың зардабын тартпас үшін мал қораларының көң-қилары уақытылы алынуына, механикалық-санитариялық тазалануына әрбір тұрғын жауапты болуы қажет. Бұл тиісінше осы елді мекендегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың қалыпты сақталуына игі әсерін тигізеді.

Сонымен қатар, кенеге қарсы ветпрепараттармен егу эктопаразиттермен қоса эндопаразиттерді де жойып, алдын алады. Бұл әлдеқайда тиімді екенін айта кету қажет. Иелері өз қаржысы есебінен кенеге қарсы ветеринариялық препараттармен (ивен, ивермек, ивермектин және т.б.) малын алдын ала егуі қажет. Препараттар үнемді әрі тиімді. Ивермек – инъекцияға арналған ерітінді сұйық дәрі. Дәрі малдың терісіне жабысып тұрған паразиттермен қоса ішкі құрылысындағы зиянды құрттарды жойып, малдың тез оңалуына септігін тигізеді.

Айта кету қажет, жайылымдар мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенеден сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дене барынша жабық болғаны дұрыс. Малды күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныш киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында аса сақтықпен (жалаңаш қолмен алуға болмайды) денесі мен киімдерін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.

Кене шаққанда өздігіңізбен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмасаңыз, жағдай нашарлап кетуі мүмкін. Май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған кене тұншығып, қанды қайтадан жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы – денедегі кенені пинцетпен немесе ілмек жасап жіппен сағат тіліне қарсы бағытта бұрап отырып алу. Шаққан жерді тек антисептик немесе спиртпен өңдеу керек. Егер өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, мазасыздансаңыз немесе күдіктенсеңіз, міндетті түрде уақытылы дәрігерге көрініңіз. Лайым денсаулықта, амандықта болайық.                                                                   

Облыстық ветеринария басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<