АЛҒАШҚЫ ТОҚСАН: ДАМУҒА ДЕМ БЕРГЕН ТЫҢ БАСТАМАЛАР

447

0

АЛҒАШҚЫ ТОҚСАН:  ДАМУҒА ДЕМ БЕРГЕН ТЫҢ БАСТАМАЛАР Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттердің, ҚР Үкіметі мен облыс әкімдігі арасындағы Меморандум индикаторларының, I тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы міндеттер талқыланды. Осы жолғы басқосуға  аудан әкімдерімен бірге ауылдық округ әкімдері де қатысты.

Аймақ басшысы ең алдымен Үкімет басшысы сапарының нәтижелерін баян­дап, берілген тапсырмаларды орындау үшін қолға алынған шараларды атап өтті. Сапар барысында ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев облыс активімен кездесіп, кәсіпкерлермен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен Елбасы Жолдауын іске асыру тетіктерін талқылаған бола­тын. Сондай-ақ, үкіметтік делегация «Қараөзек» компрессорлық станциясына, Байқоңыр қала­сына барды, «Аралтұз» АҚ мен Арал ауданындағы балық өңдеу зауытының жұмы­сымен танысты.  

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов Елбасы Жолдауын жүзеге асы­руды көздейтін жалпыұлттық іс-шара­лар жоспарының орындалуы, «Жасыл экономикаға» өту барысымен таныстырды. Аймақта тұрмыстық қалдықтарды өңдеу­де 2 кәсіпорын жұмыс жасайды. Қалдық­­тардан шатыр жабындыларын, тро­туар плиткаларын, тамшылатып суару құбыр­ларын шығаруда. Оларды жинақтау, сұрып­тау, тасымалдау бір жүйеге түсіп келеді.

ҚР Үкіметі мен облыс әкімдігі ара­сындағы Меморандум индикаторлары­ның орындалуына ай сайын мониторинг жүр­гізіледі. Индикаторлардың басым көпшілігінің орындалу деңгейі жоғары. Орындалмау қаупі бар сала – денсаулық сақтау саласы. Бұл ретте медицина маман­дары ана мен бала өлімінің алдын алуда мақсатты жұмыстар атқаруы керек.

Облыс әкімінің 2018 жылға арналған іс-қимыл жоспарының орындалу бары­сына тоқталған хабарламашы 3 айға межеленген шаралардың толығымен атқа­рылғанын атап өтті. Кәсіпкерлікті дамы­тудың жол картасы әзірленіп, 32 млрд теңге жұм­салатын 67 іс-шараны жүзеге асыру бас­талды. Ауыл шаруашылығы саласында аймақта өндірілген өнімді сататын арнайы сайт іске қосылып, ірі тауар өндірушілердің жарнамалары орналастырылды. Ден­сау­­лық сақтау саласын цифрландыру бойын­ша жол картасы қабылданды. Облыс экономикасына бюджеттен тыс көздерден қаржы тартуда да нәтижелер бар. Қазір аймақтағы 3 елді мекенде жеке инвес­тормен бірлескен ауылдық дәрігерлік амбу­латориялар құры­лысы басталды.

 Жыл басынан бері  облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 208,9 млрд теңгенің өні­мін өндірді. Өңдеу өнеркәсібінде де өсу байқалуда. Тамақ өнімдерін өндіру, мұнай өңдеу өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдарын, өзге металл емес минералдық өнімдер өндірісінің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,6 процентке қамтамасыз етілді.

Индустрияландыру бағдарламасы аясын­да жалпы құны 101,7 млрд теңгені құрайтын, 644 жұмыс орын құрылатын 4 жобаны  – табақша шыны шығару және өң­деу зауытын, екіокись молибден ұнта­ғын үшокись молибденге техникалық айнал­дыру өндірісін, тампонаждық цемент зауытын, балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын іске қосу жоспарлануда.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік ая­сын­­да құны 29 млрд теңгеден асатын 66 жоба, Еуропалық даму және қайта жаңғырту банкімен бірлесіп облыс орта­лығының жолаушылар тасымалдау жүйесін жаңғырту және жылу, су, электрмен қамту жүйелерін жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асуда.

