Алашқа ана, талайға пана болған Сыр елінің жүрегі – Қызылорда қаласында «Қала күні-2020» мерекесі тойлануда. Мереке барысында бірқатар нысандар ашылып, ел игілігіне берілді. Солардың бірі – Денсаулық және демалыс саябағы. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және қоғам қайраткері, ардагер, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов саябақтың лентасын қиып, демалыс орнымен танысты.
Сәнденген саябақ
іске қосылды
Облыс орталығының келбетіне көрік қосқан саябақ 35 гектар аумақты қамтиды. Мұнда тұрғындардың демалуына барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, веложол, 6 спорттық ойын алаңы, аяқсу каналы бар. Түнгі жарық шамдар мен орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылған.
– Құрылыс жұмысы 2018 жылы басталған болатын. Міне, қала күнінде аяқталып, тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Мұнда 20717 көшет пен 60 мыңнан астам гүл егіліп, 10450 шаршы метр аумақ абаттандырылды. Құрылыс жұмысына 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Саябақ қызылордалықтардың демалуына өте қолайлы орын болады деп сенеміз, – деді бас мердігер компания – «Бақ-Береке 2030» ЖШС директоры Айбек Ерназар.
Одан соң аймақ басшысы қайта жаңғыртудан өткен «Сыр ана» алаңына барды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша қайта жаңғыртудан өткен алаңның 3 мыңнан аса шаршы метрі көгалдандырылып, ағаш көшеттері егілген. Сонымен бірге жаяу жүргіншілер жолы мен спорттық-ойын алаңы, субұрқақтар салынған. Абаттандыру жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС жүргізген.
«Сыр ана»
салтанатқа бөленді
Бұл күні «Сыр ана» маңы ән мен жырға бөленді. Сыр өнерпаздары әуелеткен әсем ән мен мың бұралған би мереке көрігін қыздырғандай. Салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімі қызылордалықтарды айтулы меркемен құттықтап, жылы лебізін арнады.
– Биыл бас шаһардың 202 жылдығын атап өтудеміз. Қазақылық қаймағы бұзылмаған Қызылорда қаласының ел тарихында өз орны бар. 1925 жылы Кеңестік Қазақ республикасының алғашқы астанасы болды. Ұлтымыздың қазақ атауы қайтарылды. Мұны біз әрдайым мақтан етіп, ұрпақ санасында жаңғыртып отыруымыз керек. Екіғасырлық тарихы бар қала бүгінгі күні әлеуеті артып, экономикасы өрістеген, рухани-мәдени байлығы кемелденген іргелі қалалардың бірі болып өсіп келеді. Қала қарқынды құрылыс алаңына айналып, Сырдарияның сол жағалауына қарай дамып, кеңеюде. Биыл қалада аббаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүрді. Мерекеге орай «денсаулық және демалыс саябағы» пайдалануға берілді. Саябақта тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалған. Жаңа саябақ мәдени-рухани көпшілік іс-шараларын өткізетін орын болады. «Сыр ана» алаңы да қайта жаңғыртудан өтіп отыр. Мереке құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Жаңа мектеп ашылды
Мерейлі мерекеде сонымен бірге жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаппасбай батыр көшесінде бой көтерген 600 орындық мектеп типтік жобада салынған. Құрылысы 2018 жылы басталған білім ұясы оқушылардың сапалы білім алуына сәйкестендіріліп, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Физика, химия, биология кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бас мердігер – «Ария-Жаңа Астана» ЖШС. Облыс әкімі пайдалануға берілген жаңа мектеп жұмысына сәттілік тіледі.
– Қалада тағы бір білім ордасы бой көтеріп, бүгін, міне, пайдалануға беріліп отыр. Өздеріңізге белгілі карантин талаптарына сәйкес қазіргі уақытта оқушылар қашықтан білім алуда. Дегенмен, бұл уақытша қиындық. Балаларымыз жайлы, жылы ғимаратта сапалы білім алуы керек. Жаңа шағын ауданда орналасқан білім ұясы – №282 мектеп-лицейі осы талаптан шығады деп сенемін. Мектеп ұжымына, ұстаздарға табыс тілеймін, – деді облыс басшысы.
Салтанатты шарада ата-аналар атынан Салтанат Аймаханова алғысын жеткізді.
Дәрігерлерге
ерекше сый
Мұнан соң облыс әкімінің қатысуымен «Дәрігерлер» аллеясы ашылды.
Облыстық көпбейінді аурухана маңынан ашылған аллея «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Нұрсұлтан Назарбаев даңғылын абаттандыру жобасы бойынша салынған.
Адам саулығының қорғаны болып жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі қандай құрметке де лайықты екені сөзсіз. Ақ халатты абзал жандарға арналған аллеяның ашылу салтанатында облыс әкімі мерекеге орай көпбейінді облыстық аурухананың кардиолог дәрігері, жас маман Ғалымжан Қоразов пен аурухананың реабилитация бөлімшесінің меңгерушісі Ғалия Әбеноваға жаңа пәтер кілтін табыстады. Бұл дәрігерлер үшін күтпеген сый болды.
