Облыста тұңғыш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша 1-ші облыстық азаматтық бастамашылар конгресі өткізілді. Конгресс мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда күш біріктіруге және олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Шараға мемлекеттік орган басшылары, облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері, арнайы мониторингтік топ мүшелері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы А.Мұхимов конгрестің мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда азаматтық қоғамды шоғырландыру маңыздылығын атап өтті.
– Жемқорлықсыз мемлекет құруды тиімді азаматтық бақылау институттарынсыз елестету қиын. Барлық ұсынылған қоғамдық бастамалар мен көтеріп жатқан проблемалық мәселелерге қатаң бақылау мен мониторинг болуы қажет. Сондықтан, агенттіктің алқасында жарияланған жобалардың бірі бұл қоғамдық бақылау картасы жобасы болды. Жобаның мәні мен мағынасы түсінікті әрі оңай. Қоғамдық бақылау үш түрлі тәсілдер арқылы жүргізіледі. Бұл – әлеуметтік желілер мен байланыс құралын пайдалану арқылы жүргізу. Қоғамдық бақылау азаматтарға арналған «Qamqor» қосымшасы арқылы және аудандарда жасақталған арнайы мониторингтік топтар арқылы жүзеге асырылатын болады. Осы көрсетілген бағыттар арқылы тұрғындар жол құрылысы мен құрылыс нысандарының, су құбырының сапасы, медицина, білім және өзге де салаларда орын алуы мүмкін жемқорлық әрекеттерге шұғыл, тікелей агенттікке ақпарат жібере алады және аталған мәлімет шұғыл қаралатын болады. Бүгінгі өткізіп отрыған конгресс өзара тәжірибе алмасуға, жаңа бастамалар мен прогрессивтік идеяларды жылжыту үшін маңызды алаң болады деп сенемін, – деді А.Мұхимов.
Сондай-ақ, конгресте «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда партияның атқаратын қызметі туралы айтып берді. Облыстық кәсіподақ орталығының бас маманы М.Боранбаева, облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, блогер Б.Нұрқожаев, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Түсмағамбетов және «Әділетті қоғам» бірлестігінің төрағасы А.Сабырханов жемқорлыққа қарсы тұруда азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі жайында баяндамалар жасады. Конгресте жемқорлыққа қарсы тұрудың шаралары талқыланып, алда тұрған мақсаттар мен міндеттер нақтыланды. «Туған жер», «Асыл мұра – орда» және «Самұрық» қоғамдық бірлестіктерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<