Бүгінде 41 әлеуметтік нысанның құры­лысы жүргізіліп, оның 30-ы биыл пай­далануға беріледі. Қалған 11 нысан 2019 жылға өтпелі. Облыс әкімінің орын­басары пайдалануға берілген тұрғын үй, ауыл шаруашылығы өнімдерінің, жүк тасымалдаудың көлемі,  жолаушы тасы­малы туралы мәліметтерді ұсынды. Жұ­мыс­­сыздық деңгейінің 4,8 проценті құра­ғанын айтты.

Аймақ басшысы экономиканы әртарап­тандыру бойынша әрі қарай атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Қазір біздің облыс макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикадағы алғашқы бестіктен орын алды. Құны 82 млрд теңге тұратын 17 жобаның жүзеге асуы индустрияландыру бағдарламасының 1 кезеңін табысты қоры­тындылауға мүм­кіндік берді. Енді 2 кезеңде 620 млрд теңгенің 26 жобасы жүзеге аспақ. 

Мәжілісте облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының мін­детін атқарушы М.Қалдарбеков салық базасын кеңейту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Жергілікті бюд­жеттің түсім толық­тығын қамтамасыз ету және бюджеттің кіріс көзін ұлғайту бағы­тында мем­лекеттік сатып алу аясын­да бюджеттен қаражат алған салық төлеушілердің салық есептілігіне камерал­дық бақылау жүргізілуде.

Табиғи ресурстар және табиғат пай­да­­лануды реттеу басқармасынан балық аулауға рұқсат алған табиғат пай­даланушылар туралы, ауыл шаруашылығы басқармасынан тауар өндірушілерге берілген субсидиялар бойынша мәліметтер алынған. Экология департаментімен бірі­гіп, өндіріс қалдықтарын орна­ластырған мердігер компаниялардың мәліметіне де бақылау бар.

Уәкілетті және жергілікті орган­дардың мәліметтері негізінде жүргізілген салықтық бақылау  нәтижесінде жергі­лікті бюджетке қосымша 412,5 млн теңге түскен.

Хабарламашы бюджетке қосымша резерв көздерін қамтамасыз ету, салық базасын ұлғайту, түсімді толықтыру бағытындағы жұмыстарды атай келіп, кәсіпкерлерді тіркеу жұмыстарының нә­тижесін баяндады. Қазір тұрғындары 2000 адамнан асатын ауыл әкімдеріне арналған 4 деңгейлі бюджет енгізілген. Бұл ретте ауылдық округ әкімдерінің белсенділігі керек. М.Қалдарбеков Алматыда, Жамбыл облысында тіркел­ген компаниялардың біздің облыс аумағында құрылыс, инфрақұрылым жұмыстарын жүргізіп жатқанын, олардың жергілікті кіріс органдарына тіркелуіне әкімшілік тарапынан ықпал жасау туралы ұсыныс айтты.   

Облыс әкімі Қ.Көшербаев мұ­най өн­діру көлемінің күрт төмен­де­геніне қа­рамастан, салықтық базаны ұлғайтуда ат­қарылған нәтижелі жұмыстарға тоқ­тал­ды. Экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы көп жетістікке қол жетті. Егер 2013 жылы облыс бюджеті 107 млрд шамасында болса, бүгінде 300 млрд теңгеге жуықтады.

Аймақ басшысы, әсіресе, ауылдық округ әкімдіктері мамандарының білік­тілігін арттыру туралы тапсырма берді. Дербес бюджет берілген ауылдарда талап күшейеді. Мұндайда сауатты кадрлардың тапшылығы сезіледі. Жауапты жұмысты ағайындыққа салып,  өз ісін білмейтін мамандарға сеніп тапсыруға болмайды. Ауылдық округ әкімдіктерінің бухгалтер, кассирлерінің жұмысы бақылауда болуы тиіс.  Ал  әкімдер өз құзыреттеріне қатысты барлық заңнамалардың сақталуын қамтамасыз етуі керек.

