АҒА ҰРПАҚТЫҢ ӨНЕГЕСІН ҰЛЫҚ ТҰТАМЫЗ

532

0

АҒА ҰРПАҚТЫҢ ӨНЕГЕСІН ҰЛЫҚ ТҰТАМЫЗКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ардагерлердің республикалық семинар-кеңесіне қатысушыларды қабылдады.
– Сіздердің өмір жолдарыңыз, атқарған қызметтеріңіз бен жүзеге асырған істеріңіз біз үшін үлгі-өнеге,– деді аймақ басшысы өз сөзінде. – Алдағы істерді атқару барысында біз Сіздердің көмектеріңізге жүгінеміз. Қартая білу де өнер. Сіздерден сәл бұрын ғана Елбасы Сыр өңірінде болды. Облыс халқының алдында тұрған күрделі міндеттерді шешуге, түйткілді мәселелердің нақты шешімін табуға бағыт-бағдар берді. 2020 жылға дейін мұнай, газ, уран кеніштерін дамытып, күріш егістігін жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Яғни, жалпы ішкі өнімді үш есеге өсіру көзделуде. Биылғы жартыжылдықтың қорытындысымен облыс инвестиция тартудан, салық жинаудан алға шықты, құрылыс саласында ілгерілеушілік бар. Тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасына айрықша көңіл бөлініп, ең күрделі мәселелерге байланысты арнайы «жол картасы» қабылданып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіле бастады. Білім сапасына байланысты нақты шешімдер қабылданды, үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі оңтайлы шешілді. 2015 жылдың соңына дейін балалар балабақшамен толық қамтылады. Алдағы уақытта «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының іске қосылуына орай Сыр өңірінде ауқымды істер жүзеге асырылатын болады. 
Облыс әкімі сонымен қатар Байқоңыр қаласының облыстың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосатындығын, ол жөнінде болашақта атқарылар істердің ауқымын жеткізді. Арал теңізін қалпына келтірудің І кезеңі іске асырылды, қазіргі таңда Аралда балықтың 27 түрі өсіріледі. Жоба толығымен іске асса, 30 мың тоннаға дейін балық өндіруге болады. Аймақ басшысы Сыр жастарына жасалып жатқан жеңілдіктерге тоқталып өтті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары үшін аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша биыл облыс әкімінің 123 гранты бөлінді. Келер жылы оның саны 300-ге жеткізіледі.
Аймақ басшысы өз сөзінде облыс көлемінде 263 елді мекеннің барлығын, оларды түгел аралап шыққандығын және осы ауылдардан келешекте 24 тірек ауылын жасақтау көзделіп отырылғандығын жеткізді. Осы істердің басы-қасында әркез ардагерлер кеңесі мүшелерінің жүретіндігін, әкімшіліктің әрдайым оларға арқа сүйейтіндігін атап өтті. 
Кездесуде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қостанай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин сөз алып, өңірдегі жасалып жатқан іс-шараларға, үлкендерге көрсетіліп жатқан құрметке ризалық білдірді. 
Облыс әкімі қонақтарға ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Оларға арнап «Гранд плаза» мейрамханасында дастархан жайылды. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<