Анасыз жетім…

2952

0

Күміс – біздің іргелес көршіміз. Ылғи балаларымыз бірге ойнап, аз уақытта сырлас дос болып кеттік. Бірде Күміс іштегі сырын ақтарып, қиын өмірі жайлы маған бастан-аяқ баяндады. Сол сырын білген соң Күміске деген сый құрметім арта түсті.


– Мен, анамнан он жасымда айырылдым. Жылы өтпей жатып әкем басқа әйелге үйленді. Өгей шешем мені көргеннен кірпідей жиырылды. Өгей шешем не айтса да бұлжытпай орындап, үй шаруасын ұршықша үйірдім. Алайда әкем үйленген әлгі бейтаныс әйелге жақпай-ақ қойдым. Жетім қыз болған соң бауырына тартып, аналық мейірімін берудің орнына жыланша жиырылды. Бәлкім о дүниелік болған менің шешем марқұмды – күндесін көргендей күй кешті ме, кім білсін…


– Мына қыздың көзін құрт, әйтпесе мен төркініме кетем, – деп қиғылық салған соң, әкем мені марқұм анамның нағашыларына беруді жөн көріпті. Мені шешемнің сіңлісі Айман тәте қолына алды. Айман тәтенің үш баласы бар еді, күйеуі жол апатынан қайтыс болыпты. Енді мен ол кісінің төртінші баласы болдым. Алғашында әпкесін қимай еске алып, мені мүсіркей қараушы еді.


