Апта басында тілшілік сапармен Сыр өңірінің құт қонған өлкесінің бірі, алтын дәннен тау тұрғызған биылғы чемпион – Жалағаш ауданына аттанғанбыз. Бұл аймақ облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігін өндіретін ынтымағы артқан, ырысы тасыған аудан ретінде де жұртшылыққа белгілі. Аудан әкімі Асылбек Шәменовке жолығып, елдің тыныс-тіршілігіне қанықтық. Кент орталығы мен елді мекендерде істелген нәтижелі жұмыстарға куә болдық.
Жалағаш – мал баққан, егіншілікті кәсіп еткен, өзіндік тарихы мен дәстүрі бар орныққан аудан. Заман талабына сай ауылшаруашылық көшін түзу ұстаған. Кезінде күріштің көлеміне қатысты Сыр өңірінің «Қостанайы» атанған бұл аймақ бүгінде сол тұғырдан таймай келеді. Биыл да 36731 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 21600 гектар күрішті ысырапсыз жинап, мол өнімді қамбаға құйды. Мал шаруашылығы саласында да төрт түлік басы өсіп келеді.
Иә, ауданда бұдан бөлек, атқарылып жатқан жұмыстар негізінен әр саланы дамытып, шағын және орта кәсіпкерлік арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған. Әкіммен ашық диалог барысында ұққанымыз экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен әлеуметтік мәселелерді шешуде жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасыпты. Даму көрсеткіштері де жылма-жыл артқан.
Жұртқа ұнаған
«Жол картасы»
Биыл ауданға «жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1 млрд 700 мың теңге қаржы берілген. Бағдарламаның көмегі айтарлықтай болыпты. Мысалы, кент ішінде көшелер жөнделіп, бірқатар әлеуметтік нысандар қайта күрделі жөндеуден өткен. Кей ауылдарға барар жол да тегістеліп, елді мекен ішіндегі ғимараттар өзгерген. Соның бірі – аудан орталығында орналасқан «Жауқазын» балабақшасы.
90 орындық мемлекеттік балабақша жақында ғана ашылды. 1985 жылы салынған ескі емхана ғимаратын қайта жөндеуден өткізген «ДГУ-Сервис» ЖШС бұған 250 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Екі қабатты балабақшаға айналған мекенде жалағаштық балалар бес топ бойынша тәрбиеленеді.
– Мердігер мекеме ғимаратты балаларға қолайлы етіп қайта жөндеді. Жып-жылы. Жарық молынан түседі. Есік алдына ойын алаңдары тұрғызылып, өзімізге керекті жабдықтардың барлығын алып берді. Төрт мезгіл ыстық тамақ дайындалып, 11 тәрбиеші бала тәрбиесімен айналысады. Ал барлығын қоссақ, балабақшада 25 қызметкер жұмыс істейді, – дейді «Жауқазын» балабақшасының меңгерушісі Бақытгүл Искакова.
Ескі емхананың шатыры түгелдей ауыстырылып, кәріз жүйелері қайта жабдықталыпты. Ішкі қабырғалары қайта сыланып, сыртқы қоршау да жаңаланған. Балалар жуынатын орын, дәретхана, ғимаратта өрт қауіпсіздігіне қатысты шығар есіктер қарастырылыпты.
Олардың келуі қиындау…
Жалағаш күріш егіп ғана қоймай, соған қажетті тыңайтқышты өздерінде қосымша дайындап отыр. Бұл сапарда анық көргеніміз осы болды.
Алдымен жергілікті жұрт «элеватор» атап кеткен, кеңес дәуірінен бері келе жатқан күріш ақтау зауытында болдық. «АгроХолдинг Қызылорда» ЖШС иелік ететін кәсіпорында 100-ге жуық адам еңбек етеді. Тәулігіне 100 тоннаға дейін күріш ақтауға қауқарлы зауыт та осында орналасқан.
– Алқаптан келген күріш осында сұрыпталады. Бірінші көліктегі күріштен зертханалық анализ алынады. Мысалы, ол ылғал болуы мүмкін. Дұрыс кеппеген, тазаланбаған, ішінде күріштен басқа өсімдік түрлері араласып жатса, белгіленген жерге аударамыз. Аудармас бұрын, таразыға тартамыз. Сол жерден бастап таза күрішті сұрыптау жұмыстары басталады, Бірнеше тазалау сатысынан әбден өткен соң нағыз күрішті ақтап, жоғары сапалы, сұранысқа ие өнім сорттарын нарыққа шығарамыз, – деп ішкі жұмысты таныстыра бастады кәсіпорынның атқарушы директоры Алмас Еспанов.
