18 оқулық мамырда ЖОО-на жеткізіледі

520

0

18 оқулық мамырда ЖОО-на жеткізіледі Астанада «100 жаңа оқулық: тілдің жаңғыруы және ғылым мен білім беру жүйесінің қайта қосылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы Әлібек Қисыбай қазақ тіліне аударылған кітаптар мамыр айының соңына дейін жоғарғы оқу орындарына жеткізілетінін айтты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша шет тілінен қазақ тіліне 18 кітап аударылғаны мәлім. Бұл кітаптар Мемлекет басшысына таныстырылған еді.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасында аталып кеткендей, Қазақстанға инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды, болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да аса қажет. Сана модернизациясы гуманитарлық білімге тікелей байланысты. Осы орайда, тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, экономика, антропология, мәденеттану, филология және педогогика ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасау міндеті тұр. Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден, оның ішінде ағылшын, неміс, француз, орыс тілдерінен қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік береді», – деді Әлібек Қисыбай.

Оның айтуынша, аударылған кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, барлығы 800-ден астам оқулық атауы қорға келіп түскен. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылы 18 оқулық таңдалған. Сонымен қатар, бұл оқулықтар дүние жүзіндегі топ 100 университеттің, мысалы Гарвард, Стенфард, Оксфорд, Йель, Колумбия секілді университеттердің оқу бағдарламасында болуы қажет еді.

«Іріктелген оқулықтарды аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 200-ге жуық маман қатысты. Маман ретінде тек аудармашы емес, осы саланың білікті ғалымдары, академиктері, профессорлары қатысты. Жоспарға сай, бұл оқулықтар мамыр айының соңына дейін жоғарғы оқу орындарына жеткізіледі. 2018-2019 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоғарғы білім беру жүйесіне енеді және осы оқулықтармен Қазақстанның барлық жоғарғы оқу орындары алдымыздағы академиялық жылдан бастап оқыта бастайды», – дейді ол.

Маманның айтуынша, бұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғарғы білім беру орындары, ғылыми орталықтар мен оқулықтар шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ.

«Қазірдің өзінде біз әлемнің 15-ке жуық баспагерімен тікелей әріптестік орнаттық. Олармен кітапты аудару және Қазақстанда тарату мәселесіне байланысты консультация жүргіземіз. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдісін игеруге зор мүмкіндік береді», – дейді Әлібек Қисыбай.

Атап өтсек, бүгін ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аралық нәтижелерін сараптауға арналған «100 жаңа оқулық: тілдің жаңғыруы және ғылым мен білім беру жүйесінің қайта қосылуы» атты эксперттік кездесу өтті.

 BAQ.KZ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<