Құрбан айт мерекесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып, жамағатты діни мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Баршаларыңызды мұсылманның ұлық мерекесі – бүгінгі Құрбан айт күнімен құттықтаймын. Жұртшылық жұмыстан босатылып, намаз оқу парызын орындасын деп менің жарлығыммен бұл күн Қазақстан үшін мейрам деп жарияланған. «Құрбан» деген сөз «Аллаға ақ тілегімен жақындау» деген сөз. Шамасы келген азаматтар құрбан шалып жатыр. Бұл Алланың көрсеткен жолы, Пайғамбардың ізі. Әрқайсысыңыз елдің тыныштығын, бала-шағаның амандығын, болашақты ойлап, тілеу тілеген шығарсыздар. Сол тілектің барлығы орындалсын. Құрбан айт мерекесі қазақтың салт-дәстүрімен бірге енетін нәрсе. Бұл елдің бірлігін, болашағын, иман, қанағат пен қайырымдылықты білдіреді. Бұл күні ағайын-туыс бір-бірімен қауышып, дастархандарынан дәм татып, кемтарларға көмектесіп, жақсылық жасайды», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы, осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша елдің дәулетті азаматтары өз туған жерлерінде әлеуметтік маңызы бар нысандар салып, игі іс жасап жатқанын атап өтті.
«Осы қайырымдылық та сауапты болады деп есептейміз. Оны жалғастыра беру керек. Ең басты мәселе – еліміздің бірлігі. Барлық мұсылман, қай ұлт болса да, бір-біріне бауыр, туысқан болып саналады. Осыны ұмытпау керек. Жақында бізде Дүниежүзілік діндер басшыларының VI съезі өтетін болады. Олар Қазақстанның жері қасиетті деп жиналады. Себебі, бізде бірлік бар, ауызбіршілік бар, бір-бірін сыйлау бар, құрметтеу бар. Сол себепті біздің халқымызды қадірлейді, жерімізді жақсы көреді. Қорықпай келіп, өз жұмыстарын атқарып, бір-бірімен пікір алмастырады. Құрбан айт құтты болсын! Намаздарыңыз қабыл болсын. Құрбан айт мерекесі тек құрбан шалумен шектелмейді. Адамның Аллаға деген ниеті мен көңілі қайда жүрсе де таза болуы керек. Сонда дұға-тілек қабыл болады. Сіздерге аманшылық пен саушылық, балаларыңыз бен жанұяларыңызға береке-бірлік, баянды болашақ тілеймін», – деді Президент.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<