Қызылордада облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында «Цифрландыру: аймақтардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында ІІІ халықаралық интернет-форум өтті.
Басқосудың модераторы, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының кеңес төрағасы М.Манкеев форумға спикерлер 3 мемлекеттен екі форматта қатысатынын, яғни залда баяндама жасайтынын және онлайн байланысқа шығатынын, уақытты жоғары бағалайтын қоғамда осындай форматтағы жиындарға жете мән берілетінін айтты. Негізінен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, осы бағдарлама аясында Қызылордада қолға алынған жобалар талқыланды.
Форумға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, елдік деңгейдегі ауқымды бағдарламаның өңірдегі алғышарттары, жетістіктері туралы баяндама жасады.
Халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесінің инфрақұрылымында құрылған «Astana Hub» халықаралық технопаркі ІТ-стартап жобаларды дамытуда өз жолын қалыптастырып үлгерді. Креативті мамандардан құралған команданың жұмысы жайлы айтқан «Astana Hub» бас директорының орынбасары М.Сәдуақасов аймақтармен әріптестік орнату мүмкіндіктері туралы мәселені де назардан тыс қалдырмады.
Форумға онлайн қосылған Татар-стан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ақпараттандыру және байланыс министрі Р.Шайхутдинов барлық қазақстандық технопарк мамандарын «Иннополис» қаласының тәжірибесімен танысуға шақырды. Росстаттың мәліметтеріне қарағанда, қазір татарстандықтардың 81,4 проценті мемлекеттік және муниципалдық қызметтерді электронды түрде алады. Бұл көрсеткішпен Ресейдің аймақтары арасында көш бастап тұр. Сондай-ақ халықтың 70,4 проценті федералдық қызмет көрсететін бірыңғай жүйеге қосылған. Жыл өткен сайын қызметтердің электрондық нұсқаға көшірілуі және оған деген сұраныстың артқаны байқалады.
Форумда «Сколково» мәскеулік басқару мектебінің жетекші сарапшысы И.Романовский қоршаған ортаны цифрландырудан «ақылды қалаға» өтудегі трансформацияның маңызына тоқталды. Жалпы цифрлық трансформацияның интернетке қолжетімділік пен инфрақұрылым жасаудан басталатын кезеңдеріне талдау жасады. Ал «DELL EMC» компаниясының аға консультанты А.Цимоха цифрландырудың «Жол картасы» мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, айқындықты, жеделдікті қамтамасыз ететінін, қағаз құжаттарды сақтауға кететін шығынды азайтатынын айтты.
Форум қонағы Қазан қаласындағы «Барс Груп» АҚ-ның халықаралық даму бойынша директоры И.Юсуфзаде экономиканы дамытудағы әлеуметтік саланы цифрландырудың артықшылықтары туралы баяндама жасады. Беларусь Республикасының Минск қаласынан келген «Какаду Девелопмент» компаниясының директоры Е.Карпович ТМД нарығында электронды коммерцияны автоматтандырудың қиындықтары және оны дамытудың мүмкіндіктері туралы мәселеге форум қатысушыларының назарын аударды.
Онлайн байланысқа Қытайдың Шенжен қаласынан Қазақстандағы «Huawei» компаниясы корпоративтік сату департаменті бас директорының орынбасары Жао Хонгбин, Мәскеуден «Техносерв» компаниясының өкілі В.Иванов, Украинаның Киев қаласынан «Reaktor.ua» платформасының негізін салушы және басқарушы әріптесі Е.Саранцов, Санкт-Петербургтен Ұлы Петр атындағы политехникалық университеттің аға оқытушысы Н.Гафуров қосылып, тақырыпқа сай ой-толғамдарын ортаға салды.
Форум соңында Қызылорда ІТ паркі мен «Astana Hub» халықаралық стартап хабы арасында әріптестік туралы, облыс әкімдігі мен «Какаду Девелопмент» компаниясы арасында «ақылды қала» технологияларын енгізу туралы, облыстық білім басқармасы мен «Барс Груп» компаниясы арасында цифрландыру жобаларын іске асыру туралы, сондай-ақ облыс әкімдігі мен «Транстелеком» компаниясы осы мақсатты жүзеге асыруды көздейтін меморандумдарға қол қойылды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<