108 жастағы əже ұзақ жасауының құпиясы туралы әңгімеледі

479

0

108 жастағы əже ұзақ жасауының құпиясы туралы әңгімеледі Қызылорда облысының ең қарт тұрғыны Арал ауданы Сазды ауылында тұрады. 108 жастағы Жонай әже немере-шөберелерін бағып, шөпшектерінің қолынан су ішіп отыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі.

1910 жылы жарық дүние есігін ашқан Жонай Таңымбетова жастайынан бейнетті көп көрген. 16 жасында ұзатылған ол бір қауымды аузына қаратқан қырықтың қырқасына шыққан басқарма Төлегенге бәйбішесінің келісімімен кіші жар болады. Соғыс жылдары тылда еңбек етіпті. Қыстық бөрік, тымақ, көйлек, қолғап-шұлық тоқыған, киіз, текемет басқан.

«Мен егінді де ектім, киізді де бастым. Жұмыс талғамадым, түр-түрін істедім. Құдайға шүкір, немере-шөберелерім бар. Келінім де, немере келінім де үйде, жағдайымды жасап жатыр. Еліміз аман болсын, патшамыз ғұмырлы болсын», – дейді тілеуқор кейуана.

Батыр ана Күлмараш тоғыз құрсақ көтерген. Яғни, жеті қыз, екі ұлды бағып-қағып өсірген. Бүгінде Арал қаласында тұратын үлкен қызы Күнзада Төлегенованың жасы сексеннен асқан.

«Анамыз әлі күнге дейін өзі жүріп-тұрады. Соңғы екі-үш жылдыққа дейін газет оқып, теледидар қарады. Қазір көзі нашарлады, құлақтан да қалып барады. Жалпы, денсаулығы жаман емес. Бұл кісінің ұзақ жасауының сыры еңбектің арқасы ма деймін. Әкеміз Төлеген болса, 1967 жылы дүниеден озды. Ол кезде мен үшінші класта оқитын едім. Қазір анама менің отбасым – әйелім, балам Жанболат пен келінім қарап отыр. 108 жастың көжесін ішіп отырған анамыздың немере-шөберелерінің санынан жаңылысамыз, ал шөпшегі үш-төртеу екенін білеміз. Осындай қос ғасырдың куәсі болған анамызбен мақтанамыз. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтылмайсың» деген. Біз де осы кісінің алдында мәңгілік қарыздармыз», – дейді қарияның ұлы Әділхан Таңымбетов.

Жыл сайын 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Күлмараш әжені ұл-қыздары, немере-шөберелері келіп, құттықтайды. Сонымен қатар, Арал ауданы әкімінен бастап, ауыл-аймақ, көрші-көлем ғасыр жасаған ғибратты ғұмыр иесінің қолын алып, хал-жағдай сұрап, құрметін көрсетеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<