Аралдың экологиялық проблемасына әлем жұрты алаңдайды. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары Әмудария мен Сырдария өзені бойындағы халықтың саны 2,2 есеге артып, суға қажеттілік өсті. Соның салдарынан теңізге құйылатын су мөлшері азайды. Яғни, қос өзеннің суын бел ортадан бөгеп, күріштік пен мақта алқаптарының көлемі артты. Мұндай антропогендік факторлардан теңізге 1960-1965 жылдары 44 мың текше метр су құйылса, 1974-1978 жылдары 13 мың текше метрге азайды. Тіпті, 1990 жылдары судың мөлшері екі есеге кеміді.
Нәтижесінде Аралға құйылатын судың 89 процентке азайып, теңіздің су айдыны 30-200 шақырымға дейін құрғады. Судың тұздылығы 40 процентке дейін артты. Осылайша, Арал шөлге айналып, құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын зияндылығы жоғары 2 млн тонна тұзды шаң көтеріліп, экологиялық зардап аймағына айналды. Экологиялық дағдарыс салдарынан Арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп, аурушаңдық белең алды. Аралды құтқару әлемді құтқарумен пара-пар мәселеге айналды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проблемасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашық айтып, әлем елдерінің назарын аударды. Мәселенің өткір екендігін Орталық Азия елдерінің басшыларына түсіндіріп, бірлесе шешуді үндеп, Президенттердің басын Қызылорда қаласында қосты. Бұл 1993 жылдың 26 наурызы еді. Яғни, Арал проблемаларына арналған алғашқы халықаралық конференцияға Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов, Өзбекстан президенті Ислам Каримов қатысты. Конференция барысында «Арал теңізі және Арал маңы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру және Арал аймағының экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекеттер туралы келісімге келіп, Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге қол қойды.
Әрине, Арал мәселесіне арналған халықаралық конференция Сыр өңіріндегі айтулы мәселелердің шешілуіне ұйытқы болды. Конференция қорытындысы бойынша қатысушы мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйымына үндеу жолданды. Халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру жөнінде келісімге келді. Ең бастысы, Аралды құтқару халық¬аралық қоры құрылды. Қордың төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Орталық Азия елдері үш жыл сайын қордың жұмысын үйлестіретін болып шешілді. Міне, осы халықаралық қордың құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр.
Айта кететіні, сол кездегі облыс басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Арал проблемасын терең түсініп, 90-жылдардың басында-ақ облыс әкімдігінің жанынан «Арал проблемасы жөніндегі» комитет құрды. Сондықтан Сейілбек Шаухаманұлы облыс басшысы ретінде халықаралық конференцияның жоғары деңгейде өтуіне жауап-кершілікпен қарады. Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде конференцияның жұмысшы тобының төрағасы болдым, әрі халықаралық шараның ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылдандым. Конференцияны ұйымдастыру жұмыстарымен Алматы қаласына бірнеше рет барып, Су шаруашылығы комитетінде және басқа мекемелерде арнайы болып, Арал теңізі жайлы материалдарды жинадық. Санкт-Петербургке іссапармен барып, Арал теңізінің экологиялық картасын алдық.
Конференциядан кейін Арал дағдарысын қалпына келтірумен Аралды құтқару халықаралық қоры үйлестіруді бастады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар, Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Кувейт және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып, АҚХҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді.
Атап айтқанда, 1994 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Арал теңізі алабының бағдарламасын» қабылдады. Бағдарлама арқылы Арал теңізі алабындағы қоршаған ортаның жағдайын тұрақтандыру, Арал маңының бүлінген экологиясын қалпына келтіру, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру және басқа да жұмыстар көзделді.
1997 жылдың бірінші жартысында бағдарламаны қаржыландыратын Орталық Азияның бес елі және негізгі халықаралық ұйымдар мен оның ұйымдастырушылық-басқарушылық құрылымы анықталды. Яғни, су ресурстарын басқарудың аймақтық стратегиясы, су қоймаларын және бөгеттердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, гидрометеорологиялық қызметтер, экологиялық ақпараттың аймақтық жүйесін, су сапасын басқару, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және басқа да шаруалар жүйеленді. Мәселен, құны 65 млн АҚШ доллары тұратын «Сырдария өзенінің ағысын және Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін реттеу» (1-кезең) жобасын сәйкестендіру және бағалау бойынша жұмыстар 1998 жылы басталды. Оған Бүкіләлемдік банк, Германия үкіметі және Кувейт қоры қаржы салды.
