27 жастағы жігіт менингокок инфекциясын жұқтырды

330

0

27 жастағы жігіт менингокок инфекциясын жұқтырды Жаңақорған ауданында менингококты инфекцияның алғашқы жағдайы тіркелді. Осы жылдың 31 мамырында 1991 жылы туылған ер азаматқа «менингококты инфекция, менингит, менингококцемия» диагнозы қойылып, ол Жаңақорған аудандық ауруханаға жатқызылды. Бүгінгі таңда, дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр тұрақты деп бағалап отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді. 

Сонымен қатар, баспасөз конференциясына қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева қатысты.

 Жақсылык Абдусаметовтың айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан штаб құрылып, онда облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы жəне қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары жұмыс жүргізуде.

«Науқас Жаңақорған ауданының жан сақтау бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Жатқызылған күні оған тыныс алу аппараты қосылды. Бүгінде оның жағдайы тұрақты, өздігінен тыныс ала алатын болған соң, аппараттан ажыратылды. Науқас барлық дәрі-дәрмекпен қамтылды», – деп хабарлады Жақсылық Абдусаметов.

Сондай-ақ, науқас бұған дейін облыс аумағынан ешқайда шықпағанын айтты. Жаңақорған ауданының тұрғыны, Шалқия кентінде жұмыс жасайды.

«Қазіргі кезде науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам бақылауға алынды. Оның 4-і отбасы мүшелері, 11-і ұжымдағы әріптестері. Отбасындағы 1 адам аурудың алдын алу үшін аудандық ауруханаға жатқызылды», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Сонымен қатар, менингитке қарсы егу Қазақстанның Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілмеген. Себебі, аурудың жаппай сипаты болмайды.

«Дегенмен, менингитке қарсы арнайы вакцина бар. Бір рет егу арқылы иммунитетте 3-5 жылға дейін сақталады. Қазіргі таңда біздің облысқа екпелер алдыртып жатырмыз. Ол келер аптадан бастап, №6 қалалық емханада ақылы түрде егіледі», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Өз кезегінде, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<