Сапар бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жан-Арай» ЖШС кешеніне барып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесті.
Айта кету керек, облыстың ауыл шаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнімдер соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге дейін артты. Ал, 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың 97% қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін «Агрокарта» әзірленді, оның мақсаты – экспорттың өсуін және өзіндік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Жан-Арай» ЖШС күріш өңдеу және құрама жем зауыттары тәулігіне 150 тонна күріш, 170 тонна ұн өңдейді және 80 тонна құрама жем өндіреді. Кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді.
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордаға жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысының жұмыс сапары бағдарламасы бойынша облыстық көпсалалы балалар ауруханасын, «Жан-Арай» ЖШС кешенін, «Рухани жаңғыру» және Жастар орталығын аралайды, сонымен қатар, Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалдық кешені мен Байқоңыр қаласына барады.