Өңделген күрішті ақтап, ішкі және сыртқы нарыққа жіберетін серіктестік аудандағы шаруа қожалықтарын қажетті құрал-жабдықпен қамтып жүр. Оған себеп шаруашылықтардан фьючерстік әдіспен күрішті сатып алатын кәсіпорын оларды алдын ала қаржыландырады.
Кәсіпорында мәселе жоқ емес. Ауыл шаруашылығы саласында жастардың келуі сирек. Мысалы, осындағы зертханада істейтіндер – егде кісілер. Алды зейнетке жақындап қалған. Орнын басатын қызметкер аз. Технологтар қажет дейді.
– Қызығушылық жоқ. Жастарды айтамын да. Бәрі бірден кеңсе жұмысына құмар. 40 жылға жуық осында табан аудармай келе жатқан қызметкерлер бар. Орынбек Кеңесбаев, Абатхан Тайшаев, сондай-ақ София, Роза сияқты апаларды мақтан тұтамыз. Салаға қызығатын қыз-жігіттер болса, олар да білгенін үйретер еді, – дейді серіктестіктің атқарушы директоры.
Кәсіпорыннан шыққан соң «Агрохимсервис» ЖШС-да болдық. Жылына 60 мың тонна түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіретін кәсіпорын биыл ғана ашылыпты. Он бес адам тұрақты жұмыс істейді.
– Негізгі қызметі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін барлық шаруашылыққа аммоний сульфатын жеткізу. Қазір Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы, Жалағаштағы шаруашылықтар егіс алдында, сондай-ақ тұқым себілгеннен кейін де осы тыңайтқышты пайдаланып жүр. Сұранысқа орай қажетті өнім дайындайтын мұндай өндіріс әзірге аймақта жалғыз, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің әдіскері Мақсат Мүбәрак.
Лифтісі бар екен…
«Жол картасының» ауыл-аймаққа біршама серпін бергенін әр сапарда байқап келеміз. Жалағаш жерінде тағы да көз көрді. Ауданға қарасты Қаракеткен ауылдық округінде жағымды жаңалық бар. Біраздан бері тозығы жеткен аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жосалы-Жалағаш-Қаракеткен» автожолы биыл жөнделіпті. Нәтижесінде 20 адам маусымдық жұмыс істеп, жалақы алған.
Қуаныштысы, осы округке қарасты 70 үйлі Далдабай елді мекенінде ауызсу нысаны іске қосылды. 370 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалып, ауызсу беру уақытылы басталған.
Бағдарлама берген несібеден Ақсу ауылы да құр қалмаған. Кіреберіс және ішкі көшелерге жарықтандыру жүргізіліпті. Бас-аяғы 25 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Айтпақшы, биыл Ақсуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында емхана да салынды. Жаңа ғимаратта 1 дәрігер, 11 медбике, 3 техникалық қызметкер ақсулық 1600-ден астам тұрғынға дәрігерлік қызмет көрсетуді бастап кетті.
Ал Мөрәлі Шәменов атындағы ауылда аталған бағдарлама аясында спорт алаңы қайта жөнделіпті. Қазір мұнда ауыл балалары доп қуып жүр. Мұнда жаңа әрі заманауи 140 орындық мектеп тұрғызылды. Биыл пайдалануға берілген оқу ғимаратының ерекшелігі қандай? Таратып айтсақ.
Былтыр осы ауданға жол түскенде жалпы құны 689,4 миллион теңгеге орта мектеп ғимаратының құрылысы жүріп жатқан еді. Бүгінде ұстаздар мен оқушылардың ыстық мекеніне айналған ғимарат ауылға көрік қосып тұр.
– Мектеп Әбдірашид Бердәулетов атында. Ол кісі осы елде төте жазу мектебін ашып, халық сауаттылығын арттыруда көп еңбек сіңірген. Оқыған, қоғамға қажыр-қайратын аямаған тұлғаға 1991 жылы мектеп аты берілді. Арнайы бұрыш ашылып, ұрпақтары арқылы деректер жинадық. Олар музей жасақтауға көмек берді. Екінші бір айта кететін жайт, соңғы салынған мектеп жаңа үлгіде, заманауи кластармен жабдықталған. Қажеттінің бәрі бар. Асхана, гимнастика залы, ойын алаңы, технология мен зертханалық кабинеттер. Оған қоса туған ауылды түлеткен азаматтар жайлы қосымша бұрыш орнаттық. Оқушылар сол арқылы өскен топырағының қасиетін сезініп, жақсы адамдарды үлгі тұтсын деген ниет бұл. Туған жерді, өлкені құрметтеуге тәрбиелеу – біздің ұстаздардың басты міндеттерінің бірі, – дейді мектеп директоры Сәбира Мұсаева.
