АЛЫП ТҰЛҒА, СОМ БІЛЕК

420

0

АЛЫП ТҰЛҒА,  СОМ БІЛЕК Барша қазақтың абыройын зілтемірмен қоса аспанға көтерген Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралды.

Екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт мәрте Әлем чемпионы атағын жеңіп алған Илья Ильин 2008 және 2012 жылғы олимпиада ойындарында тыйым салынған дәрумендерді қол­данды деген желеумен жарыстардан шеттетілген болатын. Төрт жылдан кейінгі төрелікке оның отандастары ғана емес, әлемдік жанкүйерлері де әрі-сәрі күйде қалған. Бірақ, халық алтын ұлының өз тұғырына қайта шығатынына сенімін жоғалт­пады. «Илья мен үшін чемпион болып қала береді»  деген Елбасы сөзі де спортсүйер жұртшылықты сүйсінткен еді. 

Жақында Талдықорғанда ауыр атлетикадан ҚР чемпионаты болып өтті. Дүбірлі додада спорт­қа қайта оралған ауыр атлет Илья Ильин 102 келіге дейінгі салмақта бәсекелестерінен  бір бас жоғары екенін дәлелдеп берді. Ол жұлқа көтеруді 165 келіден бас­тады. Мұндай салмақты иінағаш құрлы көрмейтін Илья екінші мүмкіндігінде 170 келі, соңғы мүмкіндігінде жарысты 172 келі жұлқа көтерумен түйіндеді. Илья Ильинмен Азия чемпионы Рүстем Сыбай да бәсекелесті.

Cерпе көтеру жаттығуын Илья 200 келіден бастады. Екінші мүмкіндігінде мүлт кетіп, соңғы сәтте 208 келіні басынан асырды. Ал, Рүстем Сыбай діттеген салмақты екі рет ырқына көндіре алмай, ер кезегі үшіншіде 207 ке­ліні бағындырды.  Сөйтіп, Илья өз салмағында 380 келі (172+208) көрсеткішпен топ жарды. Рүстем Сыбай (171+207) болса, 96 келіге дейінгі салмақта Қазақстан рекордын жаңартты.

Жарыс соңында журналис­термен жүздескен Илья Ильин: «Мен қайта  оралдым. Үш жылдан кейін тұғырға қайта шығу оңай болмады. Сондықтан аз  салмақ көтеруден бастадым. Әрі қарай дайындаламыз. Нәтижем жоғары болса, Әлем чемпионатына қатысамын» – деді. 

Осы байрақты сында Қызыл­орда облысының ерлер құрамасы ерекше өнер көрсетіп, 360 ұпай­мен командалық есепте Алматы мен Шығыс Қазақстанды артта қалдырып, 1-ші орынды жеңіп алды. 

Осылайша облыс қоржыны 5 алтын (И.Ильин, Р.Сыбай, А.Зайчиков, А.Төлеген, Ә.Сады­қова), 2 күміс (Б.Айтбай, Ә.Ораз­бек), 1 қола (Н.Кеңесбек)  медальмен толықты.

Спортшылар қараша айында Ашхабадта өтетін Әлем чемпионатына қатысатын болады.

Алып тұлға, сом білек, алтын адам Ильяларыңызбен қайта қауыш­қынымыз құтты болсын!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<