АЛҒАН ҚОЛДАН БЕРГЕН ҚОЛ ҚАЙЫРЛЫ

745

0

АЛҒАН ҚОЛДАН  БЕРГЕН ҚОЛ ҚАЙЫРЛЫ Қайырымдылық жасау – адамның қанынан, әлде тегінен немесе өзегінен өрілетін қасиет. Жомарт жанның айналасына қамқорлық танытуы, ізгі амал жасауға сеп болуы – адамгершіліктің биік шыңы. – «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Асхат Жарқынбеков. Жосалы кентінде үздіксіз қайырымдылық шараларын жүргізіп келеді. Имамның бастамасымен кент дүкендерінде «Қайырымдылық сөресі» ашылды. Онда жақсы амал жасауға ниеттенген жандар сатып алған заттарының немесе азық-түлігінің мөлшерлі бөлігін қалдырып кете алады. Ал мұқтаж жандар керегін сөреден ала алады. Қайырымдылық жасаудың мұндай үлгісі облыста алғаш рет қолға алынып отыр. Аудан тұрғындары бұл бастамаға жоғары баға беріп, қолдан келген көмектерін беруде. Қайырымдылық жасаудың озық идеясын арқау еткен Асхат жетім балалар мен жесір аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап жеке кәсіпкерлермен бірігіп, акциялар ұйымдастыруда. Мәселен, өрттен зардап шеккен отбасыға мешіт жамағатымен бірге үй құрылысын салып беруге қолғабыс берген.

Бүгінде облыс орталығынан бастап аудан-ауылдарда «әлеуметтік дүкендер» ашылуда. Мұндай дүкен Жосалы кентінде де бар. Бірақ заттар тегін үлестіріледі. Оны зейнеткер Пернеш Өтепова ашты. «Әлеуметтік мейірім орталығы» деп аталатын дүкенде киім-кешек, аяқ киім немесе үйге қажетті тұтыну заттары бар. Мұнда аудан халқы артылған, пайдаланылмаған немесе жарамды дүниелерін әкеліп өткізеді. Есесіне мұқтаж жандардың көңілін толтырады. Бұл сауапты іске жұмылған жандардың бір парасы. Ал ауданда жақсы іске жанашыр ізгі ниетті, ақ тілеулі ел азаматтары қамқорлыққа зәру жандардың жанынан үнемі табылып жүретіні ақиқат.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­лама­лық мақаласы аясында қайырымдылық қасиет­терімен танылған бірқатар азаматқа аудан әкімі Сұлтан Мақашов «Жомарт жүрек» сыйлығын табыс­тап тұрып:

–  Қайырымдылық – адам баласы бойын­дағы асыл қасиеттердің бірі. Адами қасиет­тердің қадірлісі қайырымдылық болса, оны жасау қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, жүрек жыл­уын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін  қосу – адамның азаматтық парызы. «Жомарт жүрек» сыйлығының лау­реаттары туған өлкесінің әлеуметтік мәсе­лелерінің шешілуіне оң ықпалын тигізіп, қоғамдағы ізгі дәстүрлердің жалғасуына негіз болып отыр. Ауданда маңызды жобаларды жүзеге асырып, «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» аталымдары бойынша еліне жанашыр азаматтарымызды жас ұрпаққа үлгі ету керек. Туған топыраққа еңбегімен тағзым етер өздеріңіздей азаматтар көбейіп, қуаты арта берсін, – деді.

Арнайы құрылған комиссия шешімімен «Туған өлке» номинациясымен «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, «Жыл меценаты» «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев, «Жыл тұлғасы» жеке кәсіпкер Алмасбек Қаржаубаев, «Жылдың үздік ұйымы» аталымымен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Асхат Жарқынбеков, «Ерен еріктілік» номинациясымен волонтерлік қызметтерге белсене қатысқаны үшін Пернеш Өтепова марапатталды.

Осылайша, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының «Туған жер» бағыты аясындағы «Атамекен» шағын бағдарламасының «Жомарт жүрек» жобасына атсалысқан азаматтар құрметке бөленді. Олардың игілікті істерін елі, халқы әрдайым мақтан етіп жүретін болады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<