АСТАНА АСПАНЫНДА СЫРДЫҢ САЗЫ ҚАЛЫҚТАДЫ

355

0

АСТАНА АСПАНЫНДА  СЫРДЫҢ САЗЫ ҚАЛЫҚТАДЫ Биыл барша қазақстандықтар еліміздің жүрегі Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Тамыздың соңғы аптасында облыстық филармонияның «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен дәстүрлі орындаушылар мерейлі мереке құрметіне арнап «Астана – төрім, ордалы елім» атты концерттік бағдарлама ұсынды.
Сырбойылық өнерпаздар елордалық кө­рер­мендерді ән мен жырға, күй мен термеге сусындатты. Сахна шымылдығы ақын Айдос Рахметовтің  «Арнауымен» ашылды. Оны ел­ге танымал жыршы Күнсұлу Түрікпен шырқаса, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Үміт Медеуова «Ақтамақ», «Бесқопа» және «Қосқаракөз» сынды халық әндерін орындады. Мұнан бөлек,  көрермен қауымға жергілікті композиторлардың шығармалары да ұсынылды.
Концертте «Ақмешіт» фольклорлық ансам­блі Абылайханның «Қара жорға», Қазанғаптың «Дөңгелек ақжелең» күйлерін, мәңгілік өмір іздеген Қорқыттың «Қоңыр», Шал Мырзаның «Ташауыз» күйлерін өрнектеді.
Сахнаға жыршы-жыраулар Ақмарал Ноғай­баева, Бисенбек Төлеубаев шығып, жыраулық өнердің бірнеше мектебі қалыптасқан өңірдегі сұлу мақамды әуелетсе, ансамбль солисі Эльмира Қалқожаева халық әндері «Ай-қара­көз», «Құрбым-ай», «Әгугайды» «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орын­­дады. Осылайша, өнер саңлақтары аста­налықтардың қошеметіне бөленді.
– Жауһар қала Астана шаһарының 20 жылдық мерейтойына Сырдың бойынан өзіміздің шағын тобымызбен келдік. Бүгінгі концертіміз 3 блогтан тұрды: жеке әншілер, «Ақмешіт» ансамблінің бағдарламасы және жыршылар блогы.  Домбыраның күмбірі мен қобыздың қоңыр үнін сағынған Астана жұр­тына өнерімізді риясыз жүрекпен ұсындық. Концертті көрермендер аса жоғары бағалады. Соған қуаныштымын, – деп ағынан жарылды әнші Үміт Медеуова.
Елордалық көрермен Сыр елінің өнер иеле­ріне ризашылықтарын білдіріп жатты.
«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<