\»Жер аламыз\» деп ойлап жер сипап қалды

487

0

\"Жер аламыз\" деп ойлап жер сипап қалды Қызылордада «тұрғын үй салуға жер алып беремін» деген желеумен 8 облыс тұрғынының сеніміне кіріп, жалпы сомасы 557 500 теңгені құрайтын ақшаларын алаяқтық жолмен иемденген азамат ұсталды.
8 жәбірленуші де ішкі істер органдарына 2017 жыл көлемінде шағымданған. Жәбірленушілердің шағымы негізінде күдіктінің жеке басы анықталып, 29 жастағы Жаңақорған ауданының тұрғыны екендігі белгілі болды.
Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімімен алаяқтық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілген. Тергеу жұмыстары барысында күдікті ең алғаш 2016 жылдың тамыз айында аудан тұрғынын жер алып, үй құжаттарын дұрыстап беруге көмектесетініне сендіріп, қызметін 93 мың теңгеге бағалаған.  Алайда ақшасын иеменгеннен кейін уәдесін орындамай,  қашып кетеді. Бұл әрекетімен тоқтамай, 2017 жыл көлемінде ауданның басқа тұрғындарына өз қызметін ұсынып, біріне жер алып бере алатындығын, енді біріне әскери билет  жасап бере алатындығын айтып сендірген. Нәтижесінде бірінің 182 мың теңгесін, енді бірінің 83 мың, 70 мың, 35 мың, 20 мың теңге көлеміндегі ақшаларын алдау жолымен заңсыз иемденген.
Жан-жақты тергеу әрекеттері жүргізіліп, күдіктінің кінәсі толық дәлелденіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 2-тармағы негізінде кінәлі деп танылып, сот шешімімен 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Сөз соңында, облыс тұрғындарынан жер телімдерін сатып алу немесе басқа да мәселелер бойынша келісімшарттар жасамас бұрын, заңгерлермен және құзырлы мемлекеттік орган қызметкерлерімен кеңесіп, сақтық шараларына аса көңіл бөлулерін және осындай алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда уақытты босқа шығындамай ішкі істер органдарына арыздануларын сұраймыз.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<