Жұмыс беруші төлейтін 5 пайыздық зейнетақы жарнасы қызметкердің меншігі болады

506

0

Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер төлейтін 5 пайыздық міндетті жарнаны қызметкердің жеке меншігі ретінде бекіту ұсынылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік сақтандыру, базалық, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегай айтты.

«Бұл жерде жұмыс істейтін ұйымдардың бәрі, соның ішінде мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор, жеке сектор туралы айтып отырмыз. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда әлемде кеңінен таралған халықаралық тәжірибенің болуына қарамастан, жұмыс беруші өз қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз етуге іс жүзінде қатыспайды. Бұл факт. Мемлекет, адамның өзі және жұмыс беруші арасында жауапкершілікті бөлетін теңдестірілген жүйені іс жүзінде құру үшін біз оны зейнетақы жүйесінде де орнатуды ұсынып отырмыз», – деп түсіндірді сарапшы.

5% жарна 2023 жылдың қаңтарынан бастап енгізілмек. Министрлік өкілі бұл мерзім бұған дейін 2 рет шегерілгенін еске салды.

«Іс жүзінде бұл түзетулер заңнамалық деңгейде қабылданып қойған. Негізі, 2018 жылы қолданысқа енуі керек еді. Ол кезде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің жарна төлейтіні ескеріліп, 2020 жылға шегерілгенін білесіздер. Ол кез пандемияға дөп келді де, норма енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін болып отыр. Тұжырымдама жобасы аясында біз қандай өзгерістер қарастырып жатырмыз? Біз зейнетақы жинақтаушылардың шотына аударылатын жарналардың мөлшері мен бүкіл механизмді түгел көрсетеміз. Бұған дейін тұжырымдамада жарналардың 5%-ы төлем аударылмаған қызметкердің меншігі емес деп қарастырылса, біз ұсынып отырған өзгерістер бойынша оны әрбір қызметкердің жеке жинақтарын толықтырушы жарна ретінде қарауды ұсыналып отыр», – дейді Виктория Шегай.

Яғни, жұмыс беруші аударған 5 пайыздық зейнетақы жарнасы қызметкердің меншігі болмақ.

«Төлем кім үшін жүргізілсе, соның пайдасына жарналар жеке зейнетақы шотында көрсетілетін болады. Бұл іс жүзінде оның меншігі болады, оған белгілі бір жағдайларда қол жеткізуге құқылы. Соның бірі – жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жету», – деп атап өтті министрлік маманы.

Оның айтуына қарағанда, қызметкерлер зейнетақы шоттарына тиісті жарналардың түсіп тұруына мүдделі болуы керек.

«Тиісті тапсырмалар бойынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығы беріліп, бұл азаматтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттырды. Жеке шоттан үзінді-көшірмені қарау үшін өтініштердің саны қаншалықты артқанын көріп отырмыз. Бізде азаматтар үшін төлем уақтылы жүргізілмегенде немесе ол мүлдем жүргізілмегенде өтініштер саны артты», – дейді Виктория Шегай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<