Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, жиын кадрлық өзгерісті таныстырудан басталды.
Атап айтқанда, Ғалымжан Тасжанов облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Ол 1977 жылы туған. ҚР Қарулы Күштері әскери академиясы және Санкт-Петербург қаласындағы Михайловск әскери-артиллериялық академиясының түлегі. 1995 жылдан бері әскери қызметте. 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Қызылорда қаласы қорғаныс істері басқармасының бастығы қызметін атқарып келді.
Одан кейін күн тәртібіне сәйкес мектептердегі орын тапшылығы, үш ауысымда оқуды болдырмау мәселесі кеңінен сөз болды. Алдағы жылы аймақта 5-6 жастағы балалар саны 162 мыңға, ал 2020 жылы 165 мыңға артады деген болжам бар. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш былтырғыдан шамамен 6 мыңға көп. Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мәлімдегендей, 2019 жылы мектепке баратын балалар саны күрт көбеймек. Оған «Білім туралы» Заңға енгізілген 6 жасқа толған балаларды жаппай 1 сыныпқа қабылдау туралы өзгеріс түрткі болып отыр.
– Биыл 18986 бала мектеп табалдырығын аттады. Келер жылы 23186 оқушы мектепке қабылданады деп күтілуде. Бұл биылғымен салыстырғанда 4200-ге артық. Аталған факторлар мектептегі оқушылар тығыздығын арттырып, оқушы орнының тапшылығын тудырады, – деді сала жетекшісі.
Орын тапшылығын жою мақсатында жуырда Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында 3600 орынға лайықталған 6 мектеп пайдалануға берілді. Алдағы оқу жылдарында Арал, Жаңақорған аудандары мен облыс орталығында 4500 орынға қажеттілік байқалуда. Оның негізгі үлесі Қызылорда қаласына тиесілі. Мәселені шешуге құзырлы мекемелер білек сыбанып кірісіп кетті. Жаппасбай батыр көшесінде осы күні 600 орындық білім ошағы салынып жатыр. Ол іске қосылған жағдайда 1200 балаға орын табылмақ. Мектеп ашуға бизнес өкілдері де мүдделі. Мысалы, алдағы жылы әрқайсысы 300 орын болатын 2 жеке мектеп ашу туралы ұсыныс түсіп, бұл бағытта жұмыс атқарылуда. Бұл өз кезегінде 600 баланың біліммен қамтылуына мүмкіндік береді.
– Облыс орталығындағы 54 мектептің сыйымдылығы мен оқушылар санына талдау жүргізілді. Соның 15-де 4040 орын тапшылығы анықталды. Олар көп жағдайда лицей, гимназия статусымен, педагогтардың әлеуетімен, жоғары сапалы білім алу мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Ата-аналар алыста тұратынына қарамастан, балаларын осындай мектептерге береді. Осы орайда мектептердің статусын пысықтап, ата-аналар арасында түсіндірме жұмысын жүргізу қажет, – деді Майра Мелдебекова.
Аудандарға қарағанда қала мектептеріндегі жағдайдың күрделі екенін аймақ басшысы да ашып айтты.
– Мәселен, №2 «Мұрагер» мектебіне балалар сонау Гагарин, Титов, Шанхай, КБИ, теміржол вокзалы, «Ақмешіт», «Мерей», ескі базар, жаңа базар, «Арай», Тасбөгет жақтан қатынап оқып жүр. Қазір бұл қатарға Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі №264 мектеп-лицей қосылды. Ата-аналар бұған дейін аталған мектептерде орындықтар мен парталардың жетіспеушілігіне, оқушылардың парталарды кабинеттен кабинетке таситынына наразылық білдірді. Оның үстіне, 25 балаға арналған сыныпта 35-38 балаға дейін оқиды, санитарлық норма сақталмайды, – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, №2 «Мұрагер» мектебі 1200 орынға лайықталған, ал онда қазір бескүндік жүйемен 3700 бала білім алуда. Жоспарланған білім ошақтары салынып, пайдалануға берілген уақытта мәселе реттелуі тиіс. Аймақ басшысы мектеп құрылысын жүргізуге жеке инвесторлар тарту қажеттілігін, үш ауысымды оқу мәселесі 2019 жылы түбегейлі шешілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, аппарат мәжілісінде жылу маусымына дайындық барысы пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мәлімдегендей, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің 96 проценті жылу маусымына әзір. Әлеуметтік нысандар толығымен, кіші қазандықтардың 97 проценті жөндеуден өтті. Қыстан қысылмай шығу үшін әлеуметтік-мәдени нысандарға 28 мың тонна көмір, 25 мың тонна сұйық отын қажет. Жергілікті тұрғындардың қажеттілігі – 207 мың тонна.
– «Қазақстан теміржолы жүк тасымалы» компаниясының мәліметіне сәйкес, облыс бойынша тұрғындарға қажетті көмірдің – 28, ал әлеуметтік нысандарға 25 проценті жеткізілген. Қармақшы ауданына 22500 тонна отынның 6300 тоннасы келгенімен, көмір жинау орындарында көмір қоры мүлдем жасақталмаған. Сырдария ауданында көмірдің бір тоннасы 15 мың теңгеден 18 мыңға қымбаттады. Аудан әкімдігі мұны тасымал ақысының көтерілуімен байланыстырып отыр, – деді басқарма басшысы.
Осы орайда облыс әкімі құзырлы орындарға көмір тасымалдаумен айналысатын компаниялармен жұмысты үйлестіру, аймақтағы әлеуметтік нысандарды газдандыру мүмкіндіктерін қарастыру туралы тапсырма жүктеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<