Экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 8 облыстың қатарында. Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин өз баяндамасында осылай деп мәлімдеген болатын. Сөз жоқ, бұл – Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстарға берілген оң баға. Кешеге дейін өнеркәсіп өндірісінің 70 проценті мұнайға байланысты болып келген және оның көрсеткіші жыл санап кеміп бара жатқан Сыр өңірі үшін бұл жағымды жаңалық десек, артық айтпағанымыз. Соңғы жылдары облыста өнеркәсіп өндірісінен басқа барлық макрокөрсеткіштерде оң динамикаға қол жеткізіп, үздіктер қатарында келеміз. Өткен 2019 жылы да осы үрдіс сақталғандай. Сонымен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандай көрсеткіштер назарға алынған еді? Таразылап көрейік.
Қызылорда облысыРеспублика бойынша
1.Негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының индексі109,1%110,4%
2.Атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі154,3%112,9%
3.Шикізаттық емес экспорт көлемі (11 ай қорытындысы)96,4%96,1%
4.Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі117,4%108,5%
5.Өңдеуші өнеркәсіп көлемі101,3%104,4%
6.Пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі108,8%104,9%
7.Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі104,4%100,9%
Енді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы ұсынған осы мәліметтерге қысқаша талдау жасап кетелік. Бір атап өтерлігі, кестедегі облыс көрсеткіштерінің басым бөлігі республикалық орташа деңгейден жоғары. Демек, бұл – аймақтың үздік облыстар қатарынан көрінуінің негізгі дәлелі.
Өткен жылы облыс экономикасына салынған инвестиция көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 17 процентке өсіп, 400 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 54,3 процентке артып, 146 млрд теңгені құрады. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы 8,8 процентке өсіп, 761,4 мың шаршы метрге артты. Ал өңдеуші өнеркәсіп көлемі 1,3%-ке көбейсе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,3%-ке жоғарылаған. Өткен жылдың 11 ай көрсеткіші бойынша шикізаттық емес экспорт көлемі 110 млн доллар болды. Ал 19 тауар түрі кіретін негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі республикалық орташа баға индексінен төмен. Соңғы көрсеткіш – облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көтермеу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Аймақтың агроөнеркәсіп саласында бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнім өндіруді жолға қоя бастадық. Өңірде құс шаруашылығы, сүтті және етті мал шаруашылығы, жылыжай, жеміс-жидек, майлы дақылдар өндірісі сияқты салаларда даму бар. Сыр диқандары күріштің әр гектарынан, орташа есеппен алғанда, 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна Сыр салысын қамбаға құйды. Мал шаруашылығы да қарқын алып келеді.
Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі артса, ол өз кезегінде тұтыну бағаларының, оның ішінде азық-түлік тауарларының индексі республикалық орташа көрсеткіштен төмен болуына әсер етті. Оған жаз және күз айларында үздіксіз өткізіліп тұрған ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкелері де өз септігін тигізгені анық.
Ал 2019 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 720,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында барлық қаржыландыру көзінен 1987 пәтерді құрайтын көпқабатты 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1738 пәтерлі көпқабатты 40 тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы сол жағалауда және Байқоңыр қаласында жаңа баспанаға ие болғандардың алғашқы қоныс тойы өткізілгенін атап кету керек. Сонымен бірге облыста 25 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілсе, оның ішінде 9-ы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 16 нысан жоспарға сәйкес 2020 жылға өтпелі болып қалдырылды. Мұнан бөлек, құрылысшылар еңбегі арқасында жүздеген шақырым инфрақұрылым желілері тартылды.
Өткен жылы негізгі капиталға 400 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде бюджеттік емес кәсіпорындар есебінен инвестиция көлемі 1,5 есе көбейіп отыр. Құрылысқа тартылған инвестицияның екі есе өсуінің нәтижесінде 556 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 4,1 процентке артты. Шетелдік тараптармен бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 100 млрд теңгеден астам қаржыға көптеген жоба жүзеге асырылды.
Цемент зауытының, «Арал тұз» АҚ-ның екі бірдей испан цехының және басқа да кәсіпорындардың іске қосылуы өңдеуші өнеркәсіп көлемі мен шикізаттық емес экспорт көлемінің артуына тікелей әсер етті. Оған таблицада келтірілген көрсеткіштер дәлел. Осы жұмыстардың барлығы да халықтың нақты табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
– Бұл – біздің бірлесіп жасаған жұмысымыздың нәтижесі. Дегенмен, қол жеткізген жетістіктерге және көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біздің алдымызда Президент жүктеген ауқымды міндеттер тұр. Бұл бізге әлі де болса, жұмыс қарқынымызды күшейтуді талап етеді, – деген болатын облыс әкімі дүйсенбіде өткен актив жиынында. Шын мәнінде, жетістікті еселеу жолында ел бірлігінің, еңбекке деген құлшыныстың мәні зор. Алдағы міндет ауқымды. Ал көрсеткіштің келісті болуы әрбіріміз үшін маңызды деп білеміз.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<