Аралда аудан әкімі Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды қабылдады

720

0

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады.


Осыған орай бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов аралдық желтоқсаншыларды қабылдады. Аудан әкімі тәуелсіз қазақ елінің отыз жыл ішіндегі бағындырған биік белестері мен қазақ жастарының толқуына қатысқан жандардың ерлігін бүгінгі мен кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтып өтті.

-«Тәуелсіздік алғанға дейін халқымыз біраз тар жол, тайғақ кешуден өтті. Соның бірі де бірегейі 1986 жылғы қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан Желтоқсан оқиғасына биыл 35 жыл толып отыр. Бүгінде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ерлігімен ел аузында қалған жандардың арасында аралдық 14 желтоқсаншымыз арамызда отыр. Әрқайсысыңыз егемен елдің еңсесін тіктеу жолында аянбай, қазіргі таңда түрлі салаларда қызмет атқарып, өңіріміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып келесіздер. Сондықтан Сіздердің келешек ел ертеңі – жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеуде қосар үлестеріңіз орасан зор деп санаймын», – деді аудан әкімі өз сөзінде.


Аталған шара барысында жергілікті журналист, Ерғали Абдулла Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Аралдық желтоқсаншылар» атты кітабы жайлы сөз қозғап, болашақ ұрпаққа аманат болып қалу керектігін жеткізді.


Кездесуде желтоқсаншылар қазақ жастарының өшпес ерлігін тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті. Сол кезеңдегі жас өрендердің аңыз болып қалған әрекеттері келер ұрпаққа патриоттық сезім сыйлап, Отансүйгіштікке тәрбиелейтіні анық.


Шара соңында Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына аудан әкімінің алғыс хаты табысталып, сый-сияпат көрсетілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<