Серпінді Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, бүгінде 80 жасқа толып отырған еңбек ардагерлері Әбутәліп Есенов, Марат Сақтапов және Сергей Тоқсанбаевтарға құрмет көрсетілді. Аудандық «Достық үйінде» өткен тағылымды шараға Сырдария ауданының әкімі Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы қатысып, мерейтой иелеріне жылы лебізін білдірді.
– Халқымызда «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген даналық сөз бар. Қариясын қадірлеп, үлкенін үлгі тұтқан елдің ұрпағы ретінде біз алдыңғы буын аға-апаларымызға зор құрметпен қараймыз және атқарған еңбектерін жастарға үлгі етеміз. Бұл біздің қоғам алдындағы азаматтық парызымыз болып табылады. Саналы ғұмырын ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған ауданымыздың құрметті азаматы Тоқсанбаев Сергей Әбдірахманұлы, Сақтапов Марат Жаналханұлы және Есенов Әбутәліп Бәйтенұлы ағаларымыздың есімі аудан жұртшылығына белгілі. Ердің атын қашан да еңбегі шығарары сөзсіз. Бүгін ұзақ жылдар ауданымызда спорт, коммуналдық шаруашылық және баспахана саласында басшылық қызметтерді атқарған Сергей Абдрахманұлы, білім саласында жемісті еңбек еткен, ұлағатты ұрпақ өсірген Әбутәліп Бәйтенұлы және ауылшаруашылық саласында үздіксіз басшылық қызмет атқарған, «Құрмет» орденінің иегері Марат Жаналханұлы ағаларымыз мерейлі 80 жасқа толып отыр. Бұл ардагер ағаларымыз үшін ғана емес, тоқсан жылдық тарихы бар ауданымыз үшін де зор қуаныш. Сол себепті, ең алдымен Сіздерді мерейлі мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Сіздерге ауданымыздың дамуына қосқан еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Шаңырақтарыңызға шаттық, дендеріңізге саулық, амандық тілеймін,-деген аудан әкімі Ғ.Қазантаев өмірі өнегеге толы ардагерлерге «Алғыс хат» табыс етіп, иықтарына қазақы шапан жауып, сый-сияпат ұсынды.
Тағылымды шарада мерейтой иелері құрмет көрсеткен аудан әкіміне шынайы алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта ауданды дамыту мақсатында атқаратын жұмысына жеміс тіледі. Сонымен бірге, еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» А.Бақтиярова сөз сөйлеп, ардагерлердің қызмет атқарған жылдардағы нәтижелі еңбектері туралы айтып, тілектестігін білдірді. Өз кезегінде тоқсанның төріндегі ардагер Р.Бәйменов жиналғандарға ақ батасын берді. Осылайша, іс-шара жоғары деңгейде қорытындыланды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<