Жеті жылдан бері облыс әкімінің гранты сырбойылық мыңдаған студентке тағайындалды. Жуырда олардың қатары тағы да толықты. Биыл педагогика, медицина, ақпараттық қауіпсіздік мамандықтарына грант көбірек қарастырылған. Грант кімдерге бұйырды?
Тоқжан мен Тамаша – грант иегерлері
Биыл 17 жастағы Тоқжан Тайыр облыс әкімінің грантын иеленді. Енді ол Қорқыт ата атындағы университетте тегін білім алуда. Болашақ мүсінші-дизайнер. ҰБТ-дан жинаған балл мемлекеттік білім грантына жеткіліксіз болғанымен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары әкім гранты бойынша бақ сынауды ұсынған еді. Көп кешікпей-ақ сүйінші хабар жетті!
Ал, 19 жастағы Тамаша Абдали (суретте) үшін бұл мүмкіндік өзі армандаған «Дәстүрлі өнер» мамандығында білім алуына жол ашты. Кешенді тестілеуден 104 балл жинап, алғашында Алматыдағы оқу орнына тапсырып көрді. Бұйырмады. Есесіне, көпбалалы отбасында өскендіктен әкім гранты арқылы Қорқыт ата атындағы университетте білім алуда.
– Биыл «Болашақ» колледжін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Педагог болу жауапты, қызықты мамандық, бірақ халықтың баға жетпес қазынасы жыр-термені орындауға деген ықыласым бәрінен асып түседі. Сондықтан өнер жолын таңдадым. Әкім гранты арқылы осындай мүмкіндік берілгені үшін қатты қуандым, – деді Тамаша Темірханқызы.
Әкім гранты кімдерге берілді?
Биыл облыс әкімінің қолдауымен өңірге қажет мамандықтар бойынша облыстық бюджеттен әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарынан білім алушы 150 студентке әлеуметтік көмек көрсетуге қаражат бөлінді. Жалпы облыс әкімінің грантына 183 үміткерден өтініш қабылданған. Өтініштер аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссиялардың отырыстарында қаралып, нәтижесінде 148 грант иегері анықталды. Грант иегерлерінің басым көпшілігі көпбалалы отбасынан шыққан.
Әлеуметтік көмек жыл сайынғы оқу төлемінен және тамақтану мен тұру шығындарын ішінара өтейтін әлеуметтік төлемдерден тұрады. Орташа 1 студентке көмек мөлшері 652 мың теңгені құрайды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне – 84, «Дәстүрлі өнер» институтына – 21, «Болашақ» университетіне – 4, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне – 25, Қарағанды медициналық университетіне – 7, Сәтпаев университетіне – 1, «Нұр Мүбарак» университетіне 8 грант бөлінді.
Айта кету керек, 21 үміткерге отбасының жан басына шаққандағы табыстары белгіленген критерийлерден асып кетуі немесе ҰБТ-дан шекті балл жинай алмауы сияқты нақты себептермен әлеуметтік көмек тағайындалмаған. Ал 2 үміткер мемлекеттік грант иеленуіне байланысты өздері бас тартқан.
Талабымеy танылған Тоқтар
Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында мыңнан астам студент облыс әкімінің гранты негізінде білім алуда. Гранттың 2013 жылдан бері берілгенін ескерсек, түлектердің алды еңбек жолын бастап та кетті. Ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін Тоқтар Махмудов та осыдан 6 жыл бұрын әкім гранты арқылы Қорқыт ата атындағы университеттің студенті атанып еді. Қазір «Мелиоратор» серіктестігінде прораб.
– Мамандығым жігіттерге лайық. Өзім оқу орнын бітірген соң дәл осы мамандық бойынша еңбек етуді қалап, жұмыс қарастырдым. Сыр өңірінде егіннің өнімділігін арттыру, суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары өте маңызды. «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» мамандығы бойынша оқығандықтан прораб қызметіне қабылдандым. Қазір ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші кезеңі бойынша Жалағаш ауданындағы Бұқарбай батыр, Таң, Аққұм, Мәдениет ауылдарында жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылдың маусым айында басталған жобаны 2021 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған, – деді Тоқтар.
Ең бастысы, ол әкім гранты арқылы аймаққа қажетті мамандықты игерді әрі халықаралық жоба бойынша қызмет етуде. Университетте білім алған қатарлас достарымен қазір әріптес. Иә, Жаңақорғанның Жаңарығында туып-өскен Тоқтарға әкім гранты теңдессіз сый болды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<