Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 51-ші сессиясы өтіп, онда аймақ басшысы сөз сөйледі.
– Бүгін біз сіздермен бірге облыстың 2021-2023 жылдарға арналған кезекті үш жылдық бюджетін талқылап, бекітетін боламыз, – деді облыс әкімі. – Коронавирус пандемиясының әлі де болса күшейіп жатқаны ескеріліп, 2021 жылы да індетпен күресу және алдын алу шаралары жалғасады. Бұл тұрғыда өңір бюджеті басқа да сыртқы және ішкі факторларға, әсіресе ұлттық валютаның әлсіреуіне, минералдық ресурстар бағасының, мұнай өндірудің, бизнестің инвестициялық белсенділігінің төмендеуіне қарай әсер етеді.
Аймақ басшысы және атап өткендей, пандемияға байланысты республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің азаюы болжамдануына сәйкес жергілікті бюджеттерден республикалық бюджетке 200 млрд теңге көлемінде ағымдағы нысаналы трансферттерді қайтару қарастырылуда. Бұл тұрғыда Қызылорда облысының қайтару үлесі 9,3 млрд теңгені құрап отыр. Осы жағдайларға қарамастан, бұған дейін айтылған барлық міндеттемелердің орындалуы қамтамасыз етіледі.
– Ұсынылған жобада республикалық бюджеттен берілген трансферттерді қоса есептегенде 2021 жылға облыстық бюджеттің көлемі 411,5 млрд теңгені құрайды, яғни, 2020 жылмен салыстырғанда 144 млрд теңгеге ұлғайып отыр, – деді ендігі сөзінде облыс әкімі.
2021 жылғы бюджетті қалыптастыруда негізгі басымдықтар әлеуметтік сала, инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша бюджеттің барлық борыштық міндеттемелерін өтеу, мемлекеттік бюджетті оңтайландыру, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау мен шағын бизнесті несиелендіру, эпизоотияға қарсы іс-шараларды іске асыру және табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу, төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қолдау шаралары болады. Келер жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде даму бюджетіне 10 млрд теңге қосымша қаржы бөлу жоспарлануда.
Мұнан кейін облыс басшысы облыс мәслихатының 5-ші және 6-шы шақырылымдарының депутаты Аманкелді Арыспаевтың қызмет бабымен басқа өңірге ауысып жатқанын хабарлап, оның өңір дамуына лайықты үлесі мен депутат ретінде халықтың әл-ауқатын жақсартуда атқарған нәтижелі еңбегі үшін облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады.
Күн тәртібіне сай мұнан әрі облыстық мәслихаттың жыл көлемінде атқарған жұмыстары бойынша мәслихат хатшысы Қылышбай Бисеновтың есебі тыңдалды.
Мәслихат хатшысы есепті кезеңде алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың 14 сессиясы (5-і кезекті, 9-ы кезектен тыс) өткізіліп, жалпы саны 167 шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл шешімдер уақытылы облыстық әділет департаментіне және тиісті органдарға жолданған. Бүкіләлемдік пандемияның салдарынан 4 сессияны онлайн режимде өткізуге тура келген. Облыстық мәслихаттың жалпыға бірдей міндетті маңызы бар 26 шешімі әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланды.
Қ.Бисенов өз сөзінде мәслихат аппараты сессияда қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы мәліметтерді жинақтап, депутаттарды дер кезінде ақпараттандырып тұратынын жеткізді. Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау туралы 2019 жылы қабылданған мәслихат шешімінің орындалу барысын және атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында Райкүл Байназарова бастаған облыстық мәслихат депутаттары барлық аудандарда болып жұмыс жүргізді. Депутаттар мүмкіндігі шектеулі балалардың арнайы балабақшалар, мектептер мен жалпы білім беретін мектептердегі жабдықталған инклюзивті кабинеттердің жай-күйімен танысып, мәслихат шешімінің оңтайлы қабылданып, жүзеге асырылып жатқандығын көрді.
