Қызылорда облысы өңірлік коммуникациялар орталығында «ОӨАЖҚЖ» ММ басшысы Б. Ембергеновтің, Қызылорда облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы азаматтық қорғау капитаны Ж.Досымовтың, Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Ә.Мардановтың қатысуымен «Жазғы кезеңдегі судағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өткізілді.
Сөз алған ҚР ІІМ ТЖК «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» ММ басшысы Б.Ембергенов: «Жазғы ыстық күндер басталысымен облыс су айдындарында салқындап демалатындардың саны арта түседі. Осы ретте көбінесе адамдар қарапайым суға түсу ережесі қағидаларын сақтамағандықтан қайғылы жағдайларға ұшырап жатады»,-деді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы азаматтық қорғау капитаны Ж.Досымов: «Департамент пен жедел құтқару жасағының қызметкерлері жазғы суға түсу маусымында қайғылы оқиғалардың орны алмауы үшін тынымсыз тер төгеді. Тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан үгіт-насихаттық іс-шараларына /рейдтер, профилактикалық бейнероликтердің жергілікті телеарнадан берілуі, дауысзорайтқыш құрылғысы арқылы тұрғындарға насихат жұмысын жүргізу, үгіт-насихат парақтарын тарату және басқа да түрлі шаралар/ қарамастан, суда қаза болғандардың саны үдей түсуде. Облыс бойынша 2017 жылы 26 адам суда қаза болған, оның 7-еуі бала. Сонымен бірге Құтқару қызметі 5 адамның өмірін аман алып қалған. 2018 жылдың басынан бастап 1 адам суға кеткен.»
Қайғылы жағайлардың себептері төмендегіше болған:
Балалардың ата-анасының қарауынсыз су айдындарында суға түсуі.
Мас күйінде суға түскендер.
Су айдындарында қауіпсіздік ережесі талаптарын сақтамағандар және суға түсуге болмайтын орындарда суға шомылғандар».
Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Ә.Марданов: «Өткен жылдың қорытындысы бойынша 26 адам суға кетсе, оның 6-уы көлде, 5-еуі Сырдария өзенінде, 3-еуі кіші Арал теңізінде қаза болған.
Облыс бойынша заңды түрде жұмыс жасайтын 3 жағажай тіркелген. Бірі Шиелі кентінде, қалған екеуі қала аумағындағы Арай шағын ауданында және Белкөл кентінде орналасқан. Өткен жылы жасақтың мамандары 2136 мектеп оқушыларын суда жүзуге үйреткен, осы жылдың өзінде 208 бала суда жүзуге үйретілді.
Халықтың көп шоғырланған орындарда, сауда орындарында, базарларда және су айдындарына жақын көшелерде жылжымалы құлақтандыру бекеті арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Үнпарақтар таратылуда, темір жол вокзалында дауысзорайтқыш арқылы ақпарат берілуде, Халыққа қызмет көрсету орталығында телеэкранда бейнероликтер көрсетілуде. Жергілікті телеарналарда бейнероликтер көрсетілуде».
Баспасөз-мәслихаты барысында судағы төтенше жағдайдың алдын алу үшін облыстың барша тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажеттігі, әсіресе су айдындарында және жағалауда балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде айтылды.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<