Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да ауадай қажет екенін айтты. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды.
Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы қолға алынған болатын. Осыған орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде профессор-оқытушылар мен студенттерді қазақ тіліне аударылған 18 оқулықпен таныстыру шарасы өтті.
Университет ректоры, т.ғ.д., профессор Қ.А.Бисенов заман талабына сай, терең мазмұнды оқулықтар білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлауда маңызы зор екендігін айтты.
Сонымен қатар, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор А.М.Абасилов «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Тіл біліміне кіріспе», э.ғ.к., Н.С.Құлмырзаев «Төртінші индустриялық революция», с.ғ.к., С.Е.Сахиев «Әлеуметтану теориясы», «Әлеуметтану негіздері», э.ғ.к., М.А.Өмірзақова «Экономика» оқулықтары бойынша пікір-көзқарастарын білдіріп, олардың білікті кадрлар даярлауға үлкен септігін тигізетіндігін жеткізді.
Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасына 3540 дана кітап жеткізілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<