Түйе палуандар жарысының жеңімпазы – Еламан Ерғалиев

498

0

Түйе палуандар жарысының жеңімпазы - Еламан Ерғалиев Астана болған Ақмешіттің 200 жыл­­­дығына арналған шаралар ле­гінде «Евразия» спорт кешенінде қа­зақ күресінен түйе палуандар жарысы жалауын көтерді. Еліміздің әр түкпірінен 24 палуан қатысқан сайыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев спорт­­шыларға сәттілік тіледі. 

Аймақ басшысы қазақ күресінің дамуы қазақ халқының тамырын тереңнен тартқан ежелгі тарихымен астасып жат­қанын, ұлттық спорттың осы түрі өңірімізде ерекше өркен жайғанын айтып өтті.

– Сыр елінде қатарынан 9 мәрте ұйымдастырылған «Алтын белбеу» жа­­рысы аймақтағы ірі спорт жарыс­тарының біріне айналды. Тұңғыш «Қазақстан барысы» осы өңірден шықса, былтыр сол биікті тағы бір спортшымыз Еламан Ерғалиевтің бағындырғаны осы сөзіміздің дәлелі.

Бізден бастау алған турнир «Қазақ­стан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» болып, халықаралық деңгейге дейін көтерілуі жастардың осы спортқа қызығушылығын оятты. Қазір аймақта қазақ күресімен 400-ден астам спортшы шұғылданады, – деді аймақ басшысы.

Сайыстағы алғашқы белдесу қармақ­шылық Спандияр Алмаханов пен Қы­зылорданың атынан кілемге шыққан Нұрым Сәлімгереевтің арасында өтті. Бұған дейін де талай жарыста сыналып, 2015 жылы «Сыр барысы» атанған Нұрым белдесудің басында-ақ әдемі әдіс жасап, таза жеңіске қол жеткізді. Осыдан кейін өткен жекпе-жектер турнирдің мықтыларын іріктей түсті.

Финалда өткен жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев пен былтырғы «Сыр барысы» Мақсат Исағабылов кездесті. Қос мықтының белдесуінде Еламанның мерейі үстем болды. Оған 2 млн 800 мың теңгенің сертификаты табысталса, екінші орындағы Мақсат Исағабылов 800 мың, үшінші орын алған Айбек Серікбаев 400 мың еншіледі. Осылайша ұлттық спортты ұлықтаған турнирдің үш жүлдесі де жерлес спортшыларға бұйырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<