Астана – ұлт келбеті, Қызылорда – құт мекені

418

0

Астана – ұлт келбеті, Қызылорда – құт мекені Жер жаралғалы, мына дүние пайда болғалы тарихтың парақ­тарына жазылып келе жатқан ежелгі Сыр өңірінің ежелгі жылнамасын әлі де бұғып, әлі де тұнып жатқан  өз еліміз бен өз халқымыздың көне тарихының алтын қамбасы деп білгеніміз абзал. Кейде асау мінезімен арқырай, кейде сабырсыз күймен сарқырай ағып, кейде сол бір момақан қалпына түсе қалар  қасиетті Сырдарияның суындай сырғыған уақыт тезі мен сынының қилы-қилы кезеңдерінде аты мен атауы өзгеріп тұрғанымен заты өзгермеген бір көне ескерткіш бар.

Ол – осы отырған Сіз бен біздің Қызылордамыз! Ол – Сіз бен біздің алтын ордамыз, тал бесігіміз!

Аңызға толы Сырдың жыры да, сыры да тарихқа айналған кезеңдердің екіғасырлық куәгері де осы – Қызылорда!

Он тоғызыншы ғасырдың 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде қорған ретінде іргетасы қаланған әуелгі Ақмешіт бұл!

Қоқандықтарды қоқаңдатып тұра алмаймыз деген желеумен Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің орыс әскерімен баса кірген, сөйтіп 1853 жылдан бастап Перовск атанған қала бұл!

Несін айтасыз, әйтеуір Ақмешіт аталсын, Перовск деп аталсын Сіз бен біздің Қызылордамызға өткен жиырмасыншы ғасырдың 1925-1929 жылдары Кеңестік Қазақстанның астанасы болу жазған еді! 

Сол 1925 жылдан бері Қызылорда аталып келе жатқан қаламыздың қазіргі көне үйлері мен ескі көшелерінде халқымыздың алып тұлғалары мен Алаш қайраткерлерінің рухы бар, табандарының ізі сайрап жатыр!

Бәлкім, ұлылардан қалған сол рух пен даналар, қайрат­кер­лердің сол іздері бізді әрдайым қол­дап, қанаттандырып, желеп-же­беп, бізді өзіміздің әр дәуір­дің тайғақ кешулері мен небір кезеңдерде салқыны соққан сая­сат­тың үсігіне шалдырмай да, ал­дырмай да елдік те, ерлік те қасие­тімізден адастырмай да, ажырастырмай да алып  келе жатқан болар!

Сол елдігіміздің де, сол ерлігіміздің де куәсіндей болып келе жатқан Қызылорда қаласының екіғасырлық тарихын екі күн айтып тауыса алар ма едік?! Жоқ, әрине!

Екі ғасырдың куәсіндей, екі ғасырдың көзіндей болып сұлу Сырдың жағасында жарасым тауып көз алдымызда күн сайын көркейіп те, кербезденіп те, керіліп те, кеңейіп те,  әлем шаһарларымен теңдесе толысып та, кең тыныстап та жатқан бүгінгі Қызылорданың ендігі бай тарихының жаңа жылнамасы мен жаңа беттерінің өз қалам-сиямызбен жазылып, ен­дігі әр тасының өз қолымызбен қаланып жатқандығына шүкіршілік қыламыз!

Бұл – Тәуелсіздіктің арқасы! Бұл – тәңір Тәуелсіздігінің бүгінгі ұрпаққа тартқан сыйы мен сыбағасы! Енді сол сый мен сол бір мол сыбағаны бізден кейінгі ұрпақтарымызға бұйыртсын деңіз!

Осы бір көңіл ырғағындағы сырымызды бүгінгі еліміздің, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ордасы Астана қаласымен ұштастыра сөйлер болсақ, көңіл шіркіннің кейде Сырдариядай өз арнасына сыймай кететені де болады. Мұндай тасқынды қуаныш әр қазақ баласының жүрегінде бар қуаныш!

Біз бүгінгі күні Қызылорда қаласы өзінің екіғасырлық тари­хының төрт жылында Қазақ­станның астанасы мәртебесі мен өткізгендігін, әрине, мақтаныш етеміз! Бұл мәртебе келер ұрпақ­тарымыз үшін де даңқты болар!

Алайда бүгінгі күні өзінің жиырма жылдығын атап өткелі отырған Астана қаласын жиырмасыншы ғасыр мен жиырма бірінші ғасырдың аласапыранды аумалы-төкпелі кезеңдерінде барша қазақ баласының басы қосылған және де тағдыршешті Елордасы дей келіп, барша қазақ халқы тарихының жаңа беттері мен жаңа шежіресі деп бағалаймыз!

Сіз бен біздің Қызылорда­мыздың екіғасырлық тарихының іргетасының біріне қаланып салынған және әлі де салынып жатқан қазіргі Астана қаласын қазақтың мыңжылдық тарихында болған барлық астаналарының бірегей Ордасы деп танимыз!        

Қазақ баласының тағдыры тағы да тарих сынының алдында тұрған сәтте ел Тәуелсіздігін жариялап, ел астанасын Есілдің бойына әкеліп қондырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Астана – ұлт келбеті» деген бір ауыз сөзінде біздің өткеніміздің сыры да, болашағымыздың танымы да жатқаны бар.  

Бүгінгі Астана біздің халқы­мыздың тарих сахнасынан жойылып кетуінен сақтап тұрар Ұлы Қорғанымыз!

Бүгінгі Астана біздің халқы­мыздың және келер ұрпағымыздың Мәңгілік елінің Астанасы!

Халқымыз өсіп-өркендеп, әлемдік аренадағы абыройымыз асып, мерейіміз таси берсін!

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

сенатор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<