– Алтыным-ай, он жаста, есеймей жатып, жетім қалдың, әкең сенің бар-жоғыңды ұмытты. Туған қызын ұмытып, бір қатынның соңынан кетті. «Әкесіз жетім – жарты жетім, анасыз жетім – шын жетім» деген – осы. Жарайды, менің төртінші қызым боласың, балаларымнан кем көрмеспін,– деп, менің шашымды бір бұрым қылып өріп, мейірленіп отыратын. Уақыт өте келе жүрегі тастай суып қатыгезденіп, мені көрсе, албасты көргендей тыжырынып, әбден жек көріп, отырсам – опақ, тұрсам – сопақ қылатын әдет тапты. Әлде күйеуі өлген жесір әйелдің жүрегінің жылуы кетіп, өмірдің қиындығын көріп, қатыгездене бастады ма, ол жағын білмеймін. – Менің байғұс әпкемді жұтқан жалмауыз! Қара ниет болмасаң анаңнан айырылып, қара жамылып қалмас едің! Құдай аямағанды адам аямау керек. Ертеңнен бастап, таң сәрімен тұрып, сиыр сауасың! – деп зіркілдеді. Түнде жастығымды құшақтап жылап жаттым. Таңертең сиырдың емшектерін әрең саумалап, сиыр сауатын болдым. Ала сиыр мен қоңыр қасқа, қара сиырды сауып, шелектен қазанға құйып жатқанымда ыдыс-аяқтың сылдыры естілсе, Айман тәтемнің ұйқысы шайдай ашылып, бәріне кінәлі мендей еліріп айғайлайтын.
– Әй, қу жетім! Шелекті даңғырлатпа, менің қыздарымның ұйқысын бұзасың, жайлап құй! – деп діңкілдейтін. Айман тәтемнің үш қызы күн сәскеге келгенде ұйқысын қандырып, керіліп-созылып түрегелетін.
– Әй, қу жетім, самаурын қой, балалар оянды, дастархан жайып шай қой, – деп бұйрық беретін. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, топ-толық тығыршықтай қараторы қыз үш жылдың ішінде ап-арық қатқан қара қыз болдым. Үй жұмысынан бас көтермейтін болғандықтан оқу үлгерімім де нашарлап кетті. Менің осы қиын жағдайымды анамның бұрынғы досы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Марпия апай байқап жүрген. Бір күні сабақтан соң мені оңаша алып қалып, Айман тәтемнің үйіндегі жай-күйімді сұрады. – Күмісжан, бұрын марқұм анаң тірі кезінде ылғи «беске» оқушы едің, қазір «үшке» әрең жауап бересің. Байқаймын, Айман тәтеңнің үйінің отымен кіріп, күлімен шығасың, ол кісі адамгершілікті ұмытып, сені күң қылып алған тәрізді, – деп менен жауап күте қарады. Мен ол кісінің жаны аши қарағанын көріп, ұрыс-керістен басқа жылы сөз естімеген бала жүрегім езіліп, солқылдап жылап жібердім, өйткені ұстазымның жылы сөзі, шынайы жанашырлығы жанымды елжіреткен, құлағыма жылы тиген.
– Мен неге мамаммен бірге өліп қалмады екенмін, неге тірі қалдым екен, апай?! – деп солқылдап жыладым. Көптен бері кеудемді кернеген өксік өкініштен кішкентай жүрегім қарс айырылғандай күрсініп, мұң-зарымды айтып, күңірене жыладым. Марпия апай менімен бірге қоса жылады. Менің басымды кеудесіне басып, шашымнан сипап Марпия апай өткен істі, анамның қайтыс болғанын өкіне айтты.
– Әттең, анаң тірі болса, сені өстіп жылатып қоюшы ма еді, жарығым-ай?! Саған обал болғанын көріп жүрмін, үлкендер атқара алмайтын шаруаны сенің мойныңа артып, Айман апаңа не болған?! Сен ата жауының қызы емес, бір әке, бір шешеден туған, туған әпкесінің қызы екеніңді неге ұмытады? Неткен тасжүрек әйел! – деп біраз жылап алдық. Марпия апай көз жасын сүртіп, тас-түйін бір шешімге келгенін айтты.
– Күмісжан, ертең мектеп директорымен сөйлесем. Сені аудан орталығындағы мектеп-интернатқа берудің жайын ақылдасам. Ол жерде оқитындар – өзің сияқты жетім балалар, және алыс қыстақтарда тұратын малшылардың балалары. Мектеп-интернат мемлекеттің қамқорлығында, ол жерде балаларды қинап, ауыр жұмысқа салмайды. Сабағыңды оқуға мүмкіндік туады, мен апта сайын барып, хал-жағдайыңды біліп тұрам, – деді Марпия апай. Ертеңінде Айман тәте тегін малай-күңін қолдан шығарғысы келмей, байбалам салды.
– Бұл – менің туған әпкемнің қызы. Ешқайда жібермеймін, аудандағы мектеп-интернатыңа аттап баспайды, мен Күмісті туған қызымдай жақсы көрем, – деп біраз айқайлады. Мектеп директоры көрші-қолаңнан мән-жайды біліп алып, Айман тәтенің байбаламын құлағына қыстырмай, өзіне кейіп, бірталай ұрсып тастады. – Қаршадай қызды күңіңдей көріп, жұмысқа жегіп, таңсәрімен сиыр сауғызып, қамыр илетіп, тандыр нан пісіртіп, әбден үйреніп алған екенсіз. Байғұс баланың сабақ оқуға уақыты жоқ, марқұм анасы тірі кезінде үздік оқитын қыз баланы әбден жүнжітіп жібердіңіз. Әпкеңіздің аруағын сыйласаңыз, артында қалған қаршадай қызына неге аяушылық танытпадыңыз? Күміс аудан орталығына кеткен соң, өз қызыңызға осы жұмысты істетер ме едіңіз? Әрине, оларды аяйсыз, өйткені олар сіздің туған қыздарыңыз. Ал Күмісті аямай, жұмысқа салдыңыз. Байғұс баланың анасынан айырылған қайғысы аздай, қарғап-сілеп тыным бермедіңіз, ал енді бізге бөгет болмаңыз. Әйтпесе, балаларды қорғайтын заң орнына жүгінеміз! – деп тегін күңнен айырылғысы келмей шу шығарған Айман тәтемнің аузына құм құйғандай, аузын жапты.
Содан кейін интернатқа келіп, көзім ашылғандай болды. Уақтылы тамағымды ішіп, сабағымды оқып, оқу үлгерімім қайта жақсарды. Марпия апай уәдесінде тұрып, апта сайын келіп, маған тәтті-дәмді кәмпиттер әкеліп, әрқашан қамқор болып жүрді. Жақсы адамның аты жақсы адам ғой, анамның құрбы, досы Марпия апай күні бүгінге дейін туған анамдай қамқорлық танытып келеді. Мектеп-интернатты үздік бағалармен бітіріп, жоғары оқу орнына түсу үшін емтихан сұрақтарына дайындала бастағам. Аудан орталығындағы интернат орта мектепті бітірген соң жатақханадан шығарып жіберген. Сондықтан бірге оқыған Айжан деген құрбымның үйіне ілесіп келіп, күндіз-түні сабақтан бас алмай оқулық кітаптарын оқи бастағам. Айжанның нағашы ағасы көрші ауылда тұратын ересектеу жігіт Манап менің тұлдай жетім екенімді, енді жоғары оқу орнына түсуге талпынып жүргенімді сырттай біліп алыпты. Енді алма бақтың ішіне барып, оңаша жерде кітап оқи бастасам болды, мені аңдып отыратындай жаныма жетіп келіп, әңгімеге тартатын. Менің оқуыма кедергі болғасын басқа жерге барсам да іздеп тауып алып, мені айналшықтап шықпайтын болды. Бірнеше күннен кейін маған ұсыныс жасағандай болып, махаббат сезімін білдіріп, тұрмысқа шығуымды өтінді. Мен әлі жас екенімді, оқуымды жалғастыруым керек екендігін айттым.
– Күміс, мен саған бір көргеннен ғашық болып қалдым, – дегенін естіп, Айжанмен бірге ғана көшеге шығам, ал досым жоқта сыртқа аттап аяқ баспайтын болдым. Сөйтіп жүргенде менің оңаша қалған сәтімді пайдаланып, бір топ жігіт жеңіл машинаға қарсылығыма қарамастан зорлап мінгізіп, алып қашты. Көз жасым көлдей болып, «мен сіздерді танымаймын да, мені жіберіңдерші, менің әлі күйеуге тигім келмейді» – деп зарлап жылағаныма қарамастан анасы Бәтима басыма ақ шәлі жауып, табалдырықтан оң аяғыммен аттатқызып, бұлқынып кеткім келгеніне қарамастан шашу шашып, көрші ауылға келін қылып түсірді. Айжанның әке-шешесі мені алып кетуге келді ме десем, қайта осы үйде қалуымды өтініп үгіттей бастады, сөйтсем алдын ала мені күйеуге беруге өзара сөз байласып алыпты.