Биылғы жыл – аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы»  болып жарияланғаны белгілі. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өз-өзін жұмыспен қамтығандарды кәсіпкер ретінде тіркеуге мүмкіндік береді. Жаппай кәсіпкерлікті қолдауға 32 млрд теңге (оның ішінде қайтарымсыз гранттар да бар) бөлу республиканың басқа өңірлерінде жоқ тәжірибе. Енді осы қаржыны игерудегі жұмыстар жан-жақты үйлестірілуі тиіс.   

Осы жиында Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлы жиналғандарды бірінші тоқсанның қорытындысымен, өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіптің, тұрғын үй салудың қарқыны туралы хабардар етті.

Жаңақорған ауданының әкімі Ғ.Әміреев ауданның 2016-2020 жыл­дарға жасалған агрокартасына сәйкес бақша және көкөніс дақылдарының,  майлы дақылдардың егіс көлемін 2 есеге арттыру, алынған өнімдерді экспорттау және терең өңдеу бағытындағы жұмыстарды айтты. 

Мәжілісте облыс әкімінің орынба­сары С.Сүлейменов Елбасының Бес әлеу­меттік бастамасын жүзеге асыру туралы хабарлама жасады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұр­ғын үй құрылысы мен инженерлік-ком­му­никациялық инфрақұрылым желі­лерін дамытуға мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 4,7 млрд теңге қаржы бөлінді, оның ішінде сатып алу құқы­ғынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 1,8 млрд теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларын іске асыруға 2,9 млрд теңге бағытталып отыр.

Жалпы бағдарлама аясында биыл  620,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу және жаңа тұрғын үй аумақтарына 217 шақырым инженерлік желілер жүргізу жоспарға алынған.

Ал «Сарыарқа» магистральді газ құбырына келсек, құны 370 млрд теңгені құрайтын жоба кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.  Бірінші кезеңде 2,7 млн адам газға қосылады.

Магистральді газ құбырына жер бөлу жұмыстары аяқталып қалды. Маусым айында құрылысты салтанатты түр­де бастау рәсімін өткізу жоспарланып отыр.

Бес әлеуметтік бастаманың жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымова мәлімдеді.

Облыста 2014-2015 жылы мектеп бітірушілердің 70%-ті, 2015-2016 жылы 95%-ті, ал 2016-2017 жылы 97 проценті университеттер мен колледж­дерге түсті. «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  облыстан 4922 студент білім алуда. 452 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербургтің оқу орындарында білім алса, 553 бітіруші облыс әкімінің грантымен университеттерде оқиды.

Жиында бейресми жұмыспен қам­­тыл­­ғандарды заңдастыру жөнін­де облыстық жұмыспен қамту­ды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдар­лама­лар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев айтып берді.  Облыс­та бейресми жұмыспен қамтылған ха­лықты заңдастыру, ел экономикасына және тиісінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тартудың 2018 – 2019 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Арнайы штаб құрылды. Байқоңыр қаласындағы бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру жұмыстары өте төмен деңгейде болғандықтан, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы облыстық  «Бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру» жөніндегі штабтың құрамына енгізілді.

Жол картасында белгіленген мерзімге сәйкес  студенттер, қайтыс болғандар,  көшіп кеткендер  санаттары  1 сәуірге аяқталуы тиіс болатын. Дегенмен, жыл басына осы санаттағы азаматтар саны  4,9 мыңды құраса 4,1 мың адам немесе 83,3 %-і  өзектендірілді. Нәтижесіз өз бетінше жұмыспен қамтылғандар мен тіркелмеген жұмыс­сыздар санатындағы азаматтар ерекше қолайсыздық туғызуда. Негізінен олар  өзектендірілмеген азаматтардың   80%-ін құрайды.

Мәжілістің күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті органдарға тапсырмалар жүктелді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<