АЛА ДОПТЫ АСПАНДАТҚАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР

518

0

АЛА ДОПТЫ АСПАНДАТҚАН  МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда.

Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту үшін өз Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз процентін бұқаралық спортқа тарту туралы айтты.

Осыған сәйкес, бүгінгі күні республиканың түкпір-түкпірінде жастардың, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында спорттық жарыстар, турнирлер мен түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, өткізілуде.

Сондай жарыстардың бірі – Сыр өңірінде де дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шағын футбол лигасы. Турнир жастардың арасында бұқаралық спортты дамытып, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.

5 айға созылған жарысқа 9 команда қатысып, бақ сынасты. Сайдың тасындай кіл мықтылар жиналған бұл жолғы турнирдің салмағын облыс әкімдігінің жас мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме мамандарынан құралған «Яксарт» құрама командасы арттыра түсті. Мемлекеттік қызмет пен спортты қатар алып жүрген «Яксарт» командасы аталған турнирде оқ бойы озық шығып, жүлделі орынға қол жеткізді. Команда мүшелерінің мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мен нығайту бағытында атқарып отырған жұмыстары және спорттық жетістіктері басқа командаларға үлгі бола білді.

Жарыстың жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов арнайы келіп, турнир жеңімпаздарын марапаттады.

Бәсекеге қабілетті, жігерлі, жауапты тұлға қалыптастырып, бұқаралық спортты дамыту, бұл мақсаттағы жұмыстарға мемлекеттік қызметшілермен қатар жергілікті тұрғындарды да кеңінен тарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<