Бір қызығы, мектеп екі қабатты болғанмен мұнда арнайы лифт те қарастырылыпты. Директордың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі бала мектепте оқығысы келсе, бұл оған үлкен көмек болғалы тұр. Бұрын-соңды ауыл мектебінен мұндайды көрмеген бізге бұл шынымен таңсық.
Айтпақшы, қала мектептеріндегідей дене шынықтырудан соң душ қабылдау бөлмесі жасақталыпты. Санитарлық талапқа сай, гигиеналық жабдықтар самсап тұр. Ыстық су бұрқырай ағады краннан. Оқушылар енді бұрынғыдай сонау 200 метр қашықтықтағы дәретханаға да бармайды. Барлық қажеттілік мектеп ішінде.
1925 жылы мешіт болып іргетасы қаланған шаңырақ бүгінде заманауи білім ордасына айналған. Ғасырға жуық тарихы бар мектепте 200-ден астам ауыл балалары білім мен тәрбиені қатар алып келеді. 36 педагог бар білгенін шәкірттеріне үйретіп жүр.
Министрге ұнаған мәдениет үйі
Еске салсақ, осы айдың басында Нұр-Сұлтан қаласында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері арасында фестиваль өтті. Республикалық деңгейдегі шараға еліміз бойынша 259 осындай мәдени ошақ қатысқан. Оның ішінде 97 ауылдық клуб бақ сынаған. «Рухани қазына-2020» деп аталатын, жүздің бірі үздік шығатын сайыста Жалағаштың Аққұмындағы ауыл клубы жеңімпаз атанған еді.
– Қаншама ауылдан келген мәдениет үйі мен клубтар бар. Өзіміз де алғашында сенбедік. Фестивальда «Үздік ауылдық мәдениет үйі, клубы» номинациясы берілді. Бір миллион қаржының сертификаты тағы бар. Бұл – барлық ұжым болып атқарған еселі еңбектің арқасы, – дейді клуб басшысы Гүлжайна Айтжанова.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өз қолымен тапсырған жүлде қалай алынды? Шарт бойынша үш жылғы жұмыс нәтижесін бес минуттық бейнероликке таспалаған ұжым мүшелері шын жұмыс істеп жатыр ма? Министрге ұнаған мәдениет үйінің ішін аралап жүріп, жүлдеге шынымен лайықты аққұмдықтар еңбегіне сүйсіндік.
Рас, клуб тамаша жұмыс істеуде. Ақ жаулықты әжелер жиналып, қолөнер үйірмесінде білгенін үйретеді. Бір бөлмеде ауыл қариялары шежірелі әңгіме шертіп, ара-тұра өз немерелерімен дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап отыр. Қазақы тәрбиемен ұштасқан ізгі әңгіменің бәрі де осында айтылады. 18 мыңнан астам кітап қоры бар кітапханада тұрғындар да баршылық екен.
Жалағаштағы ауылдық клубтар ішінде жалғыз би үйірмесі осы Аққұмда ғана. Бір кездері арнайы ауыл клубтарының деңгейін көтеру мақсатында облыста бес ауылдық клуб би залымен жабдықталса, соның бірі осы Аққұм ауылы болды. Үйірме жетекшісі Арай Қуаныш «Балауса» және «Алау» атты топтардан құралған 16 қызды түрлі халық биіне дайындап жүр. Ал «Қазына» ардагерлер хор ұжымы ән айтып қана қоймай, қосымша түрлі ойыншықтар тігіп, ауылдағы кішкентайларға сыйлыққа береді. Қытайдың резеңке сасыған ойыншығынан осы дұрыс еді ғой деп біз де мәз көңілмен бас шұлғығанбыз.
Еңбектің ер атандыратынын жан-тәнімен түйсінген еңбеккерлер қашанда көш басында екені белгілі. Несібесін жерден терген диқандар биыл да дән берекесін тасытты. Әрине, Жалағаштағы жұртшылық жұдырықтай жұмылғанда ғана жетістікке жететіндіктерін естен шығарған емес.
Айтпақшы, келесі сапар Сырдария ауданына.
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай.
Жалағаш ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<