– Қарағым, бағың бар екен, жақсы үйге келін болып түстің, пешенеңе жазылған осы болар, әрі әке-шешеден ерте айырылған жетім қызсың. Айжан жаны ашып, үйімізге ертіп келгенін жұрттың бәрі біледі. «Жақсы үйге түскен – келін, жаман үйге түскен – келсап» деген, біздің жамағайын нағашымыздың ұлына келін болып түскенің жақсы болды, қызым. Айжанның досы екенін біліп, Бәтима құрдасым да сені келін қылып түсіруге ынтық болды, – дегені. Мен сол кезде ғана Айжанның әке-шешесі мені сыртымнан сатып жібергенін біліп, одан сайын өкіндім. Бас құдағи ретінде Айжанның шешесінің қолына алтын сақина, құлағына алтын сырға тақты. Айжанның әкесіне ат мінгізді. Сөйтіп олар жетім қызды сатып, жетісіп қалғандай болды. Алғашқы күннен бастап, енем Бәтима менің басқан ізімді аңдып, таң атқаннан күн батқанға дейін тегін жалшы жалдап алғандай бір сәт демалдырмай жұмысқа салды. Үйдегі екі сиыр мен екі биені таң алагеуімде сауып, сиырдың сүтін тай қазанға пісіріп, жарты қазанды айран қылып ұйытып, жарты қазан сүтті сепараторға тартып, кілегейін алып, май шайқайтын болдым. Айраннан құрт, ірімшік жасап, шидің үстіне кептіріп қоям. Сөйтіп тынымсыз жұмыс істеп жүріп, ауыраяқ екенімді білдім. Айы, күні жетіп отырсам да, енем айдаһардай ысқырып, жетімдігімді басынып, құлақкесті күңін жұмсағандай маза бермейтін.


– Қаңғыған әке-шешесі жоқ жетім қызды алып, пана болып отырмыз. Бұл жетім сорлы – әке-шешенің тәрбиесін көрмеген жабайы қыз. Мен бұл жетімек сорлыға әдет-ғұрпымызды үйретіп, шашым ағарды, – деп ауыл адамдарына шағым айтып отыратын.


