ҚАРМАҚШЫ: ТҮЛЕКТЕРДІҢ 99 ПРОЦЕНТІ ОҚУҒА ТҮСТІ

373

0

ҚАРМАҚШЫ: ТҮЛЕКТЕРДІҢ  99 ПРОЦЕНТІ ОҚУҒА ТҮСТІ Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашовтың қатысуымен брифинг өтті. Онда ауданда соңғы 7 айда атқарылған жұмыстар сараланды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда айтарлықтай даму бар. Ауыл шаруашылығы саласында 23957 гектар егіс егілген. Оның ішінде күріш – 13580, бидай – 210, мақсары – 1700, жоңышқа – 6554, көкөніс – 450, бақша өнімдері 555 гектар алқапқа себілген. Аудан басшысы негізгі бағыт – ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. Десе де, өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 255 гектарға, ал суды көп қажет ететін күріш көлемі 359 гектарға азайтылып, жаздық бидай – 8, бақша – 4, көкөніс – 100, мақсары 362 гектарға көбейген. Күріштің “Тором Хошеми” ирандық сортын “Ақтөбе и К” ЖШС 300 гектарға еккен. Жалпы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша егін шаруашылығына 40,9 млн теңге субсидия беріліпті. Мал басын өсіру, оның өнімін өндіру бағытында жүргізілген жұмыстарда  да өсім бар. Өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда мүйізді ірі қара басы – 7,2, қой басы – 0,3, жылқы басы – 7,4, түйе – 6,8, құс 6,1 процентке өссе, ешкі басы 7 процентке төмендеген.

– Бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілуде. Қазіргі таңда аудан бойынша тұқымдық түрлен­діру­мен 35 шаруа қожалығы – мүйізді ірі қара, 3 шаруа қожа­лығы – қой, 16 шаруа қожалығы жылқы өсіру­мен айналысады. Биыл “Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту” бойынша есепті кезеңде 30,5 мың теңге субсидия төленді, – деді С.Ысқақұлы.

Бүгінде өңірдің халқы “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Микробизнес Қызылорда”, “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған бағдарламасы” мен “Даму-Аймақтар” бағдарламасының игілігін көріп отыр. Осы бағдарлама негізінде бірнеше жоба несиелендірілген.

Аудан тұрғындары жақын уақытта көгілдір отын игілігін көретін болады. Биыл газбен қамту жұмысы жалғасын табуда. Елді мекендерді “Бейнеу-Бозой-Шымкент” ма­гистральді газ құбырына қосу бағытындағы жұмыстарға республикалық бюджеттен 892,3 млн теңге, облыстық бюджеттен 99 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі сәтте 14,8 шақырым болатын жоғары қысымды газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, 1 автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы мамыр айында аяқталған.

Жалпы білім, денсаулық, құрылыс, әлеу­меттік, мәдениет, спорт салаларында да оң өзгерістер байқалады. Мәселен, І жартыжылдықта 785 педагог білімін арттырды. ҰБТ қорытындысы бойынша 652 мектеп бітіруші түлектің 458-і тестке қатысып, орташа балл 83,7 болып отыр. Оның 310-ы жоғары оқу орнының грантын иеленген. Биылғы түлектердің 99 проценті орта, арнаулы, жоғары оқу орындарына орналасты. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі де толығымен шешімін тапқан. Сондай-ақ, бірқатар нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында 300 орындық №183 мектеп ғимараты мен 50 орындық №12 “Самал” және Төребай би ауылындағы №15 “Ақкөгершін” балабақшалары бар. Қазіргі күні ауданда жаз-қыс мезгілінде балалар демалатын лагерь құрылысы жүруде.

Облыстық статистика бойынша ауданда белсенді халық саны 25,1 мың адам болса, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны – 23,8 мың адам, жұмыссыз халық саны – 1,3 мың, жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 процентті құрайды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,8 процент.

     

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<