АДАМ САУЛЫҒЫНЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

320

0

АДАМ САУЛЫҒЫНЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ Облыстық медицина орталығына – 20 жыл. Халықтың денсаулығын сақтау жолында үлкен қызмет көрсетіп келетін белгілі орталықтың, әсіресе соңғы жылдары жетістігі еселене түсті. Орталық жанында кардиологиялық, нейроинсульттік және офтальмохирургиялық орталықтар сапалы қызмет жасап тұр. Онда 1500-ге жуық адам жұмыс істейді.
Бұл орталықтардың жұмысы әлеу­меттік және экономикалық тұрғыда маңызды екенін атап өткен жөн. Қызыл­ордалықтар ота жасату үшін бұрынғыдай Астана мен Ресейге бармай, облыс орта­лығында жасата алады. Со­нымен қатар, 2016 жылдан бас­тап Байқоңыр қаласында орта­лық­тың филиалы жұмыс істеп тұр.
Медицина орталығының қыз­мет­­керлерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтап, орталық құрылысының аяқталып, ел игілігіне жарауы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еңбегі екенін атап өтті.
– Кеңестер Одағынан мұраға қал­ған әлеуметтік алып құрылыс тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана аяқталып, ел игілігіне берілді. Об­лыс­тық медицина орталығының толық аяқталуы – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың табанды сая­са­тының жемісі. Елбасы елмен бір­ге қуанды, осыдан 20 жыл бұ­рын желтоқсан айында Сыр бойына келіп, медицина орталығының лен­тасын қиды. Оның заман тала­бына сай болуына аманат ар­қа­­латты, экологиялық апат ай­ма­­­ғының ең өзекті әлеуметтік мә­­се­­лесін шешуге қамқорлық жа­­­сады. Облыстық медицина ор­та­лығы – өңірде көпсалалы ме­ди­ци­­налық көмек көрсететін жалғыз ұйым. Президентіміз «Нұр Отан» партиясының кезекті отырысында қызылордалық дәрігерлерге жо­ғары бағасын берді,– деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы сол кезде облыстың бірінші басшысы болған С.Шау­хамановтың, ба­лалар ауруханасын басқарған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депута­ты болған Т.Махановтың және Бол­гария мемлекеті құрылыс­шы­­­ла­рының еңбегіне ерекше тоқталды.
Орталық бүгінде толық электронды құжат айналымына кө­шірілген. Мұнда 20 жыл ішінде 103 мыңнан астам ота жасалып, 356 мыңға жуық науқас ем алып шыққан.
Салтанатты шарада аймақ басшысы сала ардагері Тұрғанбай Махановқа күріштен салынған портретін сыйға тартты және Құрмет грамотасын табыстады.
Бірқатар сала ардагерлері мен үздік қызметкерлер Құрмет грамо­тасымен, Алғыс хатпен, ҚР Ден­саулық сақтау министрлігінің «Ең­бек ардагері» медалімен және «Ден­­саулық сақтау ісінің үздігі», «Ден­саулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Өз кезегінде медицина ор­та­­­лы­ғының ұжымы атынан Тұр­­ғанбай Маханов сөз ал­ып, аймақ басшысының қол­дауы­на ри­зашылығын білдірді және әріптестерін мерекемен құт­тықтады.
Шарада, сондай-ақ, облыстық медицина орталығының жас дәрі­герлері Елбасына үндеухат жолдады.
Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<