Жылдық бюджет тиісті аумақты басқарудағы негізгі құжат саналатындықтан, жыл бойы түрлі себептерге байланысты оны нақтылап отыру қажеттігі туындайтынын айтқан мәслихат хатшысы нақты деректерді сессияға қатысушылар назарына ұсынды.
Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 12 желтоқсандағы 40 сессиясында бекітілген «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне ағымдағы жыл ішінде (қаңтар-желтоқсан айларына дейін) 6 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп нақтыланды. Осы нақтылаулардың нәтижесінде 2020 жылға арналған облыстық бекітілген бюджет 267,5 млрд теңгеден 1 қарашадағы жағдай бойынша 328,5 млрд теңгеге дейін көбейтіліп немесе 22,8%-ке өсті. 2020 жылы облыстық бюджеттен әлеуметтік салаға 96,8 млрд теңге бөлініп, 29% құрап отыр.
– Алтыншы шақырылған облыстық мәслихат депутаттары тарапынан 2020 жылға әзірленген ұсыныс-пікірлер мен проблемалық мәселелер бойынша қаржысы 54,1 млрд теңгені құрайтын 222 сұрақ түсіп, оған талдау жасалып, шешімін табуы үшін атқарушы органға жолданды. Келіп түскен 222 сұрақтың 85-іне 28,3 млрд теңге қаржы бөлініп, барлық сұрақтардың 38% шешімін тапты. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарға талдау жасалып, атқарушы билікпен бірлесе республикалық бюджет есебінен шешуге ұсынылған құны 17,3 млрд теңгенің 24 мәселесі нақтыланды. Сонымен қатар, жобалау-сметалық құжаттардың мерзімі 2020 жылы өтіп кететін құны 2 млрд теңгенің 13 мәселесі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асыруға ұсынылған құны 9,9 млрд теңгенің 24 мәселесі белгіленді. Ал облыстық, қалалық, аудандық бюджеттердің мүмкіншілігіне қарай кезең-кезеңімен шешуге ұсынылған құны 20,6 млрд теңге тұратын 137 мәселе бойынша жұмыс жасау ұсынылды, – деп атап өтті Қ.Бисенов.
Жылдық есепте сондай-ақ тұрақты комиссиялар жұмысына мән берілді. Тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» мәселе депутаттар және тиісті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен екі айға жуық уақыт талқыланып, бүгінгі сессияда шешім қабылданғаны айтылды.
Жалпы мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы оның ашықтығында. Депутаттар сайлаушылармен тұрақты түрде байланыс орнатып тұрады. Олардың жеке қабылдау кестелері ақпарат құралдарында, мәслихат сайтында, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жарияланған. Депутаттар жұмысы облыстық телеарнаның «Мәслихат» хабарында және мерзімдік басылымдарда тұрақты жарияланады.
Қылышбай Алдабергенұлы және атап өткеніндей, халық қалаулылары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына үнемі демеушілік көрсетіп келеді. Мәселен, «Біз біргеміз» акциясына үлес қосқан депутаттар әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға осы жылдың 9 айында 32,850 млн теңгеден астам қаржылық көмек көрсетіп, 1744 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Облыстық мәслихат депутаттарының бір тобы облыстық, аудандық ауруханаларға барлығы 33 оттегі конденсаторын алып берген.
– Әріптестеріміздің көмегі ем алып жатқан жандарға үлкен демеу болды. Қиын кезде елмен бірге болған депутаттарға сайлаушылар ризашылығын білдірді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланып жатса, кейбір әріптестеріміз жариялылықты қаламай, демеушілік жұмыстарын осы уақытта да жүргізіп келеді, – деді мәслихат хатшысы.
Сөз соңында Қ.Бисенов сайлаушылар аманатын орындап, мәслихаттың қоғам алдындағы абыройын көтеріп, лайықты еңбек етіп жүрген әріптестеріне шынайы алғысын жеткізді.
Сессия барысында депутаттар қоғам қайраткері Сейітсұлтан Әйімбетов пен эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлына «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысты қолдап, дауыс берді.
Мұнан соң күн тәртібінде белгіленген өзге де мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<