ҒАЛЫМДАР 100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ПІКІРЛЕРІН АЙТТЫ

398

0

ҒАЛЫМДАР 100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ПІКІРЛЕРІН АЙТТЫ Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша алғашқы 18 оқулық қазақ тіліне аударылғаны белгілі. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушылары, дінтану ғылымдарының магистрі Әлібек Жаппасбаев пен экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнұров кітаптардың мазмұны мен білім беру процесіндегі маңызы туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

«Бұл аудармаларға АҚШ-тың ең мықты университеттерінде негізгі оқулық саналатын еңбектер таңдалып алынды. Соның бірі – Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы» кітаптарының І, ІІ томдары. Ауқымды кітап қазақ тіліне тікелей аударылған. Бірінші томында Антика философиясына тоқталса, екіншісінде орта ғасыр пәлсапасы ғылыми тұрғыда кеңінен баяндалады. Соңғысында автор «Адам деген кім?» деген сұраққа жауап іздейді. Ал, Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» еңбегінде алғашқы дәуірде өмір сүрген адамдардың наным-сенімі туралы тың мәліметтер бар. Бұл кітаптар мазмұны жағынан құнды екені сөзсіз»,-деді Әлібек Жаппасбаев.
Ал, экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнұровтың айтуынша, бұл оқулықтар қазақ тіліндегі гуманитарлық білім беру процесін дамытып қана қоймай, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтеді.
Айта кетейік, «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы 18 кітаптың таралымы 10 мың дана. Олар сатылымға шығарылмайды, еліміздегі жоғары және орта арнаулы білім ордаларына тегін таратылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<