Астана болған алғашқы жыл

330

0

Астана болған алғашқы жыл «Ол кездегі   Ақмешіт – екі этажды үйі бірен-саран ғана, өзге үйлерінің басым көпшілігі бір этаждан, олардың басым көпшілігі шикі кірпіштен қаланған, күйдірген кірпіштен салынған аумақты үйлері азғантай, көшелері тар және қисық. Сол көшелерінің екі шетіне де тізілген ағаштар (әсіресе, ақ теректер) қалың боп өскен, көшелерді жиектеп арық түскен. Маркс пен Энгельс аталатын екі көшесіне ғана тас төселген, өзге көшелерінің бәрі бұрқыраған шаң. Үйлерінің төбелері тайпақ, әр үйдің қорасында жеміс бақшасы бар, Сырдарияның теріскей жақ қабағына орнаған Азияның шағын ғана провинциялы қаласы екен». Бұл – Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінің» үшінші кітабында жазылған Ақмешіттің астана болған кездегі көрінісі еді. 

Қызылорданың Қазақстан аста­насы болуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Мемле­кеттік мекемелер көшіп келгеннен кейін 1925 жылдың 5 маусымындағы РСФСР Халық ко­мис­сарлары кеңесінің жиналысында үкіметтік мекемелер ғимараттары құрылысына 1 млн сомнан артық қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қаржының алғашқы бөлігі ғимараттар салуға, Сырдария өзенінің жағалауын бекітуге, су айдағыш құрылғыны жөндеуге, электр және телефон станциясын салуға бағытталды. 

Астананы ауыстыру туралы комиссия Ақмешітке алғаш келгенде жұмыс жасауға арналған бөлме таппай қиналған еді. Қалада ыңғайлы ғимарат жоқтың қасы. Жаңа астанаға 49 мекеме мен олардың 1150 қызметкері көшуі керек болатын. Пәтер мәселесі тіпті өткір еді. Тұрғын үй қоры мұнда тұратындардың өзіне жетпейтін. Жөндеу жұмыстары ұйымдастырылғанмен, құры­лыс жөніндегі комиссия шеші­мімен құрамында 15 тұр­ғын үй бар 50 жаңа  ғимарат салу­ды бастады. Көшіп келген Үкімет мүшелері мен  қызмет­керлері коммуналдық қиыншылықтарды бастан кешті. Қала шаруашылығы реттел­мегендіктен, ең басты деген қажеттіліктердің өзі тапшы еді. Мәселен, электр жарығы тек кинотеатрдың шағын генераторынан тарайтын. Халық керосин шам тұтынады. Көше жарығы деген мүлде жоқ. Сол жылы тамызда 22 көше фонарын және 400 шам сатып алу арқылы қаланың аз бөлігі жарықтандырылды. Керосин  мен шам сатып алудың қиындықтары сол кездегі газеттерде де жазылған. Қала сумен қамтылмағандықтан, көшедегі арықтарды тұрғындар үнемі ластаумен болатын. Мал суарып, құрылысқа қажетті лай жатқызды. Осыдан келіп жаңа су айдағышқа қаржы бөлінді. Көшелердегі тазалық жайы қаланың астана статусына сай келмейтін. Біртіндеп квартал старосталары сайланып, бұл мәселе де ретке келе бастады.

Қызылорданы астанаға айнал­дырудың маңызын түсінген Ха­лық комиссарлары кеңесі өз жанынан құрылыс комитетін құру керек деп шешкен еді. Оның құрамына Халық комиссарлары кеңесінің, Мемлекеттік жоспарлау, қаржы комиссариаттарынан, жұмысшы шаруа инспекция­сынан өкілдер енді.   Құрылыс ко­митеті жанынан арнайы бюро құры­лып, комитет төрағасы Абылай Серғазиев ленинградтық инженер Александр Будассиге жазған хатында осы бюроға және қала құрылысына жетекшілік жа­сауды сұраған.  Бюроның бас инженері Мұхамеджан Тыныш­паев болды. Ол қала құрылысының сапасыз әрі өте баяу жүргізіліп жатқанына алаң­даушылығын білдіріп, бюроны құру туралы ұсыныс жазды.   

Бюроның техникалық кеңес­терінде мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне арналған үйлердің типтері бекітілді. Кли­маттық жағдайға орай, бір жағынан жерасты суы жа­қын болғандықтан үйлерді бір­қабатты етіп салу туралы шешім қабылданды. Бір жина­лыста инженер Ершов «Шығыстық климат жағдайында бірқабатты үйлер ыңғайлы. Американдық миллиардерлер бос жер жоқ болғандықтан, аспанға қа­рай өрлеп бара жатыр, ал Қызыл­ордада 50, 100 жылдан кейін де мұндай мәселе туындамайды» деген уәж айтыпты.

Жоспар бойынша қала ескі және жаңа бөлікке бөлінуі тиіс еді. Жаңа құрылыстар жүріп жатқан бөлікте санитарлық нормалар, қауіпсіздік ережелері ескерілді. Көшелердің ені  кем дегенде 20 сажын, ал тұйықтар 18 сажын болып, екі бетіне тал егілуі, жолы трамвай, ат және моторлы көлік жүретіндей болу керек деген талаптар қойылды.

Көшелерге тас төсел­меген­діктен, қала шаңнан көз ашпайтын еді. Қайта-қайта су сеуіп тұру туралы шешім қабылданғанмен, ол да тапшы. Ақырында үй иелеріне іргелеріне, сауда палат­каларының иелеріне айналасына тас төсеуді міндеттеді. Астана болған алғашқы жылдары қалада монша және азық-түлік жетіспеушілігі жиі орын алатын.

Қаланың айналасындағы 8 кірпіш зауыты үздіксіз жұмыс істеді. Бірақ сырттан тасымалданатын ағаш, цемент, шыны жетіспейтін.  Құрылыс материал­дары құрылыс басына түйемен жеткізілетін.

Сол   1925   жылдың соңына дейін жүрген құрылыс мау­сымындағы қиындықтар өкі­метті тұрғын үйлердің салу құнын арзандатуға мәжбүр етті. Үйлердің жанына салынатын сарай, құдық, басқа да қосымша құрылыстарды ортақ етіп, шаруашылыққа арналған құрылыстарды іргетассыз салу арқылы үнемдеу ұсынылды. Осы­лайша маусым айынан желтоқ­санға дейін 29 ғимарат бой көтерді. Құрылыс комитеті бір жыл   жұ­мыс  істегеннен кейін,  1926 жы­лы оның барлық міндеттері қала­лық коммуналдық комитетке жүктелді. Үш жылдың ішінде 20 млн сомға құрылыс жоспары жасалды.

Қызылорда астана болған жылдары мұнда орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық меке­мелері, ғылыми-зерттеу инс­титуттары өз жұмыстарын бас­тады. «Еңбекші қазақ» (Егемен Қазақстан) «Советская степь» («Казахстанская правда») республикалық газеттері мен басқа да журналдар, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетовтің шығар­малары жарық көрді. Саз бал­шықтан салынған қалада қос қабатты, әсем үлгідегі үйлер сап түзеп, оған сол кездегі мөлшермен есептегенде қыруар қаржы бөлінді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<