7 АЙДА 120 ТОННАДАН АСТАМ АММОНИЙ МЕТАВАНАДАТЫ ЭКСПОРТТАЛДЫ

320

0

7 АЙДА 120 ТОННАДАН АСТАМ АММОНИЙ МЕТАВАНАДАТЫ ЭКСПОРТТАЛДЫ Қызылорда облысына инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі аймақтық кеңес отырысында «Балауса Процессинг Компани» ЖШС-нің «Баласауысқандық кен орнында «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.  Ағымдағы жылдың 7 айында компания алыс және жақын шет елдерге 120 тоннадан астам аммоний метаванадатын экспорттады.

Кеңес отырысын ашқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев  инвестиция тартудың аймақ экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі тапсырмалардың бірі экономиканы дамытуда инвесторлар мен инвестиция тарту болып табылады. Аймақтағы индустрияландыру бағдарламасының аясында  «Баласауысқандық ванадий кен орнында автоклавты қайта өңдеу» жобасы жүзеге асырылуда»,-деді аймақ басшысы.

Еске салайық, 2016 жылы қарашада Лондонда өткен  Үкіметаралық комиссия отырысында қара тақтатасты автоклавты өңдеу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Кәсіпорын 2016 жылдан бастап өз өнімдерін Ресей, Тайвань, АҚШ және Ұлыбританияға экспорттайды.

«Баласауысқандық кен орнында «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасының іске асу барысы жайлы «Балауса процессинг Компани» ЖШС-нің бас директоры Андрей Кузнецов баяндады. Естеріңізге сала кетейік, «Баласауысқандық кен орнында «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде кәсіпорын құрылысында 150 адам жұмыс істейді. Ал зауыт пайдалануға берілген кезде 550 адам жұмыспен қамтылатын болады.

«Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда жобаның 2-кезеңі іске асырылуда. 2016 жылдан бастап компания өз өнімдерін Тайвань, Ресей, АҚШ және Ұлыбританияға экспорттап жатыр. Ағымдағы жылдың 7 айында құны       658,2 млн. теңгені құрайтын 120,9 тонна аммоний метаванадатын экспорттадық», – деп атап өтті Андрей Кузнецов.

Сондай-ақ, инвесторлар кеңесінің отырысында жалпы құны 9 млн. АҚШ доллары болатын  «Қуаты 10 МВТ күн электр станциясының құрылысы» жобасы таныстырылды. Жобаның бастамашысы – жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станцияларын салумен айналысатын ««ХидроЭнерджи Компани» (ХЕК) болгар компаниясы. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың    2 шілдесінде Қызылорда облысының әкімдігі мен компания «Қазақстандық Жаһандық инвестициялық дөңгелек үстел» форумы шеңберінде қуаты 10 МВТ күн электр станциясын салу туралы меморандумға қол қойған еді. «ХЕК» компаниясының бас директоры Владимир Табутовтың айтуынша, жоба             2019 жылдың соңына дейін аяқталады және құрылыс жұмыстарына 65 адам тартылады.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында инновациялық технологияларды қолданатын бірқатар жобалар жүзеге асырылуда, бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық ахуалына оң әсерін тигізеді. Олардың бірі – «ДжиТиЭл-Казахстан» ЖШС-нің «Ресейлік (ДжиТиЭл) технологияларды пайдалана отырып, ілеспе мұнай мен табиғи газды (метанды) өңдеуге арналған модульдік типті қондырғыны салу және пайдалану» жобасы. Айта кетейік, компания пайдаланатын технология «Astana-Expo2017» көрмесінде таныстырылған болатын.

Ілеспе мұнай және табиғи газды қайта өңдеу бойынша зауыт салу жобасын іске асыру туралы «ДжиТиЭл Казахстан» ЖШС-нің атқарушы директоры Вячеслав Бернян баяндады .

 «Жобаның жалпы құны – 892 млн. теңгені құрайды. Жобаны іске қосқаннан кейін жаңа 11 жұмыс орны ашылады . Қуаттылығына сай жылына 10 мыңға дейін өнім шығарады деп күтілуде. Іске асыру мерзімі – 2018-2019 жж.», – деді Вячеслав Бернян.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдарға осы жобаларды іске асыру үшін атсалысуға, «Балауса Процессинг  Компани» ЖШС-ге тау-кен байыту комбинатының құрылысын  жедел түрде бастауды және комбинат құрылысының кестесін  облыстық индустриялды-инновациялық даму басқармасына өткізуді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<