2002 жылдың 6 қазанында Душанбе қаласында Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары бағдарламаның бірінші кезеңін талқылап, екінші кезеңін бастауға уағдаласты. Осылайша, 2003-2009 жылдары – екінші кезеңінде солтүстік Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2009 жылдың 28 сәуіріндегі Мемлекет басшыларының шешіміне сәйкес Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитеті бағдарламаның 3-кезеңін бастады. Осылайша, «Ғасыр жобасына», «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келді. Адамзат тарихында теңізді екіге бөліп, сақтап қалу тәжірибесі болған емес-тұғын. Жобаның маңыздылығы осында.
Айта кететіні, тұңғыш халықаралық конференциядан кейін жұмыс тобы Сыр өңірінің экологиялық жағдайын Үкіметке түсіндіріп, Қызылорданы экологиялық облысқа жатқызу үшін жұмыстар жүргізілді. Жұмыс тобы мүшелерінің белсенді ізденісімен «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобасы жасалды. Әрі оны Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында Үкімет мүшелері мен ғалымдардың алдында қорғадық. Топ мүшелері теңіздің экологиялық әсерін жан-жақты ғылыми негізде түсіндіріп берді. Осындай талқылаулар мен пікірталастардан кейін заң жобасы қабылданды.
Заң бойынша Экологиялық апат аймағы, Экологиялық дағдарыс аймағы, Экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ болып топтастырылып, тұрғындарға әлеуметтік көмек тағайындалды. Осылайша, Сыр өңірі тұрғындарының айлық жалақыларына пайыздық үстеме қосылды. Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсетуді, денсаулық сақтау ісін қаржыландыруды және материалдық тұрғыдан жабдықтауды ұйымдастыру, халықты әлеуметтік жағынан қолдау, экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға берілетін қосымша өтемдер мен жеңілдіктер және басқа да халыққа тиімді жағдайлар бекітілді. Мұның игілігін аймақ жұрты осы күнге дейін көріп келеді.
Мен ғаламат жобаның басы-қасында болып, 10 жыл Арал ауданының әкімі болдым. Жобаның арқасында Арал теңізіне жан бітіп, балық шаруашылығы дамып, өзге өңірлерге көшіп кеткендер атақонысқа көшіп келіп, ата кәсібін жалғаған ұрпаққа куә болдым. Расында, қазір Аралдың балығы қайтадан алыс-жақын шетелдерге экспорттала бастады. Теңіз қалаға жақындады. Халықтың әлеуметтік жағдайы дұрыстала бастады. Солтүстік Аралды жаңғырту жұмыстарымен жұрттың бойында үміт оянып, бойларында келешекке сенімділік орнықты. Мұны теңіз маңында қоныс тепкендердің жанарынан көруге болады.
Әлі есімде, 2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арал ауданына сапарымен келді. Президент «Көкарал» бөгетін көзімен көріп, ғалымдар мен жобалаушылардан: «САРАТС жобасы іске асқанда Арал қаласына теңіз суы келе ме?» – деп сұрады. Бұл сауалға мамандар теңіз жиегінің 25-30 шақырым ғана жетпей қалатынын айтты.
«Ендеше, Кіші Аралды теңізден бөліп алып, жағалауды қалаға дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін САРАТС жобасының екінші кезеңін бастап кетуіміз қажет» деп кесіп айтты.
Осыдан бастап айтылған шаруаны орындау жолында қыруар жұмыстар басталып кетті. Кіші Аралдың су баспаған жерлерінде сексеуіл ормандары бой көтере бастады. Сексеуілді орман алқаптарын құру сырбойылық азаматтардың белсенділігінің арқасында жүзеге асты. Қазір Арал теңізінің орнында 500 гектар алқапта сексеуіл жайқалып тұр.
Арал теңізі бассейніндегі шекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесе басқаруды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүдделі етуді мақсат ететін халықаралық ұйым осындай келелі істерді жүзеге асыруда үлкен рөл атқарды. Әрине, мұндай маңызды қадамдардың алдағы уақытта да жалғаса беретіні сөзсіз.
Нәжмадин МҰСАБАЕВ,
Арал және Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Жалаңтөс баһадүр» қорының төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<