ҚАРАТАУДЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

498

0

ҚАРАТАУДЫҢ ҚАЗЫНАСЫ Сыр бойы – тамыры терең тарих пен дәстүрге ғана емес, пайдалы қазбаларға да бай өлке. Қарт Қаратаудан айдынды Аралға дейінгі жер қойнауынан Менделеев таблицасының элементтері түгелге дерлік табылатынын геологтар әлдеқашан айтып жүр. Бүгінде мұнайлы өлкеде уранмен қатар, қара және түсті металлургия саласы қарқынды дамып келеді. Бұл орайда ҚР Президенті жанындағы тау-кен металлургия саласы, геология және қатты пайдалы қазбаларды пайдалану жөніндегі кеңесте «Қызылорда облысының Тау-кен металлургия кешенін дамыту бойынша Жол картасының» қабылдануы тың серпін берді.
Саладағы мақсатты жұмыс­тар­дың нәтижесінде облыста осы бағытта бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Кезінде тоқтап қалған «Шалқия қорғасын-мырыш» комбинатының жұмысын жандандыруға қол жетті. Бүгінгі таңда кен орнында тау-кен байыту комбинаты мен газ-турбиналық электр станцияның құрылысы жү­руде. Келер жылдан бастап тау-кен байыту комбинаты 2 млн тонна, ал 2020 жылға қарай 4 млн тонна кен өңдейтін болады. Комбинаттың іске қосылуы 1500 жаңа жұмыс орнының ашылуы­на мүмкіндік береді. Сондай-ақ, гидрометаллургиялық зауыт құры­лысы жобасын дайындау ісі қолға алынды.
Түсті металлургияның өрісті кеніші «Баласауысқандық» ванадий кен орнында жыл соңына дейін айына 10-нан 50 тоннаға дейін ванадий бес тотығын өндіру көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Салыстырсақ, бүкіл 2017 жылы 51 тонна ванадий бес тотығы шығарылған екен. Осындай болса да, былтыр кәсіпорын аммоний метаванатының экспорт көлемін 3 есе ұлғайтса, биылғы 6 айда тағы 3,1 есеге арттырды. Экспорттық өнімдер Жапония мен Тайванда үлкен сұранысқа ие.
Аймақ ванадий қоры жөнінен әлемдегі алғашқы бестікке кіреді. Британдық инвесторлармен бір­лесіп, «Баласауысқандық» кен ор­нын­да қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жобада қолға алынған. Бұдан бөлек, Қызылордада фер­роқорытпа зауытын салу жобасын іске асыру бағытында жұмыс жасалуда. Қазыналы Қаратау қойнауындағы екі ірі өндіріс орны аймақ экономикасының өркен­деуіне негіз қалауда.
Түрік инвесторларымен бірле­сіп, керамикалық плиталар мен керамогранит өңдеу жобасы бойынша жұмыстар нәтижелі жалғасуда. Биылғы маусым айында Арал қаласында кальцийлендірілген сода шығаратын республикадағы ең ірі зауыттың қазығы қағылды. Еліміздегі бірегей өнім шығаратын бұл кәсіпорын 2020 жылы іске қосылады.
Мамандар жыл соңында шыны зауытының іске қосылатынын күтуде. Қытайдың шыны өндіретін зауыт салудан мол тәжірибесі бар трансмемлекеттік «Чайна Триумф» компаниясы осы шыны зауытының құрылтайшылар құрамына кір­ді. Енді бұл компания жоғары технологиялық зауыт құрылысына инвестор ретінде қатысып, смартфондар мен планшеттердің күн сәулесінен қорғайтын панельдеріне арналған аса жұқа және өте мөлдір шыны жасап шығаруды көздеп отыр. 150 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны облыстың индустриялық аймағында жүзеге асыру жоспарланған. Арал ауда­нын­дағы жоғары сапалы кварц құмы негізгі шикізат көзі болып табылады.
Сонымен бірге құрылыс сала­­сын­да ғана емес, мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолда­нылатын тампонажды цемент шығаратын зауытты іске қосу көзделген. Қазір Шиелі ауданында аталған зауыттың құрылысы жүруде. Бұл кәсіпорын – 260 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық өндіріс орны. Бүгінгі таңда инвесторлар жергілікті тұрғындардан маман дайындауға байланысты шараларды қолға алды.
Аймақтың  Жол картасында белгілегендей, тау-кен өндірісін дамыту бағытында кешенді шаралар қолға алынып, нақты жобалар жүзеге асырылуда. Қазыналы өлкеде аймақ экономикасын өрге сүйрейтін осындай салалар оның дамуына тың серпін береді.
Ж.ӘБІШОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<