Арал маңы археологиясын зерттеу нәтижелері жарияланды

1086

0

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік кезеңіндегі Арал маңы археологиясы: нәтижелері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Конференцияда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіндегі Ғылым департаментінің директоры Қали Омаров халықаралық шараның маңыздылығына тоқталып, тәуелсіздік жылдарында тарихи ескерткіштерге жүргізілген зерттеу мен археологиялық жұмыстардың нәтижесі туралы айтты.


Биыл университетте «Археология және этнология» мамандығының ашылғанына 25 жыл және «Археология және этнография» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толып отыр.

Арал маңы археологиясын кешенді зерттеуді ғылыми қызметінің басты бағыты ретінде қарастырған университет 1998 жылы өлкемізде алғашқы археологиялық барлау экспедициясын жасақтады. Нәтижесінде «Сырдария қалаларының көне мәдениеті және Қорқыт мұраларына байланысты 1999-2010 жылдар аралығында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының бағдарламасы» қалыптастырылып, тың археологиялық ізденістер қолға алынды.
Соның бірі – 2001 жылы Арал теңізінің кептен табанынан табылған Кердері мавзолейі, Арал-асар елді мекендерін зерттеу үшін университет ғалымдарынан жасақталған Арал археологиялық экспедициясы. Экспедицияның кешенді зерттеулері бүгінде өз нәтижесін беріп келеді.


2004 жылы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Сыр өңірі ескерткіштерін зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Осы жылы Қызылорда қаласында «Арал аймағының археологиялық зерттелуі: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылымы конференция өткізілді. Конференция жұмысы Қорқыт Ата университеті, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты және Ресейдің Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты арасындағы үшжақты келісім-шартқа қол қоюмен қорытындыланды. Бүгінге дейін жалғасып келе жатқан Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеуге бағытталған ғылыми ізденістер, археологтардың жаңа буынының тәрбиеленуі сол келісімнің жемісі.


Университеттің «Археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығы» 10 жыл ішінде халықаралық қорлардың қолдауымен 2 жоба, гранттық қаржыландыру негізінде 5 жоба, облыстық бюджет есебінен 11 жоба орындап, Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалашықтарды зерттеуде қыруар жұмыстар атқарды. Осының нәтижесінде Арал маңындағы ежелгі және ортағасырлық қалалардың пайда болу, қалыптасу және даму кезеңдері бойынша көптеген тың деректер алынды.


«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шірік-рабат, Жанкент, Сығанақ, Арал-асар сияқты ірі ескерткіштерде басталған археологиялық ізденіс жұмыстары бүгінде жаңа қарқынға ие болса, жаңа мазмұндағы Сортөбе, Шіркейлі Қос-асар, Асанас және Жанкент қалашықтарындағы кешенді археологиялық жұмыстар өз жалғасын табуда.


РҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты, География институты, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Германияның Тюбинген университетінің ғалымдары, отандық археологтар және біздің университет мамандары оғыздардың ордасы Жанкентті зерттеуде археологиялық қазбамен қатар, өңірімізде алғаш рет жаратылыстану ғылымының әдістерін кеңінен қолдануда.
Жанкентті туризм нысанына айналдыру мақсатында музейлендіру және ғылыми консервация жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен іске асуда.

Конференцияда Оңтүстік-шығыс Арал маңында орналасқан палеолиттен ортағасырға дейінгі кезеңді қамтитын ескерткіштердің зерттеу нәтижелері, оларды сақтау, музейге орналастыру мәселелері қаралды.
Жиында Археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің барлау экспедициясы Аралдың кепкен табанынан табылған Кердері 1, 2 кесенелеріне және Арал-асар қонысына зерттеу жүргізіп, жаңа деректер жинақталғанын жеткізді.
Ал, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұлов Шірік-рабат мәдениеті ескерткіштеріндегі жаңа зерттеулерге тоқталды. Археолог кейінгі жылдары Шірік-рабат, Бәбіш мола 7 кешенінде жүргізілген зерттеу нәтижелері Шығыс Арал маңында отырықшылық мәдениеттің қарқынды дамығанын көрсетіп отырғанын айтты.


Конференция жұмысына Жапония мемлекетінің Нара институты, Түркия Республикасының Анкара университеті, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ресей ғылым академиясының Сібір бөліміндегі Археология және этнография институты және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археолог ғалымдары, сонымен қатар Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі мен тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, Қорқыт Ата университеті Тарих кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері онлайн және офлайн форматта қатысты. Ауқымды шараны университеттегі Археология және этнография ғылыми орталығы ұйымдастырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<