Арал ауданындағы Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты мектепте орын алған төтенше жағдайға байланысты аудан әкімінің орынбасары мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.– Аталған ғимарат 2006 жылы тұрғын үй ретінде салынып, 2010 жылы бастауыш мектеп ретінде «Арал аудандық білім бөлімі» КММ-нің «№ 21 орта мектебі» КММ-нің теңгеріміне берілген. Мектепте 1-4 сынып аралығындағы 13 оқушы білім алуда және 3 мұғалім мен 1 техникалық қызметкер жұмыс атқаруда. Бастауыш мектебінің жалпы көлемі 72 шаршы метр (9м х 8м,) І-қабатты, қабырғалары – қамыс-каркас, төбесі шиферленген ғимаратының кіре-беріс бөлмесінде орналасқан жылыту пеші мұржасының айналасындағы көлемі 2 шаршы метр(2м х 1м) төбе қаптамасы өртенген,- деді Бектемір Жұмағұлов журналистерге берген сұхбатында.
Қазіргі күні қалыпқа келтіру жұмыстары толық аяқталып, оқу процесіне ешбір кедергісіз жалғасуда.





