Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, бейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Арал, Қазалы аудандарында жалғасты. Облыс басшысы Арал ауданының орталығындағы Әдебиет үйіне барып, ондағы музей жұмысын тамашалады. Музей ауласындағы Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының басты кейіпкерлері бейнеленген ескерткішті және экспозициялық залдағы жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, жұмыс кабинетіндегі кітаптарымен танысты.
Мұнан кейін әкімдік ғимаратында облыс әкімінің төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өтті.
– Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты бұған дейін аудандарды аралау мүмкіндігі болмады. Міне, жағдай біршама қалыпқа келгеннен кейін, дәстүрге сәйкес алғашқы ресми жұмыс сапарымды Арал ауданынан бастап отырмын.
Кешеден бері бірқатар әлеуметтік нысандар мен ауылдық елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесудемін. Елдің ахуалын, тұрғындардың жағдайы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп келемін. Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қазір елде дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, экономикада, әлеуметтік сала мен ауыл шаруашылығында бірнеше ауқымды бағдарламалар іске асып жатыр. Бүгін сіздермен бірге осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды, алдымызда тұрған мақсат-міндеттер мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын қарайтын боламыз, – деді жиын барысында облыс әкімі.
Сондай-ақ ауданның биылғы I тоқсан қорытындысына қысқаша тоқталып, бірқатар көрсеткіштердің өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмендегенін айтты.
– Ауданда өнеркәсіп өндірісі 5,5, өңдеуші өнеркәсіп 7,5, кәсіпкерлік саласы 2 процентке төмендеген. Тек ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісі, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, бөлшек сауда айналымының көлемі артқан. Бірақ, бұл нәтижелер көңілге қонымды емес, себебі экономиканың негізгі көрсеткіштері төмен, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кеткен кемшіліктердің себептеріне тоқталып, алдағы жоспарларын айтып өтті.
– Ауданның инфрақұрылымын, өңдеу және сауда кәсіпорындарын, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда 6200 жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыздық деңгейін 4,6 процентке төмендетуге күш салып жатырмыз. Алда атқарылар жобалар ауқымды. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд теңгенің 4 жобасы енгізілді. Қазіргі таңда индустриялық аймақта жалпы құны 240 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын 3 жоба іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау қашан да басты міндетіміз болмақ, – деді аудан басшысы.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының қалыптасқан жағдайды ескеріп, экономиканы оңалту мақсатында бюджеттен қомақты қаражат бөлгенін айтты.
– Біздің аймаққа 37 млрд теңге қаралып отыр. Бұл қаржы жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамыту жобаларына бағытталатын болады. Ал Арал ауданына 3 миллиардқа жуық қаржы қаралды. Аудан әкімдігінің ендігі міндеті – осы қаржыны тиімді игеру. Жалпы біздің алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттары – елдің әлеуетін, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту. Елбасының, Президенттің біздің алдымызға қойған негізгі міндеттері – осы, – деп атап өтті облыс әкімі.
Арал ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаржыға 16 жоба іске асуда. Оның ішінде Арал қаласының жолдарын орташа жөндеу, аудандық маңызы бар автомобиль жолының құрылысын, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу, орталық көшелерді абаттандыруға, Арал қаласындағы ауылішілік көшелерге газ құбыры жүйелерін жеткізу секілді ірі жобалар қарастырылған. Өңір басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы «С» және «Д» санатты жол бойы сервис кешенінде болды. Мұнан өзге «Қамбаш» білім беру және олимпиадалар орталығымен танысып, Қосжар ауылында орналасқан «Қамыстыбас» балық питомнигінің жұмысын көрді.
Арал халқы көтерген өзекті мәселе – Аманөткел ауылы тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жаңарту. Аталған көпір арқылы дарияның арғы бетінде қоныстанған 6 мыңдай халық Арал мен Қазалыға қатынайды. Ұзындығы 70 метрге жуық қалқымалы көпірді жаңартуға 300 млн теңгедей қаржы керек. Гүлшара Әбдіқалықова қалқымалы көпірге қатысты қаржы қаралып, тиісті жұмыстарды тезірек атқару қажеттігін айтты.
Айта кету керек, сапар барысында облыс басшысы Бөген ауылындағы «Бөген СДО» ЖШС балық өңдеу зауытына және «Ақлақ» су тоспасына да арнайы барып, жұмысымен танысты. 2006 жылдан бері пайдалануға берілген, көлдерге, шабындықтарға каналдар арқылы су жіберіп, балықтың өсуіне және мал азығы үшін шөп дайындауда «Ақлақ» тоспаның маңызы айтпаса да түсінікті.
Облыс әкімі әр кездесуде тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, тиісті атқарушы орган жетекшілеріне нақты тапсырма беріп отырды. Арал ауданына қатысты Жаңақұрылыс ауылындағы көптің көкейіндегі мәселенің бірі – дария арнасынан көлге тартылған тоспалардың (шлюз) іске жарамсыздығы еді. Биыл ол мәселе шешіліп отыр. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сердалы Шалбаев жол мәселесін тілге тиек етті.
– Осы ауылдағы «Нұралы» жарма каналына тоспа салынатын болды. Бұл арқылы жайылымдық жер көлемі ұлғайып, Қаракөл, Ақбасты көлдерін суландыру арқылы балық шаруашылығын дамытуға әбден болады. Шабындық, мал азығы да көбейетіні белгілі. Екінші мәселе аудан территориясына қарасты былтыр басталған «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» автомобиль жолына жүргізілген жөндеу жұмыстары тезірек бітсе деген халықтың ұсынысы да бар. Орталықтан тым алыста жатқан ауылға ұялы байланыс қажет. Ауыл жастарының бір тілегі – осы, – дейді ақсақал.
Айта кетсек, жол мәселесі бойынша бүгінге дейін Аралға қарасты 23 шақырым болатын «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» автомобиль жолының 9 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қалған жөнделуге тиісті жолды асфальттау алдағы жылдары қоса қаржыландыру бойынша жалғасын таппақ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<