Апатты үй тұрғындарына жаңа баспана берілді

352

0

Апатты үй тұрғындарына жаңа баспана берілді Арал ауданындағы 2 апатты үйдегі 27 отбасы үшін жеке үйлер салынып, пайдалануға берілді, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік осы жылдың 17 наурызында Арал қаласындағы Т. Жароков көшесінде орналасқан екіқабатты ғимаратта төтенше жағдай орын алған болатын. Келесі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауданға арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, жақын арада 19 пәтердің орнына көп пәтерлі үй емес, жекеменшік  жаңа үйлер салынатынын айтқан еді.

Сондай-ақ, қаладағы Аралтұз көшесіндегі 8 пәтерлі екіқабатты тұрғын үй де апатты жағдайда болатын. Жоғарыда аталған отбасылармен бірге бұл тұрғын үйдің иелеріне де жаңа баспана берілетінін айтқан еді. Осылайша, аудандағы апатты үйлер мәселесі толық шешімін тапты.

Кеше облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов тұрғындарға жаңа үйдің кілттерін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі әрбір қазақстандық отбасын жеке пәтермен немесе жекеменшік үймен қамтамасыз ету екендігін айтқан болатын. Аймақ басшысының жедел әрекетінің нәтижесінде облыстық бюджеттен 310 млн теңге бөлініп, 27 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, бүгін тұрғындарға пайдалануға берілгелі тұр», – деді Руслан Рүстемұлы құттықтау сөзінде.

Жаңа қонысқа ие болған тұрғындарды Арал ауданының құрметті азаматы Биғали Қаюпов та құттықтады. Баспана кілтін алған Оразкүл Лашынова облыс, аудан басшылығына тез арада мәселені шешіп бергені үшін алғыс білдіріп, көршілерінің де қуанышын жеткізді.

«Біз ескі үйімізде 20 жылдан астам өмір сүрдік. Оқыс оқиға болған кезде бізге барлық жағынан көмектескен қамқор жандарға, аудан және облыс басшылығына  ерекше алғысымызды айтамыз», – деді Оразкүл Лашынова.

Сонымен, апатты үй тұрғындары үшін Кіші Арал көшесінде 27 жаңа баспана пайдалануға берілді. Жаңа үйлердің маңында Ә.Нұрпейісовтің шығармашылық үйі, Мемлекеттік рәміздер аллеясы, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары орналасқан. Әр үйдің аумағы 60 шаршы метр және бұл баспаналардың тұрмыстық қажеттіліктеріне арналған қосалқы учаскелері бар. Жарық жүргізіліп,  су тартылған. Сондай-ақ, мердігер компания өз демеушілігімен табиғи газ жүргізіп, онымен жылытатын пеш орнатып, «Отау ТВ» жерсеріктік телевизиясына қосып беріп отыр.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жаңа үйлер жанындағы  балаларға арналған ойын және спорт алаңдарының ашылу салтанатына қатысты.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<