Аймақ басшысы Арал ауданында болды

1054

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданында бірқатар нысанды аралады. Аталған өңірдегі қазіргі ахуалға байланысты жағдайды сараптап, Covid-19 індетімен күресудегі жұмыс барысымен де танысты.

Аймақ басшысы алдымен Арал қаласына аялдап, осындағы теміржол үстінен салынатын аспалы көпір орнына барды.

Аралдықтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелердің бірі осы. Себебі пойыз өткенде екі жақ беттегі тұрғындар үшін ұзынсонар кептеліс пайда болатын. Көлік қозғалысына қиындық тудырғанымен қоймай, кезек күттірмейтін жедел жәрдем мен өрт сөндіруші қызметінің де оңай соқпай тұр. Пойыз жүрген уақытта өткел жабылып, 2-2,5 шақырымға дейін кептеліс түзіледі. Өткел құрылысы салынған жағдайда аталған мәселе шешілері анық. Сондықтан теміржол үстінен көпір салу аудан халқы үшін өте маңызды.

 – Мұндай мәселе бізде екі ауданда болды. Бірі – Шиелі болса, екіншісі осы – Арал. Шиелідегі көпір мәселесі былтыр шешілді. Қазір Арал қаласының өзінде қырық мың халық бар. Теміржолдың екі жағында орналасқан тұрғындар үшін бұл қиындық туғызып тұр. Өйткені, қаладағы көлік қатынасы бір ғана теміржол өткелі арқылы жүргізілуде. Жоба-сметалық құжаттамасын дайындауға қаржы бөлінді. Көпір құрылысына бюджеттен ақша бөлінсе, бұл мәселе түбегейлі шешіледі, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов.

Бүгінде аудан бюджетінен бөлінген 9,8 млн теңгеге көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Ұзындығы 83 метр болатын аспалы өткелдің жоба-сметалық құжаттамасын дайындауға 33 млн теңге қаржы қажет.

Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы сапары «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығында жалғасты. Қорық Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің шешімі бойынша 1939 жылы құрылған. Өткен жылдың тамыз айында Үкімет қаулысымен Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр сағасынан 2300 гектар жер қорық меншігіне беріліп, бүгінде жалпы аумағы 163 126 гектарды құрайды. Қорықта қазір 57 адам қызмет атқарады.

– Дәл бүгінде осы жердің басты байлығы – 630 бас құлан қорық шекарасын мекендейді. Негізінде үш бөлікке бөлінген. Сексеуіл орманы жеткілікті. Жануарлар көбіне Қасқақұлан аймағында жүреді. Мұнда үш су скважинасы орналасқан. Құлан, сирек кездесетін ақбөкен, қарақұйрық осындағы суаттан су ішіп, үнемі қадағаланып тұрады, – дейді қорық директоры Зәуреш Әлімбетова.

«Барсакелместе» өзекті өсімдіктер флорасына жататын шөптің 325 түрі бар. Жылдың әр мезгілінде 250 түрлі құстар кездеседі, оның ішінде 33 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Мұнан соң аймақ басшысы А.Байтұрсынов ауылдық емханасының жұмысымен танысты. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емдеу мекемесінің 140 маманы 15 мыңнан аса тұрғынға қызмет етеді. Айта кету керек, мұнда COVID көрсеткіші күрт көбейген жағдайға қосымша жабдықталған 100 төсек-орын дайындалған. Емхананың үшінші қабатында 2 егу бөлмесі, егуге дейінгі және егуден кейінгі зал және 2 дәрігер бөлмесі орналасқан. Облыс әкімі емхана дәрігерлеріне індетпен күресті барынша белсенді жүргізуді және тұрғындар арасында екпе жайындағы түсіндірме жұмыстарын жандандыруды нықтап тапсырды.

Аймақ басшысы Арал ауданында болды

Өңір басшысы Арал ауданындағы индустриялық аймақты да аралады. Ондағы «QAZAQ CAMEL» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» зауытының құрылысымен танысты. Аталған нысан – түйе сүтін өңдейтін облыстағы алғашқы зауыт. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Қазір цех құрылысы толық аяқталған. Енді құрылғыларды орнату жұмыстарын жүргізетін мамандарды күтіп отыр. Биыл қыркүйек айында толық іске қосылатын зауытта 23 адам жұмыспен қамтылады деген жоспар да бар.

Сапар барысы аудан орталығында салынып жатқан № 71 мектеп-интернатының құрылыс орнында жалғасты. Бас мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылысты осы сәуір айынан бастаған. Мектеп-интернет жыл аяғына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Аймақ басшысы мердігер мекемеге құрылысты уақытында әрі сапалы аяқтауды жүктеді.

