Бүгінгі таңда Бауыржан Момышұлы №76 көшесіндегі жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ басшысы Марсбек Молдабаев мәлімдеді.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев та қатысты.
Естеріңізге сала кетсек, жыл басында Қызылордадағы жатақханалардың бірінде орын алған апатты жағдайдан кейін арнайы комиссия құрылып, облыстағы барлық жатақханалардың техникалық жағдайы тексерілді. Сол кезде сарапшылар қаладағы 21 жатақхананың 3-нің жағдайы жақсы, 18-не жөндеу жұмыстары, оның ішінде 7-не күрделі жөндеу қажет екендігіне қорытынды жасады.
– 7 жатақхана бойынша қалалық әкімдік жобалық-сметалық құжатын әзірледі. Бүгінде Бауыржан Момышұлы 76 көшесіндегі жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Мердігер мекеме де анықталды. Қазіргі кезде үйдің қасбеті мен шатыры жөнделуде. Сондай-ақ, инженерлік жүйелері ретке келтіріледі. Жатақхана орталық кәріз жүйесіне қосылады, – деді Марсбек Молдабаев.
Сонымен бірге, қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев 7 жатақхана да тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделетінін атап өтті.
– Б.Момышұлы көшесі №76 үйде 48 пәтер бар. Тұрғындардың барлығымен дерлік кездесіп, бағдарламаның шарттарымен таныстырдық. Олардың келісімін алған соң, арнайы жоба әзірледік. Дәл осындай жұмыстарды Батырбаев көшесі 2А жатақхана тұрғындары арасында жүргіздік. Олардың 70 пайызы келісімін берді, жобалау жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, Мерей мөлтек ауданы 18Б жатақханасына да бағдарлама шеңберінде жөндеу жұмыстары басталады, – деді Берік Сәрменбаев.
Өзге де жатақхана тұрғындарымен дәл осындай кездесулер өтіп, түсіндіріледі.
– Әрине, тұрғындар тарапынан белсенділікті көре алмаймыз. Көбісі, келісімін бергісі келмейді. Егер тұрғындардың 70 пайызы келіссе, біздер бағдарлама аясында жөндеу жұмыстарын бастап кетер едік, – деді қала әкімінің орынбасары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<