Арал ауданының әкімі шалғай ауылдарда болды

588

0

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Атанши және Жіңішкеқұм ауылдық округтеріне барып, тұрғындардың бүгінгі жай-күйімен танысып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.


Алдымен аудан орталығынан шалғай орналасқан Атанши ауылдық округінің халқымен кездесіп, өткен жылы өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен де бөлісті. Ауданда өткен жылғы жұмыстар негізінен пандемиямен күреске және қуаңшылықты еңсеруге бағытталған. Аталған бағыттағы жасалған жұмыстарды саралай келе денсаулық сақтау саласы бойынша орталық аурухананың компьютерлік томография, жылжымалы медициналық кешен сынды өңірде бұған дейін болмаған медициналық жабдықтармен толыққандығы туралы оң өзгерістерді де тұрғындарға жеткізді. Сондай-ақ, жылжымалы медициналық кешен елді мекендерді аралап, ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын толықтай тексеруден өткізетінін айтты.
Өз кезегінде тұрғындар бірінші кезекте жол мәселесінің қиындық тудыратынын, жедел жәрдем автокөлігінің қатынасы, ұялы байланыс қызметі сапасының нашарлығы және жайылымдық жерлерді пайдалану бойынша реттілік жасауды сұрады.


Тұрғындардың айтқан ұсыныстарын тыңдаған аудан басшысы Жіңішкеқұм елді мекеніне баратын жолды тегістеу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірлендігін, соған сәйкес алдағы уақытта тиісті жұмыстар жасалатынын айтты. Ал жедел жәрдем көлігіне қосалқы бөлшектер алу үшін денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, шаралар қабылданатын жеткізсе, ұялы байланыс қызметіне қатысты да байланыс операторларына ұсыныс берілетінін айтты. Мұнымен бірге елді мекен аумағындағы бос жерлерді мақсатты пайдалану үшін тексеру жасалып, нәтижесімен шешім шығарылатынын білдірді.


Тұрғындармен кездесіп жергілікті жердегі мәселелерді тыңдаған соң, ауыл маңындағы «Аэропорт» су ұңғымасына барып, қазіргі жағдайын көрді. Төрт түлік малдың суарылымы үшін пайдаланылатын ұңғымадан шығатын су қысымы бұрынғыдан азайған. Бұл су ұңғымасы қуаңшылық жағдайына сәйкес құжаттары рәсімделген 49 ұңғыманың қатарына енгізілген. Алдымен қызыл аймаққа енген елді мекендегі ұңғымалар қазылып біткен соң, бұл маңнан да жаңа ұңғыма қазу жоспарланған.


Бұдан кейін Жіңішкеқұм ауылдық округіне табан тіреген аудан басшысына тұрғындар тарапынан ауыз су және мектеп мәселесі мен балабақша қажеттігі айтылды.

Аудан әкімі Тоқабай және Абай елді мекендерін ауыз сумен қамту мақсатында жасалған жобаның өткен жылы басталғандығын айтып, биылғы жылы қаржының бөлінуіне орай жалғасатындығын түсіндірді. Ал ауыл мектебіне байланысты жауапты басқармалар тарапынан зерттеу жүргізіліп жатқанын, қорытындысына сәйкес шешім шығарылатынын жеткізсе, ауылдан балабақша ашуға кәсіпкер азамматтың ниет білдіруіне сәйкес алдағы уақытта шешімін табатындығын білдірді.


Мұнан кейін ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратын аралап, жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын көріп шықты. Жөндеу жұмыстары барысында нысанның есік-терезелері мен жылу жүйесі, электр желілері толықтай ауыстырылған. Аудан әкімі құрылыс жұмыстары барысындағы кемшіліктерді айтып, оларды қалпына келтіруді ауылдық округ әкіміне тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<