Былтыр Арал қаласында салынған 4 пәтерден тұратын 1 қабатты 10 тұрғын үй де назардан тыс қалған жоқ. Мердігер мекемелер «Арал-су-құрылысы» мен «Наурыз құрылыс» ЖШС үйлердің құрылысын былтыр уақытында бастап, толық аяқтаған.

Облыс әкімі «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің «Балықты тереңнен өңдеу және пластик қайық дайындау» цехының жұмысымен де танысты. Бұл өндіріс орны іске қосылса, жылына 4 мың тонна балық өнімдерін дайындай алады. Ал өнімді ішкі нарық пен ТМД елдеріне келетін сұранысқа сай жөнелтіліп отырады. Жергілікті жерден 50 адамды тұрақты жұмысқа тұрғызу көзделген.

Осы сапарында облыс басшысы Сексеуіл кентіне барды. 13 мың халқы бар кентте бала санының өсімі байқалады. Оған дәлел – биыл ақпан айында құрылысы аяқталған 300 орындық мектеп. Темір жолдың бергі бетінде орналасқан тұрғындар ұсынысы әу баста ескеріліп, жаңа №283 орта мектеп құрылысы дер уақытында аяқталды. Алдағы оқу жылында балалар жаңа білі шаңырағының табалдырығын аттайды.

Одан әрі Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның теміржолшыларға арнап салып жатқан 38 екі пәтерлі тұрғын үйге барды. Бас мердігер «Базис СК» ЖШС тұрғын үйлердің құрылысын 2014 жылы бастаған. Қазіргі уақытта 8 үй пайдалануға берілсе, қалған 30 үйдің құрылысы аяқсыз қалған. Өңір басшысы аталған мәселенің шешу жолдарын талқылады.

Облыс әкімі бастаған делегация Жақсықылыш кентіндегі «АралТұз» АҚ-да болды. Ас тұзы және техникалық тұз өндірумен айналысатын кәсіпорын осыған дейін екі испан цехын іске қосқан еді. Бұл зауыттағы еңбек өнімділігін екі есе арттыруға, 1200-ден астам адамды жұмыспен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өндіру және өткізу көлемі үш еседен асты, экспорттық өнімнің үлесі 75%-ке жетті. Былтыр құны 8,8 млрд теңгені құрайтын 480,2 мың тоннаның өнімі өндірілсе, 6,7 млрд теңгені болатын 317 мың тоннадан аса өнім экспортталған. Бүгінде үшінші испан цехының құрылысын жүргізіп жатқан өндіріс басшылығы бұл цехтың жылына 120 мың тонна тұз өндіруге қабілетті екенін айтып отыр.

Аймақ басшысы Арал ауданында болды

– Үшінші цехтың құрылыс бітуге таяу, алдағы айларда іске қосылады. Қазіргі кезде тұтынушылардың өнімге қояр талабы зор екенін байқап, сапасына баса мән беріп келеміз. Испан технологиясын пайдаланып, осы цехты іске қоссақ тағы да 200 адам жұмысқа алынады. Ал бұдан шыққан өнімнің 20 проценті ішкі нарыққа бағытталса, қалған 80 проценті шетелге экспортталады, – дейді кәсіпорынның әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры Нағашыбай Әуесханов.

Жақсықылыштағы сапар барысында зауыттың перспективалық жоспарларымен танысқан аймақ басшысы облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысына жобаның іске асырылуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Инвесторға қолайлы жағдай жасап, зауыттың дер кезінде іске қосылуына атсалысу қажет екендігін жеткізді.

Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы жұмыс сапары Сапақ елді мекені мен Аралқұм ауылдық округінде қорытындыланды. Облыс әкімі бұл ауылдарда ауыл ардагерлерімен және тұрғындармен кездесіп, ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Сондай-ақ тұрғындарға пандемия жағдайында сақтану шаралары туралы айтып, екпе індетті жеңудегі жалғыз жол екенін сөз етті.

Арал сапарын қорытындылаған облыс әкімі тілшілерге сұқбат берді.  Атқарылып жатқан жұмыстарды саралай келе, аудандағы өндіріс пен құрылыс саласындағы шешілуі тиіс мәселерді  де қозғап өтті.

– Жұмыс сапарымның басты мақсаты COVID-19 індетіне қарсы жүргіліп жатқан жұмыстарды өз көзіммен көру еді. Қазір Арал ауданына мыңға жуық вакцина келіп, халық арасында түсіндірме жұмыстарының жүргілуінің арқасында екпе жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, аудан бойынша 200 төсек-орын дайындалған. Дәрі мен керекті медициналық заттар жеткілікті. Ал мектептердегі ахуал бірқалыпты. Бастысы – халық пен балаларымыздың денсаулығын ұдайы назарда ұстау, – дейді облыс әкімі.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суретке түсірген Б.ЕСЖАНОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<