Тарихи тұлға тұғыртасы
Мереке аясында мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырыс Қалиевтің ескерткіш-мүсінін ашу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, соғыс ардагерінің жары Қалзира Қалиева, қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері қатысты. Шарада алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың Сыр жұртшылығына арнайы жіберілген құттықтау жеделхаты оқылды. Онда «Қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, еліміздің жарқын болашағы жолында қажырлы қызмет еткен тарихи тұлға Ы.Қалиевтың ескерткішінің Қызылорда қаласында орналасуы – өскелең ұрпақ үшін ерекше үлгі-өнеге. Халқымызға талай біртуар қайраткерлерді тарту еткен Сыр елінде өскен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын іске асыруда ерекше еңбек сіңірді. Аймақтың абыройлы қайраткері Ы.Қалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына бар күш-жігерін салды. Ғибратты ғұмырдың үлгісін көрсеткен тарихи тұлғаның тұғыртасы өскелең ұрпаққа өнеге болсын» делінген.
Облыс әкімі шарада барша қызылордалықтарды айтулы мерекемен құттықтап, Ы.Қалиевтің елге сіңірген еңбегін атап өтті.
– Біз қашанда асылды ардақтай білген халықпыз. Елбасы алаштың анасына балаған Сыр өңірінен шығып, аты алашқа белгілі болған арыстарымыз аз емес. Соның бірі де бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек және соғыс ардагері, адалдығы мен азаматтығы биік, парасатты ісімен ел есінде қалған – Ыдырыс Қалиев. Ол еңбек жолын қарапайым теміржолшыдан бастап, облысты басқару дәрежесіне дейін көтерілді. 1943 жылы әскерге шақырылып, қан майданда ерліктің үлгісін көрсетті. Облыста лауазымды қызметте болған кезі сол заманның талабы мен мүмкіндіктеріне сай аймақтың өсу жылдары болды. Қызылорда платинасы, картон зауыты, қалада көпқабатты үйлер салынды. «Батыс», «Ақмешіт», «Мерей» оңтүстік ықшам аудандары бой көтерді. Мұнай өндірісі дамып, өнім шығара бастады. Кірпіш зауыты, конструкциялық қабырға материалдар комбинаты, экспериментальды жөндеу Рисмаш зауыты, мыңдаған өндірістер пайдалануға берілді. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі мен Н.Бекежанов атындағы драма театры салынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға» атты мақаласында «біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын, тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек» деп атап өткен болатын. Осы орайда туған жерін дамытуда өзіндік қолтаңбасы қалған мемлекет және қоғам қайраткеріне деген шынайы құрметіміз ретінде Қызылорда қаласында Ы.Қалиевтің ескерткіш мүсіні қойылды. Ғасырға жуық өнегелі өмір сүрген, абыройлы ғұмырында парасат биігінен көрінген ағамызды елі еш ұмытпайды, – деді облыс әкімі.
Ы.Қалиев зейнетке шыққаннан кейін де еңбекке араласып, облыстық мұрағат басқармасын басқарған тұста Алматы, Мәскеу, Орынбор, Ташкент мұражайларынан Сыр өңіріне қатысты көптеген құнды деректерді, жәдігерлерді жинақтап, облыстың мұрағат қорын жоғары деңгейге көтерді. Сондай-ақ Жалаңтөс баһадүр атындағы қор құрып, батырдың есімін ұлықтау жолында сан түрлі шаралар ұйымдастырып, ескерткіш орнатуға ықпал етті. Жауапты қызметтерді атқара жүріп, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы және елінің нағыз патриоты екенін көрсетті. Ел мүддесі жолындағы еселі еңбектері үшін еңбек ардагері тәуелсіз еліміздің «Құрмет» орденімен, 2 рет «Еңбек Қызыл Ту», «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және Қызылорда облысының, Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы аудандарының Құрметті азаматы атағымен марапатталды.
Шара барысында жары Қалзира Қалиева құрмет көрсеткен барша халыққа алғысын білдірді.
Айта кету керек, ескерткіш-мүсіннің биіктігі – 1 метр, тұғырының биіктігі – 2,3 метр. Қола материалынан дайындалған. Ескерткіш-мүсіннің авторы – суретші-мүсінші, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Амангелді Кененбаев.
сол жағалау тұрғындары көбеюде
Қала күні қарсаңында өткен маңызды шаралардың бірі – сол жағалауда «Нұрлы-Жер» бағдарламасы аясында салынған кредиттік тұрғын үйлердің кілтін табыстау рәсімі. Аймақ басшысы кезекте тұрған 20 тұрғынға жаңа пәтер кілтін табыстап, құттықтады.
– Бүгін – екіғасырлық тарихы бар қала күні. Мерейлі мерекеге орай бірнеше іс-шара өтіп жатыр. Енгізілген карантинге қарамастан, аймағымызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Облысымызда 276 әртүрлі құрылыс нысандары қайта жөндеуден өтті. Соның бірі – көпқабатты жаңа тұрғын үйдің берілуі. Баршаңызды мерекемен қатар келген қоныс тойларыңызбен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде жаңа пәтер алушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға алғысын жеткізді.
– Баспана бақытына кенелу мен үшін арман еді. Сол арманыма бүгін қол жеткізіп, сол жағалаудың тұрғыны атандым. Елімізде осындай игі бағдарламалар көбейіп, жастардың қоныс тойын тойлай беруіне тілектеспін, – деді пәтер алушы Ақерке Нұрғалиева.
Айта кетсек, пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер мекеме – «Бақ-береке 2030» және «Дәнекер» ЖШС.
Айнұр БАТТАЛОВА,
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<