Мен оңашада көз жасымды төгіп ал­ған­мен, үндемей шаруамды істеп жүре беретінмін. Жыл аралатып босанып, дүниеге екі ұл, екі қыз келді. Бірақ енем баяғы әдетіне басып, менің көзімше жамандап отыратын әдетінен танбады. Күйеуім Манап шешесі отыр десе отыратын, тұр десе тұратын. Кей­де енемнің түн ішінде ұйқыға бас қой­ғанымызда әй-шайға қарамай жатын ор­нымызға жетіп келетін әдеті бар бола-
тын.


– Тұр, Манаптай, жаман жетім қатынның жанына жатпа, төргі үйдегі төсекке жат, – деп ұлына бөлектеп құстөсек салып қоятын. Мен оңашада жастығымды құшақтап, тағдырыма налып, жылап алатынмын. Сөйтіп жүргенде қырыққа толдым. Бір күні Манап ішіп келіп, шешесінің айтағымен көкала қойдай қылып аямай сабады. Ертеңінде енем таң атпай тойға кетті, күйеуім жұмысына кеткен кезде төрт баламды ертіп, аздаған киім-кешектерімді алып, баяғы анамның құрбы досы Марпия апайды іздеп, аудан орталығына жол тарттым. Менің төрт баламды ертіп келгенімді, көкала қойдай сабалып, арып-ашыған түрімді көріп, Марпия апайым жылап көрісті.


– Бағы ашылмаған сормаңдай, қызым-ай! Анаңнан он жасыңда жетім қалдың. Енді күйеуге тиіп бағың ашылды ма десем, тағы зар жылап келдің. Мейлі енді сені ол жаққа жібермеймін. Осы аудан орталығына жұмысқа орналастырам, балаларды мектепке орналастырам. Үйіміз кең болмағанмен көңіліміз кең, бәріміз осы екі бөлмеде қысылып-қымтырылсақ та біраз шыдап тұрамыз, – деп кеңпейілділік танытты. Алғашында екі-үш ай бойы күйеуім Манапты шешесі жібермепті, ақыры балаларды сағынып, Манап аудан орталығына келді. Марпия апай кейігенін жасыра алмай, күйеуіме бар шындықты жайып салды.

– Манап, қарағым, төрт баланың әкесі, әжептәуір ер-азаматсың! Отыңмен кіріп, күліңмен шығып жүрген байғұс әйелің Күмісті өлгенше көкала қойдай қылып ұрып, сені не қара басты?! Өйтіп ит пен мысықтай болып тұрғанша, айырылысып кеткендерің дұрыс. Сен үйленгенде Күмісті құлдыққа алған жоқсың, өмірлік жар ету үшін алдың. Ендігі мына айуандық қылығың қалай?! Күміс әке-шешесі болмаған соң осы уақытқа дейін енесі Бәтимаға да, саған да бір ауыз қарсы сөз айтпай шыдап келіпті. Жоқ, қарағым! Мен мұндай бассыздыққа жол бере алмаймын. Егер Күміспен бірге тұрғың келсе, аудан орталығына көшіп келіңдер, Күмісті балалар бақшасына жұмысқа орналастырдым. Саған да жұмыс табылады, Күміс ауылға бармайды, – деп біржола кесімін айтты. Мен үзілді-кесілді ауылға бармайтынымды айттым. Күйеуім Манап екі-үш күн жатып, мені ауылға қайтуға көндіргісі келді, бірақ менің адуынды енемді қайтып көргім келмейтінін ұғып, ақыры, шарасы таусылып, анасымен ақылдасуға үн-түнсіз ауылына қайтып кеткен. Енем Бәтима менің ауылға оралмайтынымды біліп, рұқсатын беріпті. Аз ғана киім-кешегін алып, Манап келді. Шешесі Бәтима Манап ұлына енші беруден үзілді-кесілді бас тартыпты. Екеуміз күндіз-түні жұмыс істеп, он сотық жер сатып алып, кішкентай ғана баспана салдық. Міне, қазір көріп отырсың, енді ғана бақытты отбасы болдық деп айта алам, – деп ол әңгімесін аяқтады. Мен Күмістің жетім қыз екенін, осыншама азапты бастан кешіргенін біліп, оған деген құрметім арта түскенін сездім.
Алла ауыр сынақты сүйген құлына ғана береді, сен Жаратқанның сүйген құлысың, – деп Күмістің ашық-жарқын жүзіне қызыға қарадым.

Бақыт Мерекенова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<