АРАЛДАҒЫ ЕКІҚАБАТТЫ ҮЙДІ БӨЛІП ТҰРҒАН ӨТКЕЛГЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТ БОЛҒАН (видео)

369

0

АРАЛДАҒЫ ЕКІҚАБАТТЫ ҮЙДІ БӨЛІП ТҰРҒАН ӨТКЕЛГЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТ БОЛҒАН (видео) Аралдағы екіқабатты үйді бөліп тұрған өткелдің құлауына байланысты Арал қаласының әкімі Бауыржан Махатов сұхбат берді. 
2016 жылы жасалған сараптаманың қорытындысы бойынша ғимаратқа күрделі жөндеуден өткізу қажет болған. 
Сараптама қорытындысы негізінде Арал аудандық әкімдігі тарапынан құрылған комиссия тұрғындарға аталған үйді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша (бүгінгі таңда «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы) күрделі жөндеуден өткізу туралы бірнеше рет ұсынған.  Алайда, тұрғындар келісім бермеген. 
«Біз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тұрғындардың 70% келісімін берсе, бағдарлама бойынша ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетінін ескерттік. Осы бағдарлама аясында Арал қаласында орналасқан 47 екіқабатты үйдің 22 күрделі жөндеу жүргізілді. Бірақ, бұл үйдің тұрғындары мұндай жұмысты жүргізуге келіспеді. Біз нысанның қауіпті екенін бірнеше мәрте ескерттік», – деді Бауыржан Махатов.
Сонымен қатар, қазіргі кезде осы ғимаратта тұрған әр отбасының жағдайы жан-жақты зерттеліп, әлеуметтік карталары әзірленіп жатқанын мәлімдеді. 
«Балабақша ретінде салынған ғимарат «Арал қанаты-2020″ КҚК балансында тұр. 90-жылдары тұрғындар мұнда заңсыз орналасқан. Осыған орай, әлеуметтік карта әзірленуде. Мәселен, мұндағы 7 пәтер жалға беріліп келген. Қазіргі кезде әр отбасының әлеуметтік жағдайы анықталуда. Осы карта мен комиссияның қорытындысы бойынша тиісті шаралар атқарылады», – деді Бауыржан Махатов.
Бүгінде эвакуацияланған отбасылар аудандық жастар ресурстық орталығына және туған-туысқандарының үйіне орналастырылды. 
Естеріңізге сала кетсек, 17 наурыз күні Арал қаласында екіқабатты үйді бөліп тұрған бөлігі опырылған. Ғимарат 1986 жылы балабақша ретінде салынып, 90-жылдары баспанасы жоқ тұрғындар үйді иемденіп, қоныстанып алған. Екі қабатты ғимарат 20 пәтерден тұрады, оның 15-де ғана тұрғындар қоныстанып келген.
Бүгінгі таңда, аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды, тексеру жүргізіледі.


Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<