ҚАЛЫПТЫ ДАМУ КЕПІЛІ

460

0

ҚАЛЫПТЫ  ДАМУ КЕПІЛІ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­­дауында елдің жаһандық бәсекеге қа­бі­лет­тілігін қамтамасыз етуде ел эконо­микасының өсіміне ерекше назар аударған болатын. Бұл ретте жергілікті бюджет түсімдерінің қам­тамасыз етілуі, оның игерілуі, орынды жұмсалуының маңыз­дылы­ғы айшықтала түседі.

Мемлекетке төленетін салық – кірістің негізгі бөлігі. Салықтан басқа, шикізатты сату, мемлекеттің иелігіндегі компанияларды сату сияқты операциялардан түскен пайда бюджеттің кірістеріне жатқызылады.

Әдетте, мемлекет бюджетінің шығын­дары кірістеріне тең болатындай етіп жоспарланады. Бірақ бюджетте белгіленген уақыт өткенде, шығындар кірістерден не кірістер шығындардан біраз артық болады. Сол сияқты, мемлекет, облыс деңгейінде барлық шы­ғындар мен кірістерге жыл ішінде өзге­рістер енгізіледі. Ал бюджеттің орындалуы – бұл қалыпты дамуымыздың кепілі.

«Қазақстан Республикасындағы жергі­лікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі бас­қару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14 және 15 баптарына сәйкес облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы жыл ішінде болатын өзгерістерді назардан тыс қалдырмай, үнемі қадағалап, тексеріп отырады. Биыл маусым айында өткен осындай комиссия отырысында облыстық бюджеттің 2017 жылға арналған атқарылуы қаралды. 

Есептік кезеңде облыс бюджеті бірнеше рет нақтыланған. Сондай-ақ, ай сайын бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан жолданған өтінімдердің негізінде бюджеттік заңнаманың шеңберінде қар­жы­ландыру жос­парларына өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде облыстық бюджет кірістері 100,2%-ке, ал шығыстары 99,9%-ке орындалса, жоспардан тыс облыстық бюджетке 435952 мың теңге артық түсіп, барлығы 227997 мың теңге игерілмеді.  2017 жылғы облыстық бюджеттің көлемі 190984 млн теңгеге орындалды.

Бюджет қаржысы есебінен көптеген әлеу­меттік-экономикалық проблемалар шешілді. Қаржының көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, ауызсумен қамта­масыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы, транспорт, инфрақұрылым, тұр­ғын үй құрылысы нысандарын дамытуға бағыт­талды.

Жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдердің өсу қарқыны жос­пар – 100,7%, нақты – 108,3% болды.

Жергілікті бюджеттің кірістеріне салық­тық және салықтық емес түсімдер 2016 жылмен салыстырғанда өткен жылы 3,4 млрд теңге артық түсірілді.

2017 жыл ішінде аудандық бюджеттерге 61489726 мың теңге субвенциялар уақытылы және толық көлемде аударылды.

Облыстық бюджет қаражаты есебінен аудандар және Қызылорда қаласы бюд­жеттеріне қаралған ағымдағы нысаналы трансферттер толық аударылды.

Комиссия отырысы барысында облыс­тық бюджеттік бағдарлама әкімші­лерінің есептері тыңдалып, егжей-тегжейлі талқы­ланады.

Бүгінгі күннің талабы тек бөлінген қаржыны толық игеру ғана емес, оны тиімді пайдалану, тікелей нәтижеге қол жеткізу болып табылады. Игерілмеген қаржы көлемі және оны игермеген басқармалар қатары да жыл сайын азайып келеді. Мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың игерілмеген қаржысы 65 млн теңгеге азайып отыр.

Сонымен қатар, бюджет қаржысын игеруде нәтижелілік және тиімділік прин­циптерін толық сақтамау салдарынан алашақ және берешек қарыздарының жіберілуіне жол берілген, бұл қарыздар облыстың 7 саласының бюджеттік мекемелерінің жалпы сомасының жиынтығымен айқындалып отыр. Ендігі мақсат осы қарыздардың орын алмауына бағытталуда.

Бүгінгі күн талабы – нәтижеге бағдар­ланған бюджет болғандықтан, бюджеттік бағ­­дарламалар мен ағымдағы тапсырмалар­ды тиянақты қамтамасыз етіп, халық­тың әл-ауқатын арттыру, аумақтық инфра­құры­лымдық дамуын ел игілігіне қызмет етуге барынша күш салу.

Райхан ЫСҚАҚОВА, 

облыстық мәслихат депутаты,

 «Экономика, қаржы және жергілікті 

басқару мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссия төрайымы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<